Түркістан облысының тұрғындары нан өнімдерін көп тұтынады

12 Наурыз, 17:30 691

Түркістан облысының тұрғындары нан мен жарма өнімдерін ең көп тұтынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың ІV тоқсанында жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну көлемі жөніндегі деректерді жариялады. Үй шаруашылықтарының тұтыну шығыстарындағы азық-түлік сатып алуға жұмсалатын шығындарының көлемі қатты өзгермеген, ондағы шығынның ең көп үлесі ет және ет өнімдеріне (17.4%), нан мен жарма өнімдеріне (8%), сондай-ақ, сүт өнімдеріне (5,4%) тиесілі.

Аймақтар арасында жекелеген азық-түлік өнімдерінің тұтынылуын салыстыратын болсақ, нан мен жарма өнімдерін Түркістан облысының тұрғындары ең көп тұтынған – 44,1 кг (тоқсанына жан басына шаққанда), ет және ет өнімдері бойынша Жамбыл облысындағылар – 25,8 кг, балық өнімдерін ШҚО, БҚО және СҚО тұрғындарының дастарханынан жиі табуға болады – бір адамға шаққанда тоқсанына 5,2 кг, көкөністер бойынша Түркістан облысындағылар – 23,8 кг, жемістер алматылықтар арасында – 22,1 кг, ал тәттілер Ұлытау облысында – 14,4 кг көп тұтынылған.

Егер соңғы бес жылдағы деректерді алып қарайтын болсақ, ет пен балықты тұтыну көрсеткіші жыл сайын ІV тоқсанда, ал көкөністер мен жемістерді тұтыну ІІІ тоқсанда көбейетінін байқауға болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: