Түркістан облысының қызметкерлері жоғалған баланың денесін тапты

3 Желтоқсан 2023, 16:18 3870

Түркістан қаласының полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсан күні кешкі уақытта келіп түсті. Жергілікті тұрғын ойнауға шыққан ұлының қайта оралмағанын жеткізген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылды. Аталмыш кішкентай ұл баланың фотосуреті бар бағдарлар БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар көмек көрсетті.

Іздеу барысында жақын маңдағы аумақтарды, тұрғын үйлерді аралау жүргізілді. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала бара алады-ау деген басқа да орындар тексерілді.

Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде, 3 желтоқсан күні түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал мәйіттен зорлық-зомбылық пен қандай да өлім белгілері табылмады.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобының қызметкерлері, полиция департаменті мен прокуратура басшылығы жұмыс жасауда. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, Түркістанда полиция жоғалған баланы іздестіріп жатқаны туралы жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: