Түркістан облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

31 Тамыз, 00:23 576

Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оқу жылына орай өңірде 4 жаңа білім ұясы ашылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде Сабыр Рақымов атындағы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындармен өткен кездесуде осы мектеп мәселесі көтерілген болатын. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жаңа білім ошағынан ел үшін еңбек ететін білімді жастарымыз шыға берсін. Өйткені мемлекеттің дамуы ең алдымен азаматтардың білім, тәрбие, мәдениет деңгейіне байланысты. Сондықтан, кез келген ел әлеуметтік салаға назар аударады. Мемлекет басшымыздың басты талаптарының бірі де осы. Сіздер жақсы білесіздер, бұл салада көптеген қазіргі заманғы мектеп, балабақша, ауруханалар, спорттық ғимараттар тұрғызылуда. Бұл жұмыстар тоқтамайды, - деді аймақ басшысы.

Абаттандырылған мектеп аумағында демалу және серуендеу алаңы, оқушыларға арналған жаттығу залы мен ойын және спорт алаңы орналасқан.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, білім саласында үнемделген 19,4 млрд теңге қаржыға 20 мектеп салынып, 300-ден астам білім ошақтары жөнделуде.

Мұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған. 13 мектептің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі, - делінген мәліметте.

2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның 29-ы биыл пайдалануға беріледі. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады.

Зарина Арман
Бөлісу: