Түркістан облысында «Таза қазақстан» аясында «Таза ауыл» экоакциясы өтті

20 Тамыз, 15:57 423

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облыстық әкімдігінің мәліметінше, сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды.

Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық, - деді ақсақал.

Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды.

Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау - әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау - ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық, - деді ардақты ана.

Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.

Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл - сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: