Түркістан облысында шаруалар субсидиялау жүйесінің кемшін тұстарын атады

13 Мамыр 2023, 06:01 882

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында түрлі салалардағы жергілікті бизнес өкілдерімен кездесіп, шағымдарын тыңдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесуге 20-ға жуық кәсіпкер қатысты. Шаруалар «ГосАгро» субсидиялау жүйесінің кемшілігі, несиелендіру бойынша қиындықтар, суармалы егіншілікке қажетті судың тапшылығы мен жер телімдеріне қатысты мәселелерді көтерді.

Жетісай ауданы бойынша Мақта өсірушілер қауымдастығының төрайымы Байтанаева Набаткүл мақта дақылын өсірумен айналысатын диқандардың жанайқайын жеткізді.

ЕГИСС жүйесінде техникалық проблемалар бар. Отбасымызбен 5 га ғана жеріміз бар, бірақ егістік алқабының картасынан оны толық көре алмай отырмыз. Картада тек 1,5 га жерімізді көрсетеді. Салдарынан субсидияны өзімізге тиесілі мөлшерден аз аламыз. Жаңа жүйе толыққанды дұрыс жұмыс істемейді. Бірінші кезекте бізге минералды тыңайтқыштар керек. Егер тыңайтқыштарға субсидияны қазір алмасақ, кеш болып кетеді, – деді кәсіпкер.

Елімізде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері үшін өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландырудың бағдарламасы іске қосылған. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің құрылымын одан әрі әртараптандыруға, қайта бөлудің жоғары деңгейдегі тауарларын өндіруді қолдау мен ынталандыруға бағытталған. Алайда кәсіпкерлер жоба аясында несие ала алмай отырғанын айтты.

Жиһаз өндірумен айналысатын өндіріс орны ретінде жобамызға қаржыландыру ала алмай отырмыз. Кредит алу үшін Индустрияландыру картасына кіретін жобалар ғана қатыса алады. Ол тізімге ену үшін жаңа өндіріс орны керек. Біз 5 га жерде жиһаз шығарып отырып, ол тізімге ене алмай отырмыз, – деді «Grand miks» ЖШС директоры м.а Камалжан Юлдашев.

Ал «Согдиана» ЖШС директоры Дильдар Хабибова Түркістан облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы аясында қызмет ететін балабақшаларда балалардың болу уақыты қысқарғанын айтты. Кәсіпкер білім саласы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасын Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды. Себебі облыс әкімдігі қаржыны үнемдеу арқылы кәсіпкерлерге кесірін тигізіп жатқанын жеткізді.

Мәжіліс депутаты мәселені шешу үшін облыс әкімдігіне ұсыныстарын жолдайтынын айтты.

Берік Арманов
Бөлісу: