Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді

20 Қыркүйек, 07:38 457
Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйел отырған көліктің перзентханаға жедел жетуін қамтамасыз етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сайрам ауданы Ақсукент ауылында түнгі кезекшілікте рейд жүргізген патрульдік полиция қызметкерлері жылдамдықты асырып келе жатқан Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан.
Тәртіп сақшысы жүргізушіден мән-жайды анықтамақ болған кезде ер адам көлікте жұбайының толғағы қысып, перзентханаға асығып бара жатқанын айтқан. Патрульдік полиция тобының инспекторлары Шамсуддин Нажмеддинов пен Хамракул Гаипназаров босанғалы отырған әйелді перзентханаға жылдам әрі кедергісіз жетуін қамтамасыз еткен. Яғни, полицейлер қызметтік көліктің жарқыраған шамдарын қосып, толғағы қысқан әйел отырған көлікті ілесіп жүру арқылы перзентханаға дейін алып барған. 
Айта кетейік, жүкті әйел оқиға болған күні аман-есен босанып, ұл баланы дүниеге алып келген.
 
 
Перизат Саденова
Бөлісу: