Түркістан облысында екпе алмаған 15 бала қызылша жұқтырды

30 Наурыз 2023, 17:56 2013
Түркістан облысында жыл басынан бері қызылшаға күдікпен 16 жағдай тіркелді, оның 15-і зертханалық дәлелденген. Қызылша ауруына шалдыққандардың негізгі бөлігі – балалар, олар Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Науқас балалар бұған дейін қызылшаға қарсы екпе алмаған. Науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар медициналық бақылауға алынған.
 
Облыстың Денсаулық сақтау, Адами әлеуетті дамыту басқармаларымен бірлесіп, қызылшаға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары жасалды. Мониторингтік топтар құрылды. Тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіліп, БАҚ арқылы сұхбаттар ұйымдастырылды. Жалпы халықпен күшейтілген ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.
 
Эпидемияның алдын алу мақсатында қызылшаға қарсы екпе алмаған өңір тұрғындарын екпе алуға шақырамыз. 17 жасқа дейінгі бала қандай да бір себептермен егілмеген болса, жергілікті емханаларда қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алу ұсынылады. Вакцинация тегін. БМСД-нің №1 қаулысына сәйкес, науқаспен байланыста болған, сондай-ақ жасы отызға толмаған азаматтар қызылшаға қарсы екпе алуы тиіс.
 
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында эпиджағдайдың нашарлауын болдырмау үшін санитариялық-эпидемиологиялық шараларды (қызылшаға қарсы қарсы екпе алу, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау, алғашқы симптомдар пайда болған кезде дәрігерге қаралу, халық көп шоғырланған орындарда маска тағу ұсынылады) жүргізу және сақтық шараларын ұстану қажет.
 
Ауыр жағдайларда қызылша бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке әкелуі мүмкін.
EL.KZ
Бөлісу: