Түркістан облысында екі ауылдағы малдан құтыру ауруы анықталды

17 Сәуір, 07:23 899

Түркістан облысы  Қазығұрт ауданында екі ауылда төрт түліктен қауіпті құтыру ауруы анықталды. Жаңабазар мен Қарабастау ауылдарындағы жылқы, сиыр мен қойдан жұқпалы ауру тарап, мамандар малдың етін жеп, сүтін ішуге тыйым салып отыр. Енді ауылдағы төрт түлік пен ит-мысыққа да түгел құтыруға қарсы вакцина салынатын болды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Тау бөктерінде орналасқан ауылдарда қорадағы қойларға қасқыр шапқан. Осыдан кейін төрт түлік өзіне тән емес мінез көрсете бастапты. Жылқы өз иесін тістеп, тепкілей берген соң мамандар мал миын зертханаға жіберген. Оның қорытындысы бойынша малдың жұқпалы ауруға шалдыққаны анықталған. Ал Қарабастау ауылындағы сиыр өзге мал мен адамдарға шапқан соң құтыруға ұшырады деген күдік расталған. Осыдан кейін ветеринарлар 41 мың шаршы метр аумақтағы 1892 сиыр, 3 мыңнан астам қой-ешкі, 209 жылқыны оқшаулаған.

Мамандар қос ауылдағы 67 ит пен 41 мысықты да бақылауға алған. 

Шектеу қойылған соң, малдарды базарға сата алмайды, басқа елдімекенге жая алмайды. Екі ай мерзімге шектеу қойып жатырмыз. Қорасынан шығарылмайды, енді өзінің жайылымында жайылуға болады. Бірақ басқа малмен араласпайды. Екі ай шектеу мерзімінде жаңағы іс-шаралардың бәрін жүргізгеннен кейін ешқандай ауру белгілері анықталмаса, екі айдан кейін біз шектеуді алып тастау бойынша ауыл әкіміне ұсыныс беремін. Оны алып тастағаннан кейін сүтін де, етін де жей беруге болады,-деді Қазығұрт ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Әсет Бектаев.

Зарина Арман
Бөлісу: