Түркістан облысында дүкен кассасындағы бар ақшаны ұрлап кеткен күдікті ұсталды

3 Ақпан, 07:04 1013

Түркістан облысы Жетісай ауданында жас жігіт азық-түлік дүкен кассасындағы бар ақшаны үптеп кеткен. Онымен қоймай күдікті азық-түлік, сондай-ақ шамамен 40 мың теңгенің өзге де тауарларын қолды еткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, түнгі сағат 03:00 шамасында белгісіз біреу оның дүкеніне кіріп, азық-түлікті, кассада тұрған 1 миллионнан астам ақшасы мен құны 394200 теңге болатын әртүрлі заттарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі - 1,5 миллионға жуық.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарына кірісіп, нәтижесінде жергілікті 30 жастағы жұмыссыз тұрғын бейнебақылау камерасы арқылы анықталды. Белгілі болғандай, күдікті ер адам мас халде болған. Ол жол бойында орналасқан дүкеннің пластик есігін күшпен ашып кірген. Содан бөтеннің мүлкін ұрлап, қажеттілік үшін бас пайдасына жаратып жіберген.

Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілу үстінде.

Оқи отырыңыз: 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: