Түркістан облысында 15 адам қызылша жұқтырған

31 Наурыз 2023, 14:05 1172

Түркістан облысында жыл басынан бері қызылшаға күдікпен 16 жағдай тіркелді. Оның 15-і зертханалық дәлелденген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қызылша ауруына шалдыққандардың негізгі бөлігі – балалар. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары.

Мамандардың сөзінше науқас балалар бұған дейін қызылшаға қарсы екпе алмаған. Қазіргі таңда науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындар медициналық бақылауға алынған.

«Эпидемияның алдын алу мақсатында қызылшаға қарсы екпе алмаған өңір тұрғындарын екпе алуға шақырамыз. 17 жасқа дейінгі бала қандай да бір себептермен егілмеген болса, жергілікті емханаларда қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алу ұсынылады. Вакцинация тегін» - делінген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комиетіт таратқан ақпаратта.

Қазіргі кезде облыстың қоғамдық денсаулық, адами әлеуетті дамыту басқармаларымен бірлесіп, қызылшаға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары жасалған. Мониторингтік топтар құрылып, тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы халықпен күшейтілген ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында эпиджағдайдың нашарлауын болдырмау үшін санитариялық-эпидемиологиялық шараларды жүргізу және сақтық шараларын ұстану бағытында жұмыстар күшейтілген.

EL.KZ
Бөлісу: