Түркістан облысынан қаңлы мәдениетіне тиесілі жәдігерлер табылды

3 Қыркүйек, 02:39 468

Орталық музейдің археология бөлімінің мамандары Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылы маңында орналасқан археологиялық ескерткіште далалық зерттеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зерттеу объектісі Қызылкөл тарихи-мәдени нысанда орналасқан Ғибадатхана және екі қорған болды. Нәтижесінде, қаңлы мәдениетіне қатысты, б.з.д. ІІ ғасырға жататын бірегей артефактілер табылды.

Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен т.б. еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме фрагменттері алынды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым (курильница) ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылды.

Ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетсе, тас құралдар егіншіліктің, атап айтқанда, егін жинаудың дамығанын көрсетеді.

Орталық музей археологтары Қазақстанның көне тарихының жаңа парақтарын аша отырып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарда архологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Зарина Арман
Бөлісу: