Бұл туралы Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қыркүйек айының 13-14 күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Республикалық «Түркістан дауысы-2023» жас орындаушылар байқауы өтеді. Байқаудың мақсаты – шығармашыл әрі дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, халықаралық мәдени байланысты нығайту, қазақ әндерін насихаттау. Түркістанда биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған ән додасында еліміздің барлық өңірінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы ән орындаушылар, республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен 16 үміткер бақ сынайтын болады. Барлық өнерсүйер қауымды екі күнге жалғасатын байқауымызды тамашалауға шақырамыз, - деді басқарма басшысы.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, байқау шартына сәйкес, қатысушылар екі музыкалық шығарманы орындайтын болады. Тарқатып айтсақ, Қазақстанның танымал композиторларының әні мен өз таңдауы бойынша бір әнді вокалды инструментальды немесе ансамбльдің сүймелдеуімен орындайды. Байқауға Астана, Алматы және Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Абай және Түркістан облысы мен Түркістан қаласынан өнерпаздар қатысады.
Сонымен қатар, брифингте қазылар алқасының мүшелері әнші Бауыржан Исаев пен «Орда» тобының солисі Дастан Оразбеков бұл ән додасының Түркістан қаласында өтіп жатқандығының ерекшелігіне тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетсек, байқау жеңімпаздарына Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен арнайы жүлделер, ынталандыру сыйлықтары табысталады. Өнер сайысында елімізге танымал мәдениет саласының үздіктерімен қатар эстрада жұлдыздары қазылық етеді.