Түркілер Халифат жеріне тұтқын болып барып хандық құрған

9 Қараша 2022, 13:06 3862

IX-X ғасырларда Мысыр жерiндегi Тулун мемлекетi де түркi мемлекеттерiнiң бiрi саналады

Іс жүзінде түркi нәсіліне ерекше назар аудару құбылысы Халифат құрылғаннан бастау алады. VII ғасырда мұсылман қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнiң Түркiстанның оңтүстiгiндегi жерлердi, арабша Мауараннахрды – Джейхун және Сейхун өзендерiнiң қауызындағы жерлердi жаулап алған заманында  түркi тұтқындары мұсылман билеушiлерiнiң сарайларында бой көрсете бастайды.

Түркiлер «сенiмдiлiгiне, батырлығына, тұрқының әдемiлiгiне» қарай үлкен сұранысқа ие болады. Халифат астанасы Бағдатта түркілердің билiк басына келуiне жол ашқан алғышарттар шамамен 300 жылдан соң Мысырда да қалыптасады. Алайда бұл аралықтың өзiнде осы аймақтағы iрiлi-ұсақты саяси мәселелер түркiлердiң қатысуынсыз шешiлмейтiн.

Қутайба ибн Муслим жас түркі жауынгерлерінен арнайы әскери бөлімше құрған мұсылман қолбасшы болып табылады.

Қутайба ибн Муслим әл-Баһили  (669-715) - Омейяд халифтері кезіндегі ірі қолбасшы. 704 жылы Хорасан уәлиі болып тағайындалады. Түркістанды жаулап алуда үлкен белсенділік танытады. 708-714 жылдар арасында Бұқара, Хорезм, Самарқанд, Шаш қалаларын басып алып, Ферғана өңіріне аяқ басады. Мексиканы басып алып, ацтек өркениетін жойған Эрнан Кортес секілді Қутайба үшін басқа діндегілердің құны көк тиын болатын. Қутайба түркі тұрғындарды аяусыз қырған, ақсүйектерін қорлап, кісендеп айдаған. Иман келтіріп мұсылман дінін қабылдаудан бас тартқан тұтқындағы 4 мың түркі жауынгерінің бастарын шапқызып қанішер атағы шығады.

715 жылы жаңа халифа Сулейманға бағынудан бас тартқаны үшін өзінің маңындағылардың қолынан 48 жасында қаза табады. Қатігездігіне қарамастан әскер арасында ерекше беделді болған, бірақ мұсылман әскері де басқа ұлттардан тұратын әскер де шешуші кезде оны тастап кетеді. Тек өзі бағындырған аудандардың, негізінен түркілердің ақсүйек отбасы ұлдарынан құрылған құралайды көзге атқан мергендер тобы ғана оның өмірінің аяғына дейін қалады. Осы текетірес кезінде Қутайбаға қаңғыған садақ оғы тиіп қаза табады. Сол кездің дәстүрі бойынша басы шабылып, халифаға жолданады.          Түркілерден әскер жасақ құрған екінші тұлға халифаның өзі болады. Аббас әулетiнен шыққан Бағдат халифасы әл-Муғтасим (833-842) Мауараннахр – Өзеннiң ар жағындағы жерлерден – Самарқан, Хорезм, Шаш құл базарларында сатып алынған түркiлерден арнайы үлкен әскери топ құрған алғашқы билеушi саналады. Анасы түркі осы халифа таққа отырмай тұрғанда көп қаржысын алдымен Бағдат қаласында құлдықта жүрген түркілерді сатып алуға жұмсайды. Ал билік басына келгенде, ортағасырлық тарихшылардың көрсетуi бойынша, Сейхун (Сырдария) өзенiнiң ар жағындағы жерлерден әкелiнген түркілердiң саны бiрнеше түменге жеткен.

Халифа өзiнiң түркiлерден құралған жасағын жақсы киiндiрiп, оларға қала iшiнде атпен жүруге рұқсат бередi. Бағдаттың тар көшелерiнде салт атты түркілер тұрғын халықты аттың сауырына алып, қысым көрсетедi. Олар үшiн қисық-қисық Бағдат көшелерi тарлық жасайды. Түркiлер мен тұрғын халық арасында жаулық етек ала бастаған соң, халифа Бағдаттың iргесiнен жаңа қала соғып, сол жерге түркiлерді орналастырады. Қаланың атын Самарра деп атайды. Самарра – араб тіліндегі сурра ман раа деген сөйлемнiң ауызекi тiлде қысқарған түрi, қазақ тіліне көрген адам қуанған деп аударылады. Түркiлердің саптама етiктерiнiң табаны тиген, адам көрсе қуанатын осы көркем қаланың Шығыршық мұнарасы осы күндерге дейiн жеткен.

Сонымен, «Қос қылыш бiр қынға сыймайды» деп айтылғандай, анасы түркі халифаның түркi жауынгерлерiне арқа сүйеуiне сол кезде үкiмет пен әскер басшылығындағы арабтар мен парсылар арасындағы ашық та жасырын бәсекелестік басты себеп едi.

Сөз орайы келіп тұрғандықтан айта кетейін, Араб халифаты деген атау қате. Бұл атауды кеңестік шығыстану ғалымдары ғылыми айналысқа кіргізген. Тіпті араб ұлтшылдарының өздері «Халифатты» олай атауға ауыздары бармаған, себебі оның ресми атауы - әл-Хилафа әл-исламия, яғни Ислам халифаты. Іс жүзінде шариғатқа негізделген Ислам халифаты 622 жылы құрылып, оның байрағы 12591517 жыл аралығында қыпшақ мәмлүктердің қолында, 1514 жылдан 1924 жылға дейін Осман сұлтандарының қолында болды. Егер бастапқы халифатты Араб халифаты деп атасақ, онда одан кейінгісін Қыпшақ халифаты, одан соң Османлы Түрік халифаты деуге тура келер еді.

Бағдат шаһары - алып мұсылман мемлекетінің астанасы, түрлі ұлттар тұратын аудандардан құрылған ірі мегаполис еді. Мұсылман үмбеті түрлі тілдерде, оның ішінде араб, парсы және түркі тілдерінде сөйлеген, бірақ оларды біріктірген - ортақ дін. Тарихшы Абу Шама: «Арабтың менмендігі мен парсының билік құмарлығынан таза, жастай әкелініп, арнайы әскери тәрбиеден өткен түркілердің Халифаттың саяси өміріндегі орындары күннен-күнге күшейіп, олар көп ұзамай мемлекетті басқару ісіне араласа бастайды. 861 жылы халифа әл-Мутауаккил өлген соң, Халифаттағы билік түркілердің қолына біржолата көшеді. Халифалар олардың қолында тұтқын секілді еді. Олар халифаны қажет деп тапса, тақта қалдыратын, қажет деп таппаса, тақтан түсіретін немесе өлтіретін», – деп жазады.

Көзі тірі итальяндық шығыстанушы Ф. Кардини бұл жөнінде: «Ислам әлеміндегі гегемония арабтардан түркілерге көшкен еді. Араб тілі ислам дінінің қасиетті тілі ретінде қала берді, бірақ кейбір функцияларын парсы тіліне беруге мәжбүр болды. Құнарлы жерлердегі қалаларда тұратын саны шектеулі арабтар мен көшпелі тайпалар есепке алынбайтын. «Араб» сөзі «бәдеуи» сөзінің синониміне айналған еді», – деп көрсетеді.

Мысырда түркілер өздерiнiң тәуелсiз мемлекеттерiн құрмастан көп уақыт бұрын саяси сахнаға шығады. Мысыр ол кезде халифаттың бiр бөлiгi саналатын. Жақия ибн Дәуiт деген түркi Мысырды 778-780 жылдары халифаның уәлиi ретiнде билеген. Сол кезден бастап Мысырды түркiлер билей бастағаны тарихтан белгiлi. Осы жерлерде орналасқан әскерлер түркiлерден құралып, уәлилер солардың қатарынан сайланатын дәстүр қалыптасады.

IX-X ғасырларда Мысыр жерiндегi Тулун мемлекетi де түркi мемлекеттерiнiң бiрi саналады. Тулун Бұқара билеушісі 850 жылы Бағдат халифасы Мамунға сыйға тартқан түркiлердiң бiрi едi. Ол өзiнiң ерекше қабiлеттерiнiң арқасында халифаны күзететiн топтың басшылығына дейiн көтерiледi. Ол баласы Ахмад ибн Тулунның 868 жылы Мысырға уәли мансабына тағайындалуына көмектеседi. Уақыт өте келе орталықтан iргесiн аулақ салып, оңаша билiк құруға бел байлаған Ибн Тулун әскер жасақтау iсiне ерекше мән бередi, түркiлердi көптеп сатып алып, мемлекеттi басқару iсiнде соларға арқа сүйейдi. Ортағасырлық тарихшылар Ибн Тулунның әскерiндегi түркiлердің саны 24 мың, зәңгiлер 40 мың, ал бастары азат жалдамалы бәдеуи әскерiнiң саны 7 мың деп көрсетедi. Ал Ибн Йиас билеушi Ибн Тулун әскерiндегi тек түркiлердiң саны 24 мың дейдi.

Тулун мемлекетiнiң iзiнше дүниеге келген, 971 жылға дейiн билiк құрған түркi Ихшидтер әулетi де өз әскерiнде 8 мың түркi жауынгер ұстаған. Олар сұлтанның жеке күзет қызметiн атқарып, сұлтан ұйқыға кеткенде, оны әр түнi мың түркі кiрпiк қақпай күзетедi екен.

Сонымен, Тулун мен Ихшид әулеттерiнен соң Мысырда билiкке келген Фатима бибi әулетiнiң тұсында да түркiлер билеушiлердiң ерекше сенiмiне кiрген әскери топ болып қала бередi. Мысалы, Банжутегiн Мысырдағы әскердiң қолбасшысы, кейiн Шам иелiктерiнiң уәлиi қызметiн атқарған атақты түркi ұланы.

Египеттегi шиит-мұсылмандар билiгi, яғни Фатима бибi әулетi 1171 жылдың мухаррам айында тарих сахнасынан бiржолата шығады. Олардың орнын кресшiлерге қарсы соғыстарда аты шыққан Салах ад-Дин Аюби мемлекетi басады. Оның да әскерiнiң ең таңдаулы, қадiрлi бөлiгi түркiлерден тұрғаны тарихи факт. Сол себептi христиан патшаларының крест жорықтарына қатысқан еуропалық жылнамашы-тарихшылар Салах ад-Дин әскерiн көп жағдайда түркiлер, түркi әскерi деп дұрыс көрсетiп отырған. Каир қаласының төрiнде орналасқан Салах ад-Дин қамалы деп аталатын бекiнiстi Қарақұш деген түркi бегі салдырған. Сонымен, Салах ад-Дин және оның ұрпақтарының мемлекетi 79 жыл өмiр сүреді.

Бөтен этникалық, лингвистикалық ортада түркi құлдарының есiк алды қызметшiлер ретiнде жүрiп, қалайша мемлекеттiк басқару тетіктеріне қол жеткізе алғандығын 1058 жылы дүниеден өткен Ибн Хасул деген түркiшiл, асылында реалист тарихшы, өзiнiң «Китаб тафдил әл-атрак ала саир әл-аджнад» (Түркiлердiң басқа ұлт жауынгерлерiнен артықшылығы туралы кiтап) атты шығармасында жан-жақты негiздеп бередi.

Осы тарихшының сөзiне қарағанда, ислам әлемiне соғыс тұтқындары немесе құл ретiнде сатылып әкелiнген түркiлер: «Iшер аста, киер киiмде, мiнер атында иесiмен тең жүрмесе, ырза болмайтын. Басқа сатылып алынған құлдар мен тұтқынға түскендер секiлдi жер сыпыру, жылқы күту және т.б. сол секiлдi өздерi iстеуге ұят санаған жұмыстарды мүлдем iстемейтiн. Ал бас бостандығын алған түркiлер әскери қызметке алынған соң әскербасы, топ басы, басқа да бұйрық беретiн, басқаратын жұмыстарға ұмтылатын, басқа iстердi қабыл алмайтын».

Құлдан туған нағыз құл саналған, ал түркі – азат отбасыда өмiрге келiп, кейiн тағдыр тәлкегiне ұшырап тұтқынға түскен немесе жастай құл базарында сатылған бозбала. Құл аталғанымен, құлдық психологияны бойына сiңiрмеген, дарытпаған ерiксiз. Мәмлүк сөзiнiң асқақтағаны соншалық, сол ортадан шыққан сұлтандар өздерiнiң титулдарына оны мақтанышпен қосып жазатын. Әлем халықтарының тарихында құл деген сөздi құрметтi ұғымға, керек десеңiз екiнiң бiрi қолдана алмайтын биiк титулға айналдырған түркiлер ғана, шамасы! 

Мысалы, сұлтан Байбарыстың, кейiн Қалауынның жеке хатшысы қызметiн атқарған Ибн Абдузахир шығармаларында өзiн кiшi мәмлүк деп көрсетедi. Заманының озық ойлы оқымыстысы, кейiн атақты тарихшы санатына қосылған бiлiмдар, өзiн мәмлүк деп аузын толтырып атауға дәтi бармаған, иесiмен түркiше сөйлесiп, өзiн мәмлүктiкке кандидат, кiшi мәмлүк санаған.

 Сондықтан, ағылшын шығыстанушысы А.Митз «Мәмлүктер - құлдардың ақсүйектерi», – деп айтқан.

Әрине, мәмлүктердiң арасында сол заманның тарих сахнасында көрiнген түрлі халықтардың өкiлдерi жүрдi. Бiрақ мәмлүк сөзiнiң бастапқы құл деген мағынасын билеуші деген түсінікке өзгерткен түркiлер, оның iшiнде қыпшақтар едi.         Ортағасырлық барлық тарихшылар түркілердiң отандары: «Қара теңiзден Хазар (Каспий) теңiзi арқылы Түркiстанға созылған Қыпшақ жерi», – деп көрсетедi. Тарихшы әл-Қалқашанди (1418 ж.қ.б.): «Қысы қатты, жазы ыстық, суы аз, жайылымдары жұтаң жерлерде тұрып жатқан түркiлер күн көру үшiн өздерiнiң балаларын, ұл-қыздарын құлдыққа сатады. Дiндi ұстанбайды. Соған қарамастан түркiлердiң iшiндегi нәсiлi, сөзге берiктiгi, адалдығы, сатқындыққа бармайтыны және батырлығы жағынан ең артықтары. Мысыр жерiндегi патшалар, бектер, негiзiнен, солардан шыққан. Жасақтың негiзiн солар құрайды», – деп жазады.

Тарихтан Қырым жағалауларында орналасқан қалалар, оның iшiнде Азау теңiзiнiң жағасында орын тепкен Каффа, Мауараннахрдың Шаш, Хорезм, Самарқанд қалаларының түркi тектес құлдар сатылатын орталықтар ретiнде аты шыққандығы белгiлi.

Жалпы алғанда, құл базарларында сатылатын әртүрлi ұлттардың өкiлдерiмен салыстырғанда түркi, оның iшiнде қыпшақтарға сұраныс көп, сондықтан олардың құны да басқалармен салыстырғанда жоғары екендiгiне назар аударайық. Яғни құл базарларында қыпшақ жастары сирек ұшырасқандықтан және сапасына орай олар ерекше сұранысқа ие болғандығы көрiнiп тұр.

Мысалы, үш құл сатып алуға жететiн қаржыға екі қыпшақ бозбаласын ала алмайтын. Оның себебi – қыпшақтар ат құлағында ойнаған шабандоз, садақтан құралайды көзге атқан мерген, шебер найзагер, ашықса да сыр бермейтiн, ыстыққа да, суыққа да төзiмдi және басқа да көшпелiлерге тән адалдық, сөзге берiктiк секiлдi жақсы қасиеттердi бойына сiңiрген, басқа ұлт өкiлдерiмен салыстырғанда әскери қызметке дайын және бейiм жауынгерлер едi. Оның үстiне түркi ұлтының төңiрегiнде айтылатын әртүрлi аңыз әңгiмелер де олардың имиджiн мифтiк деңгейге дейiн көтердi. 

Түркiлер мұсылман қоғамында ешқашан өздерiнiң дәрежелерінен төмен жұмысқа не iске бармағандықтан, олардың тектiлiгi, мықтылығы туралы аңыз-әңгiмелер кеңінен тарап, Ұлы Дала ұландарының айрықша болмысы төңiрегiнде ерекше түсiнiк қалыптасады. Аббасид халифалары кезiнде түркiлер, өздерiнiң санының аздығына, көбiнесе құл ретiнде әкелiнгендiктерiне қарамастан, мұсылман қоғамындағы маңызды ұлттардың қатарына кіреді. Сондықтан түркiлерден құралған әскерлер мен түркiлерден тұратын әскербасылар Халифаттың иерархиясында өздерiне лайық орын алады. Халифа оларды әртүрлi ұлттардан құралған Халифаттың түрлi түкпірлеріндегі тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстарды басу үшiн де қолданады. Осыған байланысты олардың мемлекеттi басқару iсiндегi рөлдерi артып, олардың қатарынан уәзiрлер, уәлилер және тағы басқа да жоғары лауазым иелерi шыға бастайды. Сол себептi кез келген империялар секiлдi Халифат та ыдырағанда, одан бөлiнiп шыққан әмiрлiктердiң басында, негiзiнен, түркiлер тұрады.

Бiр уағыз айтушының айтқан сөзi тарихи шығармалар бетiнде жазылып, бiзге жеткен. Онда: «Мәмлүктер тастан қашалған емес, ағаштан жасалған емес. Олардың иелерiнен алты талап бар. Олар мәмлүктерiне жеткiлiктi iшiп-жем, жөндi лыпа берiп, күшi жетпейтiн жұмысты жүктемеуi, тәрбиелеу үшiн қажет болмаса, ұрып-соқпауы, арам iске итермелемеуi және намаз оқуына кедергi жасамауы керек. Ал мәмлүк иесiнiң айтқанын орындауға, қиянат жасамауға, иесiнiң қайғы-қуанышына ортақтасуға, иесi үшiн аянбауға, өнерi мен қабiлетiн жасырмауға мiндеттi. Мәмлүк иесiнiң айтқандарына қарсы келмей тiлiн алуға, оның дүние-мүлкiн, қаржысын иесiнiң келiсiмiнсiз иеленбеуге мiндеттi», – деп көрсетедi ол. Көрiп отырғанымыздай, иесi мен мәмлүк арасындағы қарым-қатынастар дiни-моральдық шектеулер арқылы реттелiп отырған. Мұның өзi түркілердiң қабiлеттерiне қарай тез бас бостандықтарын алуға мүмкiншiлiк туғызған.

1250 жылы билiк басына ұзақ мерзiмге қыпшақтар бастаған түркiлер келедi. Қыпшақтар құрған мемлекет ортағасырлық тарихнамада Түркi мемлекетi деп аталады.

Қайрат Сәки
Бөлісу: