Туризм және спорт министрлігінің ұжымы Жібек жолы ауылында сенбілікке қатысты

14 Сәуір, 02:35 640

Туризм және спорт министрлігінің ұжымы сенбілікке шығып, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрлік пен бағынысты ұйымдардың 300-ден астам қызметкері еріктілер, «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, спортшылар, туризм саласының өкілдері және жергілікті тұрғындармен бірлесіп өзен жағасын нығайту, бөгеттер салу және ауылдың негізгі көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілікке 2 жүк тиегіш, 3 самосвал көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ ауылдан 90 текше метр тұрмыстық қоқыс шығарылды және жалпы ұзындығы 2 шақырымға жететін 5 мыңнан астам қап төселді. Министрлік өкілдерінің арасында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Министрдің орынбасарлары Ержан Еркінбаев пен Серік Жарасбаев, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұртас Кәріпбаев болды.

Сенбілік үшін бұл елді мекен тектен тек таңдалып алынған жоқ. Дәл қазіргі уақытта Жібек жолы ауылын су басу қаупі төніп тұр. Мұнда сақтық шаралары барынша қатаң түрде жүргізіліп жатыр. Бұған министрлік ұжымы да айтарлықтай атсалысты. Сенбілікке қатысқандар бірнеше топқа бөлініп, құмнан бөгет тұрғызды, - деді Ермек Маржықпаев.

Перизат Саденова
Бөлісу: