Туризм және спорт министрлігі Ақмола облысының қысқы спорттағы мүмкіндігінен үміт күтетінін атады

2 Наурыз, 17:41 782

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өңірдегі спорт, туризм саласындағы нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министр ең алдымен жуырда ғана Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде ашылған Халықаралық спорт кешеніне барды. Аталған спорт кешені халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі ірі спорт іс-шараларын өткізе алатын солтүстік өңірдегі жалғыз бірегей кешен. Мұнда спортшылар мен студенттер бұқаралық дене шынықтырумен айналысып, әртүрлі деңгейдегі оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады. Сонымен қатар бұл спорт нысанында 21 спорт түрінен халықаралық жарыстардың болашақ чемпиондарын спорттық даярлауға барлық жағдай жасалған.

Бұдан әрі Ермек Маржықпаев Бурабай ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы «Atyrau Avenue» демалыс кешені мен Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының жұмысымен танысты.

Аталған демалыс кешенінде туристер үшін барлық жағдай жасалған. Аумақта жалпы сыйымдылығы 64 қонаққа арналған қонақ үй бар. Сонымен қатар, кешен аумағында музей салу жоспарлануда.

Олимпиадаға даярлау орталығында қысқы спорттың 10 түрі бойынша (биатлон, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғымен секіру, мәнерлеп сырғанау, фристайл могул, фристайл акробатика, шорт-трек) оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік бар.

Министрлік алдында спортты дамыту мен ілгерілету бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады. Ақмола облысында қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы жұмыс істейді. Мұнда спортшыларымыздың шеберліктерін арттыруға толық жағдай жасалған. Мәселен, былтыр биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Сондай-ақ елімізде шаңғы спорты тарихында алғаш рет шаңғы роллерінен Әлем кубогінің кезеңі ұйымдастырылды. Орталық базасында шаңғымен тұғырдан секіруші Илья Мизерных, шорт-трекшілер Алина Әжғалиева мен Полина Омельчук, конькимен жүгірушілер әпкелі-сіңлілі Шумаковалар, Дарья Гаврилова, Мария Деген өз шеберліктерін шыңдауда, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Сапар соңында Ермек Маржықпаев жергілікті спортшылар және туризм өкілдерімен кездесіп, Ақмола облысындағы осы салаларды дамытудың жай-күйімен танысты.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: