Туризм: "Қазақстанда қыс мезгілінде қайда демалуға болады?"

3 Қаңтар, 18:00 1745

Туризм – әлемдегі күшті қарқынмен дамып келе жатқан салалардың бірі. Оған қоса, жаһан мемлекеттерінің экономикасына үлкен пайдасын тигізіп отқан қозғаушы күш. Мысалы, БҰҰ-ның ресми статистикасына сүйенсек, биыл АҚШ туризм саласы бойынша ең көп пайда тапқан мемлекет атанды. Олар 2023 жылы демалушылардың қалың қалтасының арқасында қазынасын 70,2 миллиард долларға байыта түскен. Ал біздің елдегі статистикаға қандай? El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Қазақстан туризм саласы бойынша әлемдік рейтингте 117 елдің ішінде 66 орында тұр. Салыстырмалы түрде 2019 жылы еліміз дәл осы тізімде небәрі 80 орында болған. Бұл дегеніміз, адымды қарыштап баспасақ та, аталған салада алға ілгерілеу бар екенін білдіреді.

Мысалы, ҚР Туризм және спорт министрлігі ұсынған сандарды сөйлетсек, былтыр 3 млннан астам қазақстандық шетелге ақшасын құртпай, ел ішінде саяхат жасаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 400 мыңға адамға көп. Ал, туризмнің дамуы қайдан байқалады десеңіз, бұл әрине – қысқы туризм. Себебі, еліміздің орналасқан географилық мекені қысқы туризмнің дамуына өте қолайлы. Қазақстан таулы аймақтарының қысы ұзақ, қары жұмсақ. Соңғы кезде шетелдіктерді де қызықтырып жатқан жайт осы.

Егер, сіз бұл ақпараттарды білмеген болсаңыз, онда сіздің назарыңызға қыс мезгілінде Қазақстанның қандай қалаларында демалуға болатынын ұсынамыз.

Алматы облысы

Алматы – тау демалысын өткізуге таптырмас өлке. Мұнда шекара асып келген шетелдіктер тек белсенді демалысты өткізу үшін ғана емес, тұмса табиғатты тамашалауға келеді.

Алматыға барсаңыз, «Шымбұлаққа» шықпай кетпегеніңіз жөн. Өйткені, бұл жер Алатаудағы ең танымал демалыс орындарының бірі.


© Pixabay.com

Шымбұлақ жолдары әлемдегі ең күрделі трассалар қатарына кіреді. 2260 метр биіктікте орналасқан демалыс орнында тауға тамсанып, шаңғы сыйлар жылдамдықпен бойыңызды сергітіп қана қоймай, қыстың күні де күнге қыздырынып қуаттанып қайтуға болады.

Шымбұлаққа туристер төрт түрлі жолмен көтеріле алады: екі қосорынды, бір бірорынды, бір ілмекті арқанжол арқылы. Сонымен қатар, тегін қолдануға болатын көтергіш құралдар қарастырылған. Демалыс орнының маңында дәмханалар, жоғары талғамды мейрамханалар мен тынығуға арналған үйшіктер көп.

Оған қоса, Алматыда аумағында орналасқан Талғар шатқалындағы тау-шаңғы курортында түрлі күрделіліктегі трассалардан бөлек, қоршаған табиғат кереметін тамашалауға болатын гондолды арқанжолы бар. Барлық еуропалық талаптарға сай салынған тағы бір демалыс орнында, арқанжолмен жүру, квадроцикл жүргізу, ойын-сауық бағдарламалары сияқты көптеген қызмет түрлері көрсетіледі. Ондағы трассалардың жалпы ұзындығы 37 шақырымға дейін жетеді.

 

Бурабай

Қысқы туризмнің қазығы саналатын тағы бір мекен - Ақмола облысында орналасқан «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнда табан тірейтін туристердің саны жыл санап артып келеді. Мысалы, өткен жылдың қыс мезгілінде жалпы аумағы 83 510 гектарды құрайтын саябаққа небәрі бір аптаның ішінде 10 мыңнан астам демалушы аяқ басқан. Оған қоса, Бурабайда гольфқа арналған кәсіби орталық пен шаңғы базасы ашылды.

Енді, келушілер Нұр-Сұлтан қаласынан 3-сағаттық жерде орналасқан Щучье-Бурабай курорттық аймағында да қысқы демалысын өткізіп қана қоймай, жаны мен тәнін қатар демалта алады. Себебі, мұндағы көркем табиғат пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейінің үйлесімділігі қашанда аса тартымды.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысы да қысқы туризмді дамытуға таптырмас орын. Мұнда, былтыр жыл басынан 600 мыңнан аса турист келіп демалып кеткен.

Олардың қатары артқан сайын отандық кәсіпкерлердің де тынысы ашылып, бизнес пен қатар туризмді дамыту үшін ізденіс үстінде. Осы орайда айта кету керек, 2023 жылы аталған өлкеде бір мезетте 19 мың адамды қабылдай алатын қонақүйлер желісі іске қосылды. Қазір Шығыс Қазақстан облысында шаңғы теуіп, пантон ванналарға түсу бірте-бірте сәнге айналып келеді.


© Pixabay.com

Сонымен қатар, Тһтабиғаты әсем Катонқарағай ауданында 2021 жылы “Qaton Qaragai Resort” пантымен емдеу орны келушілерге есігін айқара ашты. Оның басқа қызмет көрсету орындарынан ерекшелігі - қысқы маусымда сауықтыру қызметтерін көрсетеді.

Атап айтатын болсақ, пантымен емдеу, массаж және сақ моншасы.  Сондай-ақ, база аумағында шаңғы тебуге, атпен серуендеуге және садақ атуға да болады. Оған қоса, шет елдік туристерге ұлттық салт-дәстүрімізді паш ету мақсатында Ұлан ауданы Бозанбай ауылында қонақтарды киіз үйде қабылдап, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынады.

 

Павлодар облысы

Осыдан 5 жыл бұрын Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағы қыс мезгілінде келушілерге құшағын ашқан болатын. Бүгінде, демалуды парыз санайтын туристердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді.

Жалпы, демалыс орны ұлттық саябақ мәртебіне осыдан 33 жыл бұрын ие болды. Жалпы аумағы 50 мың гектардан асатын паркте үлкенді-кішілі көлдер кездеседі. Оның ең үлкені – Сабындыкөл.


qazaqstan.tv

Павлодар облысында да түрлі сипаттағы тау-шаңғы базалары көптеп кездеседі. Қардың қалың жауып, ерте түсуі бұл өңірдегі қысқы демалыс маусымының айтарлықтай ұзақ болуына жағдай жасайды.

Тек, бір өкініштісі Павлодар облысы үлкен потенциалға ие болса да, әлемге Қазақстанның қысқы туризмін кеңінен насихаттай ала алмай отырғанына бір себеп бар. Еліміздегі атқамінерлердің айтуынша, Баянауыл өлкесінің ерекше қорғалатын аймақ екенін ұмытпаған жөн дейді. Яғни, ерекше қорғалатын мекендердің бірі. Сол себепті де мұндағы қысқы туризмнің кең қанат жая алмай тұр.

 

Түркістан облысы

Бұл тізімнен Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Түркістан облысының табылуы қызық жағдай. Алайда, мұнда келсеңіз, сіздің шаңғы-шанаңыз пайдаға жарамай қалмайды. Өйткені, Төле би ауданындағы «Тау Самалы» шатқалында фрирайдпен айналысуға арналған трассалар жетерлік. Олардың жалпы ұзындығы 1800 метрге тең. Таяу арада табиғаты әсем тағы бір шатқал – Қасқасуда да заманауи тау-шаңғы курорты ашылмақ. Демалыс орны үздік еуропалық үлгілерге сәйкес салынуда.


Фото Алуа Қалауова

Жалпы, Төлеби ауданында қысқы туризмнің даму қарқыны жаман емес. Жоғарыда айтып өткен, «Тау Самалы» демалыс аймағында «Алатау» тау шаңғы базасы. Мұнда бір мезетте 3 мыңдай адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Ал, көктем және жаз айларында атпен серуендеу қарастырылған.

Қазір ауданда 70 туристік нысан бар. Туристер үшін, «Алма Тау», «Тау самалы», «Саутс-Ойл», «Изуми», «Бастау», «Айса» деп аталатын 6 қонақ үй, 2 емдік-сауықтыру орны, 2 балалар лагері жұмыс істейді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: