Туристерге арналған визит орталықтар ашылады

17 Маусым 2022, 21:56 2611

QazaqGeography ұлттық саябақтардағы экологиялық туризмнің жаңа бағыттары туралы жоспарларымен бөлісті, - деп хабарлайды El.kz.

– Біз қазіргі таңда ұлттық парктерді дамытып жатырмыз. «Шарын», «Алтын Емел», «Ұлытау» және «Іле Алатау» ұлттық парктерінде туристік инфрақұрылымды жасап жатырмыз. Мысалы туристерге арналған визит орталықтар ашылады. Бізге туристер келгенде толық ақпарат алып, сапарларын жоспарлай алады. Ұлттық парктердегі ауқымды мәселеге айналған дәретханаларды орналастыру жұмысын бастадық. Сондай-ақ, қалдықтарды сұрыптайтын қоқыс жәшіктері мен беседкаларда ауыз суды орналастырдық. Туристерге арналған ақпараттық тақтайшаларды ілдік, -деді Шарын және Алтын Емел ұлттық саябақтарында туристік инфрақұрылымды құру бойынша QG жобасының даму бөлігінің басшысы Томирис Мұсаева.


Қазіргі таңда шетелге демалуға баратын қазақстандықтар саны азайды. Олар көбінесе өз еліміздің әсем де, көрікті жерлерінде демалуға тырысады. Сондықтан, елімізде туристік бағыт қарқынды жұмыс істеп жатқандығын айтты.

– Қазақстанда демалушылар еліміздегі ұлттық парктер туралы біле бермеуі мүмкін. Бір ғана Алматының манайында қаншама көрікті жерлер бар. Осының барлығын ғаламтордан ақтарып іздеп отырмас үшін QazaqGeography туризм сайт платформасын құрастырып жатыр. Жоба бойынша көбірек блогерлермен жұмыс істеп, барынша елімізге туристер тартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жобаны мектеп оқушыларына да таныстыру жоспарда бар. Себебі, бұл балалардың патриоттық сезімін нығайтып, еліміз туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді,- деді Томирис Мұсаева.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 миллион гектарды құрайтын 14 ұлттық саябақ бар. Соңғы жылдардағы статистика туристер санының біртіндеп артқанын көрсетеді. Мәселен, 2021 жылы ұлттық саябақтарға шамамен 1,5 миллион адам келді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 40%-ға жоғары.

– Ұлттық саябақтар аумағында экотуризмді дамыту халықаралық тәжірибені ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте заманауи визит орталықтары, глампингтер, кемпингтер, қазақ ауылдарын құру жоспарлануда, - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының жетекшісі Ерқұлан Дүйсекеев.


Алматыдағы ұлттық саябақтардың орналасуы мен танымалдылығын ескере отырып министрлік 4 саябақты жандандыруға белсенді жұмысты бастап кетті. Олар Іле-Алатауы, Көлсай көлдері, Шарын, Алтын Емел.

–Экологиялық туризмді дамыту үшін «Алтын-Емел» МҰТП «QazaqGeography» ҮЕҰ және «Әсемтал» ЖШС құрамындағы заңды тұлғалар консорциумына учаскелер берді. Келісімге сәйкес инвестор экоқонақ үй, визит орталығы, демалыс аймағы, автотұрақ, глампинг, кемпинг және жылжымалы ас үй салуды жоспарлап отыр.МҰТП аумағында шағын экодәретхана, ауыз су бұрқағы, көлеңкелі шатыр, шатыр, бақылау мұнарасы орнатылды. «QazaqGeography» ҮЕҰ және «Taunton Plus» ЖШС құрамындағы заңды тұлғалар консорциумына да Шарын МҰТП учаскелері берілді. Келісімге сәйкес Шарын аумағында шағын сәулет нысандары, демалуға арналған 3 беседка, 3 ауыз су бұрқақтары, 3 гроттар, 2 бақылау алаңдары, 10 қоқыс жәшігі, 12 ақпараттық тақтайша, 32 орындықтар, байланыс антенналары орналастырылды, - деді Ерқұлан Дүйсекеев.

Сондай-ақ министрлік Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, Алматы облысының ұлттық саябақтарына инженерлік инфрақұрылым тартудың жол картасын әзірлеп, бекітті. Қазірдің өзінде 685 шақырым туристік маршруттар үшін 12 шақырым жол жөнделіп, электр желілерін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгендігін атап өтті.


– Сонымен қатар, «Алтын-Емел» ұлттық саябағының бақылау-өткізу пунктіне келушілер үшін ғаламтор желісі қамтамасыз етілді.Туристер онлайн режимде кіру билеттерін сатып алуы үшін kaspi.kz төлем қызметтері орнатылған, - деді Ерқұлан Дүйсекеев.

Миражан Махан
Бөлісу: