29.08.2025
12:41
2421
Тұрғын үйдің техникалық паспортын қай кезде ауыстыру керек?

Тұрғын үйдің техникалық паспортын қай кезде ауыстыру керек?

Тұрғын үйге берілген ескі техникалық паспорттар өз күшін жоймайды және мәмілелер жасау кезінде пайдалануға болады. Бұл туралы LS басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпаратына сәйкес, заңға сай кадастрлық паспорт мынадай жағдайларда жаңартылады:

  • ғимараттар мен құрылыстарды қайта жоспарлау, қайта жабдықтау немесе реконструкциялау кезінде техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгергенде;
  • объектілерді бөлу немесе біріктіру жағдайында;
  • құқық белгілейтін құжаттағы сәйкестендіру және техникалық деректер арасында айырмашылықтар анықталғанда.

Жаңартылған құжатта жаңа қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектісінің нақты деректері көрсетіледі.

Сонымен қатар бұрын берілген техникалық паспорттар заңды күшінде қалып, мәмілелерді рәсімдеу кезінде қолданылуы мүмкін. Құжаттарды ауыстыру азаматтардың өз қалауы бойынша немесе қажеттілікке байланысты жүзеге асырылады.

Кадастрлық паспорт алу үшін қажетті құжаттар:

  • белгіленген үлгідегі өтініш;
  • жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (өкіл болған жағдайда өкілеттігін растайтын құжатпен бірге);
  • жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжат;
  • кадастрлық паспортты беру құнын төлегенін растайтын түбіртек.

Қызметтің құны «Азаматтарға арналған үкімет» көрсететін жұмыстар мен қызметтердің бағасына сәйкес белгіленеді. Төлем екі кезеңмен жүргізіледі: өтініш беру кезінде (алдын ала төлем) және нәтижесін алу кезінде (қалған бөлігі).

Қолданыстағы заңнамада кадастрлық паспортты беру немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметке жеңілдіктер қарастырылмаған, – деп нақтылады корпорация.

Сонымен қатар құжат үшін төлемді жылжымайтын мүлік иесі өзі жасайды.

Іс жүзінде мәміле жасау кезінде нотариустар мен тіркеушілер ескі үлгідегі техникалық паспорттарды қабылдайды. Алайда ипотекалық несие рәсімдегенде банктер жаңа үлгідегі, балкон мен лоджиялардың ауданы азайту коэффициентімен енгізілген техникалық паспортты талап етеді, – деп қосты ұйым.

Бұған дейін ұйым барлық тұрғын үй иелеріне техникалық паспортты міндетті түрде кадастрлық құжатқа ауыстыру қажет деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.