Соңғы жылдары Қазақстанда саяхат мәдениеті айтарлықтай өзгерді. Бұрын көпшілік шетелге демалысты көбіне турфирмалар арқылы жоспарлап, дайын пакет тур сатып алатын. Ал қазір бұл нарықтың бір бөлігі әлеуметтік желіге көшті: Instagram мен TikTok-тағы гидтер, тревел-блогерлер, «тәжірибелі ұйымдастырушылар» ұсынатын авторлық турлар трендке айналды.
Бір қарағанда мұның бәрі өте ыңғайлы көрінеді. «5 күн - 4 қала», «барлығы қосылған», «арзан баға», «ерекше маршрут», «тек біздің топқа арналған бағдарлама» деген жарнамалық уәделер адамды бірден қызықтырады. Әсіресе визалық, билет, қонақүй сияқты шаруалармен айналысқысы келмейтін адам үшін мұндай ұсыныс - дайын шешім.
Алайда туристік сервис әлеуметтік желіде дамыған сайын, оның көлеңкелі тұсы да күшейді. Соңғы уақытта Қазақстанда саяхат алаяқтығының жаңа түрі пайда болды: кейбір “ұйымдастырушылар” алдын ала туристерден ақша жинап алады да, кейін байланысқа шықпай жоғалып кетуі мүмкін. Ал кей жағдайда тур сапасы жарнамаланғандай болмай шығады: қонақүй деңгейі төмен, маршрут қысқартылған, уәде етілген “барлығы қосылған” қызметтердің көбі қосымша ақыға айналады, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі тағы бар.
Бұл жерде ең қауіптісі - адамның сенім психологиясы. Өйткені әлеуметтік желідегі әдемі видео, “топтың керемет атмосферасы”, жүздеген сторис, күлімсіреген ұйымдастырушы адамға ресми компаниядай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ контенттің көп болуы - қауіпсіздік кепілі емес. Кейде ең “сендіретін” парақшаның артында заңды тіркелмеген, жауапкершілігі жоқ, тіпті бір күндік алаяқтық схема тұруы ықтимал.
Сондықтан бүгінде басты сұрақ туындайды: шетелге тур ұйымдастыратын гидтер мен блогерлерге қалай сенуге болады? Турист өзін қорғау үшін нені тексеруі керек? Алданбау үшін қандай қарапайым, бірақ маңызды қадамдар бар?
Соңғы жылдары Қазақстанда “турагент болу” немесе тур ұйымдастыру көп адам үшін оңай табыс табудың жолы ретінде көріне бастады. Бұған бірнеше нақты себеп бар.
Біріншіден, туризм саласында сұраныс тұрақты. Адамдар бұрынғыдай жылына бір рет емес, мүмкіндігіне қарай бірнеше рет саяхаттауға тырысады. Демек, нарықта ақша айналымы бар, ал сұраныс бар жерде ұсыныс та көбейеді.
Екіншіден, әлеуметтік желі туризмді “қолжетімді кәсіпке” айналдырды. Бұрын турфирма ашу үшін кеңсе, қызметкерлер, касса, ресми құжаттар қажет болса, қазір жарнаманың негізгі алаңы - Instagram мен TikTok. Онда дұрыс монтаждалған бейне, қызықты мәтін, әдемі кадр мен эмоцияға толы сторис көп жағдайда кәсіби қызметтің орнын басып кетеді.
Үшіншіден, бұл салаға кіру үшін үлкен капитал да керек емес. Кеңсе жалдап, жүйе құрып әуре болмай-ақ, “ұйымдастырушы” ретінде таныстырылып, клиент жинай беруге болады. Тіпті кейбірі шетелге бір-екі рет барып келген тәжірибесін “гидтік деңгейге” жеткізіп, бірден авторлық турлар ұсына бастайды.
Төртіншіден - ең маңыздысы, бұл нарық сенімге қатты тәуелді. Көп жағдайда клиент келісімшартқа емес, “адамның сөзіне” сенеді. “Өзім ұйымдастырам”, “бәрі бақылауда”, “уайымдамаңыз” деген уәде мен жылы қарым-қатынас кәсіби құжаттан да басым түсіп жатыр. Осылайша лицензия, ресми тіркеу, сақтандыру, жауапкершілік сияқты маңызды дүниелер екінші орынға сырғып кетті.
Дәл осы “жеңіл кіріп, тез ақша табуға болатын” жол туризм нарығына кездейсоқ адамдардың көптеп келуіне де әсер етті. Бірі бұл істі шынымен кәсіби деңгейде дамытса, енді бірі - трендке ілесіп, тәжірибе мен жауапкершіліксіз тур сататын жағдайға жетті.
Әлеуметтік желінің дамуы бұл нарыққа жаңа ойыншылардың келуіне әсер етіп, туристер үшін таңдау көбейгенімен, қауіп-қатерді де күшейтті. Осы себепті туристер ең алдымен тур ұсынып отырған адамның немесе ұйымның мәртебесін нақтылап алғаны дұрыс. Жалпы алғанда, шетелге тур жасайтын адам үш түрлі санатқа бөлінеді.
1) Ресми турагент немесе туроператор
Бұл - заңды түрде қызмет көрсететін дәстүрлі жүйе. Ресми компания ретінде тіркелген туроператор немесе турагент:
Бұл нұсқа турист үшін ең қауіпсіз болып саналады. Себебі кез келген даулы жағдайда келісімшарт пен төлем құжаттары дәлел ретінде қолданылады.
2) Гид немесе тревел-ұйымдастырушы
Бұл санатқа туристерді өзі жинап, маршрут құрып, қонақүй, билет, экскурсия секілді қызметтердің барлығын ұйымдастыратын адамдар кіреді. Мұндай формат әсіресе “авторлық тур” түрінде жиі кездеседі.
Аталған қызмет түрі қауіпсіз болуы мүмкін, алайда ұйымдастырушының:
Яғни гидке сенім білдіру тек құжатпен, ашық ережемен және дәлелді ақпаратпен жұмыс істеген жағдайда ғана орынды.
3) Тур ұйымдастыратын блогер
Әлеуметтік желіде аудитория жинап, “топ құрып жатырмын” деп тур ұсынатын блогерлер де жиі кездеседі. Алайда бұл сегмент туристер үшін ең тәуекелді бағыт болып отыр.
Көп жағдайда мұндай ұйымдастырушылар:
Сондықтан туристер тур алмас бұрын ұйымдастырушының ресми мәртебесін, құжаттарының бар-жоғын және төлем тәсілінің заңдылығын міндетті түрде тексергені дұрыс.
Әлеуметтік желіде тур жарнамалайтындар көбейген сайын, жұрт арасында бір сұрақ жиі айтылады: “тур ұйымдастырып жүргеннің бәрі турагент пе?”
Бұл мәселені Туристік Қамқор қоры заңнама тұрғысынан нақтылап түсіндірді. Қордың мәліметінше, туристік нарықта қызмет екі негізгі бағытқа бөлінеді: турды қалыптастыратын туроператор және сол дайын туристік өнімді клиентке ұсынып, сататын турагент.
Ал гидтің қызметі мүлде басқа.
“Гидтің негізгі міндеті – туристер барған орындардың тарихын, ерекшелігін түсіндіру. Ол турды сату немесе құрастыру процесіне қатыспайды”, – дейді қор өкілдері.
Яғни заң бойынша гид – экскурсия жүргізетін маман, ал турагент – туристік өнімді ресми түрде сататын тарап. Сондықтан Instagram-да топ жинап, саяхат ұйымдастырып жүрген әр адамды “турагент” деп қабылдау дұрыс емес.
Тағы бір маңызды мәселе – шетелге “авторлық тур” өткізіп жүрген жеке тұлғалардың статусы. Қор өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда туристік қызмет қатаң регламенттеледі: турды құрастырып, шетелге сапар ұйымдастыруды тек кәсіби қатысушылар ғана жүзеге асыра алады.
Егер бір адам туристерге:
билет алып берсе,
қонақүй таңдап, бронь жасаса,
трансфер ұйымдастырса,
маршрут пен сапар логистикасын толық өз мойнына алса,
онда бұл — жай ғана “гидтік қызмет” емес, толыққанды туристік қызмет болып саналады. Мұндай жағдайда заң бойынша ол адам туроператор мәртебесіне сай болуы тиіс.
Ал туроператор болу үшін лицензия қажет және турист алдындағы жауапкершілік қаржылай кепілдендірілуі керек. Қор мұның себебін де ашық айтады: бұл салада тәуекел көп, салдары ауыр болуы мүмкін. Яғни ұйымдастырушы жауапкершіліксіз жұмыс істесе, турист ақшасыз да, қызметсіз де қалуы, тіпті сапардың басталмай жатып дау-дамайға ұласуы ықтимал.
Туристік Қамқор қоры туристің өзін қорғауы үшін қарапайым механизмді атап өтті: Туркод сұрау.
Егер ұйымдастырушы Туркод берсе, бұл оның заңды нарықта жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ қор өкілдері Туркодты алып қана қоймай, оны міндетті түрде тексеруді ұсынады. Ол үшін қордың мобильді қосымшасы немесе ресми платформасында арнайы функция бар.
Тексеріс кезінде турист тур туралы нақты мәліметті көре алады:
қай елге баратынын,
сапар ұзақтығын,
қонақүй атауын,
маршрут деректерін.
Тек осы ақпарат расталғаннан кейін ғана саяхатқа сенімді түрде шығуға болады.
Ал егер адам турды ешқандай ресми талапты орындамай ұйымдастырса, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып есептеледі. Қор қажет болса, мұндай заңсыз қызмет туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға болатынын да атап өтті.
Әлеуметтік желіде өзін гид деп таныстырып, “авторлық тур” ұйымдастыратындар көбейгенімен, қордың ескертуі нақты: атауы әдемі болғанымен, заңсыз жұмыс заңды болып кетпейді.
Қор өкілдерінің айтуынша, егер туристі алып шыққан адам лицензиясыз, мемлекеттік реестрде жоқ және қор жүйесіне қатыспаса, онда турист алданып қалса, Туристік Қамқордың көмектесуі мүмкін емес.
“Бізде мемлекеттік те, ортақ та ақша жоқ. Қорда әр туроператордың өз қаражаты сақталады. Ол нақты сол туроператордың міндеттемесін кепілдендіру үшін ғана пайдаланылады”, – дейді қор.
Сондықтан заңсыз жұмыс істейтін гидпен сапарға шыққан адам үшін ақшаны қайтарудың жалғыз жолы – сот арқылы өндіріп алу. Бірақ мұндай жағдайда туристің өзі де тәуекелге саналы түрде барған болып саналады.
Туристік Қамқор қорының мәліметінше, заңсыз гидтер мен бейресми “турагенттердің” алаяқтығына қатысты шағымдар азаймай тұр - керісінше, өсіп келеді. Тек бір аптаның ішінде қорға 25 адам жүгінген. Олардың қаржылық мүддесі бұзылып, уәде етілген сапар жүзеге аспаған.
Қор туристерге екі ғана қауіпсіз жол бар екенін қайта еске салады:
Өйткені Туркод - турист үшін жай қағаз емес, турдың заңды рәсімделгенінің және жауапкершіліктің бар екенінің белгісі.
Instagram арқылы туристерді жинап, “авторлық тур” өткізетін гидтер көбейіп келеді. Бұл бағыт кейбірі үшін қосымша табыс көзі болса, енді бірі үшін кәсіби қызметке айналған.
Осы нарықтың ішкі ерекшеліктерін тереңірек түсіну үшін біз Түркияда тур ұйымдастырып, кейін Италияда да жұмысын жалғастырған авторлық тур ұйымдастырушы Аңсаған Бақыткелдімен сұхбаттастық. Ол туризм саласына қалай келгенін, турагент пен авторлық турдың айырмашылығын, сондай-ақ туристер жиі жіберетін қателіктер мен қауіптің қай тұстан туындайтынын ашық айтты.
Туризмге жол: менеджерден гидке дейін
Аңсаған Бақыткелдінің айтуынша, ол 2021 жылы жұмыс бабымен Түркияның Ыстанбұл қаласына көшіп барған. Алғашында менеджер әрі аудармашы болып жұмыс істегенімен, бос уақытында саяхаттап, Түркияның көрікті орындарын жиі аралаған.
Өзім саяхатты қатты жақсы көргендіктен Ыстанбұлдың, жалпы Түркияның көп жерін аралайтынмын. Инстаграм, TikTok арқылы көп адамдар жазып, гид болуымды өтінді. Сөйтіп шағын топтарды қыдырта бастадым, - дейді ол.
Осылайша таныстар, олардың туыстары және әлеуметтік желідегі аудитория арқылы алғашқы клиенттер жиналып, шағын туристік топтармен жұмыс басталады. Кейін тұрақты жұмыстан шығып, туризм саласына толық бет бұрған.
Уақыт өте келе Аңсаған Ыстанбұлға авторлық турлар ұйымдастырып, форматты күрделендіре түседі. Тіпті ерекше жобалардың бірі ретінде мұғалімдер тобына арналған турды да атап өтті: халықаралық деңгейдегі конференцияға қатысу мен қала турын бір бағдарламаға біріктірген.
Бір топ мұғалімге Ыстанбұл университеттерінде конференция + қала турын өткіздік. Өте жоғары деңгейде өтті, - дейді ол.
Кейін ол Италияға магистратураға түсіп, туризм бағытын сол елде де жалғастырған.
Аңсаған үшін саяхат - кездейсоқ кәсіп емес. Ол бұл қызығушылықтың бала кезден басталғанын айтады.
Жюль Верн, Марк Твен, Артур Конан Дойл, Александр Дюма кітаптарын оқып, National Geographic көріп өстім. Әлемнің құпияларын ашуды армандайтынмын, - дейді ол.
Қазақстанда студент кезінде де саяхаттау әдетке айналған: тауға шығу, ел ішіндегі көрікті жерлерді аралау, түрлі өңірлерге сапар жасау. Оның алғашқы шетелдік бағыты - Өзбекстан болған.
Аңсағанның ең алғашқы туры - Ыстанбұлға ұйымдастырылған сапар. Бұл турды өткізу салыстырмалы түрде оңай болған, себебі қалада өзі тұрған, барлық жерін жақсы білетін, тіл меңгерген, адамдармен жұмыс істеу дағдысы бар.
Бірақ ең үлкен қиындық - физикалық шаршау емес, моральдық жауапкершілік болғанын айтады.
Көп жүру - туристер үшін қиын. Олар шаршамады ма, ұнап жатыр ма деген уайым үнемі иығыңда тұрады, - дейді ол.
Яғни тур ұйымдастыру сырттан қарағанда “саяхаттап жүру” сияқты көрінгенімен, жауапкершілік деңгейі жоғары жұмыс.
Аңсаған шетелге тур ұйымдастыру трендке айналғанын жасырмайды. Оның пікірінше, бұл қоғам құндылықтарының өзгергенін көрсетеді: халық ақшасын бос шашпай, саяхат пен тәжірибеге жұмсауға ұмтылады.
Алайда осы трендпен бірге мәселе де көбейген.
Бұрын тас лақтырсаң SMM-ге тиетін. Қазір турагентке тиеді, - деп әзілдейді ол.
Оның айтуынша, туризмді тек пайда көзі ретінде көріп, нарыққа дайындықсыз кіргендер көп. Бұл әсіресе тур бағасынан байқалады.
Клиент тез жинаймын деп өте төмен баға ұсынады. Бірақ кейін билет пен отель бағасы өсіп, уәде еткенін орындай алмай қалады. Алаяқтар осылай шығады, - дейді ол.
Аңсағанның сөзінше, туризм - кәдімгі бизнес. Оның ішінде тәуекел көп, маңызды ұсақ-түйек өте көп. Сондықтан мұнда есеп пен жоспарлау аса қажет.
Тәуекелді білу шарт. Есептей білу - ең керек нәрсе, - дейді ол.
Дайындықсыз кірген адамдардың қателігі өзіне ғана емес, нарықтағы адал жұмыс істеп жүрген мамандарға да кері әсер етеді. Өйткені бір адамның қателігі бүкіл салаға деген сенімді әлсіретеді.
Аңсаған Қазақстанда кәсіби туркомпаниялар мен тәжірибелі мамандар көп екенін атап өтеді. Бірақ ең қиыны - клиент жинау. Оның айтуынша, шынайы кәсібиліктің өлшемі - туристің бір турдан кейін қайта келуі.
Сенің кәсібилігіңнің белгісі - бір турыңа барған адамның екінші турыңа да жазылуы. Бұлайша сен ұзақ мерзімді жұмыс істейсің, - дейді ол.
Турагент пен авторлық тур ұйымдастырушы - бір саладағы, бірақ екі түрлі бағыт. Бірі дайын пакетті ұсынады, екіншісі турды нөлден бастап ұйымдастырады. Қай формат таңдалса да, ең маңыздысы - жауапкершілік, заңдылық және ашықтық.
Ал Аңсаған Бақыткелді секілді тәжірибелі ұйымдастырушылардың айтуынша, туризм - “әдемі сторис пен оңай ақша” емес, нақты есеп пен үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп.
Шетелге саяхат ұйымдастыру кезінде туристер жиі тап болатын бірнеше қауіп бар.
1) Ақша жинап алып, жоғалып кету
Ең жиі кездесетін классикалық схема. Ұйымдастырушы “топқа 10 адам керек” деген желеумен алдын ала депозит немесе толық төлем жинайды. Кейін әлеуметтік желідегі парақшасын жауып, телефондарын өшіріп немесе клиентті түрлі себеппен бұғаттап тастауы мүмкін.
2) Тур өтеді, бірақ сапасы уәде етілгендей болмайды
Бұл жағдайда турдың өзі өтеді, бірақ қызмет көрсету деңгейі толықтай өзгеріп кетеді. Мысалы:
3) Құжатсыз тур: визада немесе билетте мәселе шығуы
Кейбір жағдайда билет сатып алынбайды немесе “ертең аламыз” деп созылады. Соңында турист сапардың алдында немесе сапар кезінде өз күшімен билет сатып алуға мәжбүр болып, жоспарланған маршрут бұзылады.
4) “Арзан баға” арқылы қосымша төлемдерге байлап қою
Алғашында баға өте төмен көрінуі мүмкін. Бірақ кейін ұйымдастырушы:
Егер турды ресми компаниядан емес, жеке гидтен немесе ұйымдастырушыдан алсаңыз, төмендегі шарттарды алдын ала нақтылап алған дұрыс.
Қандай белгілер қауіпті?
Төмендегі жағдайлар кездессе, турдан бас тартқан дұрыс:
Тур сатып аларда өзіңізді қорғайтын 3 әдіс
P/S: Шетелге тур ұйымдастыратын гидтер мен авторлық турлар - өздігінен қауіпті құбылыс емес. Керісінше, кәсіби түрде жоспарланып, жауапкершілік нақты бекітілсе, мұндай формат турист үшін өте ыңғайлы әрі тиімді болуы мүмкін. Авторлық турлардың артықшылығы да осында: маршрут ерекше болады, топ шағын, ұйымдастыру икемдірек.
Алайда соңғы жылдары бұл нарыққа кез келген адамның еркін кіре алуы тәуекелді күшейтті. Туристік қызметтің бір бөлігі кәсіби стандарттан гөрі әлеуметтік желідегі ықпалға, контентке және “сенім арқылы сатуға” сүйеніп кетті. Сондықтан бүгінгі таңда негізгі мәселе баға немесе “арзан тур” емес - туристің қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуы.
Осы себепті тур таңдағанда эмоцияға емес, құжатқа сенген дұрыс. Сторис пен әдемі видео сендіргенімен, келісімшарт пен төлем құжаты ғана нақты кепіл бола алады. Өйткені шетелде қиын жағдай туындағанда немесе тур шарттары орындалмаған кезде ұйымдастырушыға ренжудің өзі мәселені шешпейді. Мұндай сәтте турист уақытынан, демалысынан және қаражатынан бірдей айырылып қалуы мүмкін.