Тура жолға түскен психолог Құралай ханым Айгүл Елшібаеваға алғыс айтты

18 Тамыз 2023, 12:40 1438

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева мен психолог, коуч Құралай Ошақбаева арасындағы дауға нүкте қойылды. Осыдан 3 жыл уақыт бұрын әнші Айгүл Елшібаева психолог Құралай ханымды буддизмді насихаттап жүр деп айтқан болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Психолог Құралай ханым дұға орнына дуа беріп, оны оқып жүрген қыздар есінен адасып, жан тәсілім етті. Осылай деген әнші Айгүл Елшібаева психологты қатаң сынға алған болатын.

Арада жылдар өтіп, өз қателігін түсінген Құралай Ошақбаева ел алдында кешірім сұрап, Айгүл Елшібаеваға алғысын айтты.

Екеуіміздің арамыздағы кикілжің екі жылға созылды. Бастапқыда оның сөздерін қабылдай қоймадым. Мен өзімді адал, момын, қателік жасамайтын адаммын деп санап, пендешілікке салдым. Мені көре алмай жатыр деп ойладым. Кейін бұл ойымнан күмәндана бастадым. Уақыт өте өз әрекеттерімнен ұялдым. Негізі әр бір қазаққа, оның ішінде танымал адамдарға, билікте бір-бір Айеке болса Қазақстан дамып кетер еді. Себебі, Айгүл Елшібаева маған көп көмек берді. Мүмкін мен 90 жасқа келіп адасып жүрер ме едім. Ол менің есімді жиғызды. Етек-жеңімді жинап, көп қателіктерімді түсіндім. Меккеге барып келгеннен кейін Айгүлге алғысымды айттым. Мен сөйтіп адасып жүріп, өліп қалғанымда не болар еді? Құдайдың алдына не деп барар едім? Ешқандай бүкпесізмен ол кісіге ризамын. Айгүлге хат та, жазба да арнап жаздым, – дейді Құралай ханым.

Құралай ханым өзінің бұл оқиғадан қалай сабақ алғаны туралы айтып берді.

Өте көп жыладым. Таңды таңға ұрып, ұйықтамаған кездерім болды. Өте қатты қиналдым. Соңында менің денсаулығым сыр берді. Сол кезде өзіме-өзім келдім. Себебі мені жолдасым қолдады. Сол жағдайдың бір жақсы жағы, жанымдағы достарым тазаланды, кімнің кім екенін білдім. Сонда жанымда отбасым мен бір-екі досым ғана қалды. Қатты құладым. Өзімді әрең жинап алдым. Айгүлге жазба арнау үшін екі жыл керек болды. Мен 20 жыл Брайан Трейсиді оқысам да, Айгүлден сабақ алғандай сабақ алмадым. Бірақ менің жолдасым маған әрдайым: “Сенікі дұрыс, ниетің де дұрыс. Сен өз өміріңдегі болып жатқан нәрсені айтасың. Ештеңені ауадан алып жатқан жоқсың. Мен бармын ғой” деп ештеңеге қарамастан маған сенім білдірді. Айгүл ханыммен әлі бетпе-бет кездескен жоқпыз. Бірақ кездесуден қашпаймын. Ол кісіге ашықпын, жақсы көремін. Жазбамда ат мінгізетінімді айтқан болатымын. Осы сәтті пайдалана отырып, қырсық, қыңыр мінезім үшін, көрсеқызарлығым мен пендешілігім үшін, ол кісінің мазасын алғаным үшін Айгүл Елшібаевадан кешірім сұраймын, – дейді танымал психолог.

Психолог өзінің қырсық, қыңыр мінезі үшін, көрсеқызарлығы мен пендешілігі үшін Айгүл Елшібаевадан кешірім сұрады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: