Тунисте Facebook-те президентке қарсы пікір жазғаны үшін өлім жазасына кесілген 51 жастағы жұмысшы Сабер Чушан ақырында бостандыққа шықты. Оның адвокаты Уссама Бутельджа Le Monde басылымына хабарлағандай, Чушан президенттік амнистияға іліккен, деп жазады El.kz интернет порталы.
Сотталғаннан кейін бір аптаға жетпей, яғни 1 қазанда Набеул қаласындағы бірінші инстанция сотының үкімі шыққан соң, ол рақымшылыққа қол жеткізді. Бұл жағдай елде үлкен резонанс туғызған еді. Себебі айыпталушының қорғаушылары да, прокуратура да үкімге апелляция жасамаған.
Чушан - үш баланың әкесі, тұрмысы төмен, денсаулығында ақауы бар адам. Ол Тунис Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы бойынша айыпталды. Бұл бап «үкіметтің құрылымын өзгерту мақсатындағы әрекет» немесе «тәртіпсіздік пен кісі өлтіруге арандату» үшін өлім жазасын қарастырады. Бұдан бөлек, ол 67-бап бойынша - «мемлекет басшысына тіл тигізу», сондай-ақ 2022 жылы қабылданған 54-декрет бойынша - «жалған ақпарат пен қауесет тарату» айыбымен де қудаланған.
Чушан 2024 жылдың 24 қаңтарында ұсталып, түрмеге жабылған болатын. Әуелде оның ісі Тунис қаласындағы бірінші инстанция сотының жанындағы антитеррорлық бөлімге берілген еді. Алайда ол орган өзін бұл істе құзыретсіз деп танып, істі Набеулдағы сот палатасына қайта жолдаған.
Тунис судьялары қауымдастығы бұл істі «судьялар арасында қорқыныш пен қауіпсіздік сезімінің жоғалуын көрсететін мысал» деп бағалады. Бұл жағдай Тунисте сөз бостандығы мен әділет жүйесіне қатысты қоғамдағы алаңдаушылықты одан сайын күшейтті.