23.12.2025
13:09
594
Түнгі ауысымның денсаулыққа зиянын қалай азайтуға болады? Дәрігер кеңесі

Түнгі ауысымның денсаулыққа зиянын қалай азайтуға болады? Дәрігер кеңесі

Түнгі ауысымда жұмыс істеудің денсаулыққа кері әсерін азайту үшін адам күн тәртібін толықтай жұмыс кестесіне бейімдеуі қажет. Бұл туралы RT-ге сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Ресейлік сомнолог-дәрігер Павел Кудиновтің айтуынша, ең бастысы – қатаң әрі тұрақты режимді сақтау.

Түнгі ауысымда жұмыс істейтін адам сол режимде өмір сүруі керек. Яғни түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтауы қажет. Егер адам бірқалыпты режимді ұстанса, түнгі ауысым денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірмейді, – деді дәрігер.

Оның түсіндіруінше, ұйқы мен ояну уақытының жиі өзгеруі ағзаның биологиялық сағатын бұзады, ал бұл ұйқысыздыққа, шаршауға және сергектіктің төмендеуіне әкеледі.

Сонымен қатар сомнолог, медицина ғылымдарының докторы, Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері Роман Бузунов ұзаққа созылатын жаңа жылдық демалыс кезінде де ұйқы режимін бақылауға шақырды.

Алғашқы екі-үш күнде демалып, серуендеп, қалағаныңызды істеуге болады. Ең бастысы, сол кезеңнен өтіп алу. Одан кейін ояну уақытын жұмыс күндерімен салыстырғанда екі сағаттан артық кешіктірмеген жөн. Мұндай айырмашылықты ағза жеңіл қабылдайды, – деді ол.

Жұмыс ырғағына тезірек оралу үшін Бузунов күндіз артық тамақтанбауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және демалыстың соңғы күндерінде алкоголь мен кофеден бас тартуға кеңес берді. Сондай-ақ ол ұзақ демалыс кезінде спортпен айналысып, таза ауада серуендеудің маңызын атап өтті.

Мамандардың айтуынша, ұйқы режимін сақтау – жұмыс өнімділігі мен жалпы денсаулықты қорғаудың негізгі факторларының бірі.