Емін толық алмаған туберкулез науқасы өте қауіпті

8 Қаңтар 2020, 11:08 8247

Мамандар бұл дертпен алкоголь мен темекіні шектен тыс қолданатын адамдар шалдығатынын алға тартады

Қазақстанда соңғы жылдары туберкулез ауруы деңгейінің төмендеуі байқалады. Қатерлі аурумен және оның алдын алумен күресте жоспарлы иммундауды жүзеге асырудың көпжылдық тәжірибесі зор әсер еткен. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының аса қауіпті, трансмиссивті және зоонозды инфекцияларға мониторинг және талдау жасау бөлімінің басшысы Әсем Батырханқызы Күмісбаева туберкулез дерті жайлы пайдалы деректерімен бөлісті.

- Бұл ауруды көп естігенмен, оның өте қауіпті екенін барлығы біле бермейді. Туберкулез мәселесі өте өзекті әрі ерекше назарды қажет етеді. Өйткені әлеуметтік сипаттағы бірқатар мәселелерді шешуде кешенді тәсілді талап етеді. Сондай-ақ, өкінішке орай Қазақстанда туберкулезден еңбекке қабілетті жастағы адамдар қайтыс болады, -  дейді маман Әсем Күмісбаева.

«Аурушаңдық деңгейі тұрғын үй, өндірістегі еңбек жағдайларына, халықтың материалдық әлеуетіне, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайына, әркімнің салауатты өмір салтын сақтауына тікелей байланысты», - деді ол.

 

Балалар арасында аурушаңдық деңгейі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында өскен

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының аса қауіпті, трансмиссивті және зоонозды инфекцияларға мониторинг және талдау жасау бөлімінің басшысы  Әсем Күмісбаеваның пікірінше:

«Бұл микобактерияның вируленттілігінің артқанын және экзогенді инфекция әсерінің айқындылығын көрсетеді. Екінші себеп ата - аналардың туберкулезге қарсы профилактикалық екпелердің маңыздылығын дұрыс бағаламауы болып саналады. Балалар арасында аурушаңдық деңгейі Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және еліміздің 10 облысында өскені байқалып отыр. Сондай-ақ, маман балалардың туберкулез аурушаңдығының өсуі республика бойынша қолайсыз эпидемиялық жағдайды сипаттайды».

2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 7,8%-ға төмендеген.

«Туберкулез қоздырғыштары-микобактериялар. Инфекцияның негізгі көзі -туберкулезбен ауыратын адам және осы аурумен зақымданған ірі қара мал болып есептеледі. Науқас туберкулез таяқшаларын жөтел, түшкірік, сілекей, қақырық және түкірік арқылы сыртқы ортаға тарайды. Дені сау адамдар туберкулезді жұқтыруы науқастың сілекей тамшылары мен қақырығы бар ауаны, сондай-ақ туберкулез таяқшасымен ұрықтанған шаң бөлшектерін жұтқан кезде болады. Тіпті, туберкулез індетімен ауыратын сиырлардың шикі сүтін ішкенде жұғуы мүмкін», - дейді маман Әсем Күмісбаева.

Туберкулезбен жиі тыныс алу органдары зақымданады

Маманның айтуынша, бұл ауру кез-келген адам ағзасында, яғни өкпе, бүйрек, ішек, ми қабықтары мен сүйек және буындарында дами алады. Бірақ жиі тыныс алу органдары зақымданады.  Бір адамда туберкулез қатты, жоғары температура, жөтел және қақырықпен өтсе, басқа біреуде - әлсіздік, шаршағандықпен 37,5º температурадан аспай, шамалы жөтелу арқылы жүреді.

Маман қауіп-қатер тобына алкогольді шектен тыс пайдаланатын, темекі шегетін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру мекемелерінен оралған адамдарда болатынын тілге етті.

Туберкулез індетін емдеуге көп қаражат кетеді

- Әр науқасты емдеуге көп қаражат кетеді. Неліктен науқастарды дәрігерлер емдеп, салауатты өмір салтын жүргізу қажеттілігіне сендіруі керек? Неліктен науқастар өз денсаулығына өздері алаңдамайды? «Әркімнің денсаулығы - өз қолында» екендігін ұмытпау керек. Туберкулезбен ауыратын науқастар ұзақ уақыт бойы үздіксіз емдеуге жатады. Емдеу ұзақтығы аурудың түріне байланысты төрт айдан бір жылға дейін және одан да көп болады. Демек, емдеу тиімділігін ерте диагностикалау мен уақтылы ем алуды бастаған өте маңызды, - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының аса қауіпті, трансмиссивті және зоонозды инфекцияларға мониторинг және талдау жасау бөлімінің басшысы Әсем Күмісбаева.

«Емін толық алмай, стационардан кетіп қалған науқас өте қауіпті»

- Қазіргі таңда біздің заманымыздың басты проблемаларының бірі -  туберкулезбен ауыратындар арасында жұмыс істемейтін халықтың айтарлықтай үлесі бар. Осы адамдардың көпшілігі бірнеше ай бойы ем алып бастап, кейін өз еркімен стационардан кетеді. Бұл қадам емдеу шараларының тиімсіздігі әрі аурудың тез дамуына әсер етеді. Осындай жағдайда пациентте қандай сауығу болады деп ойлайсыз? Емін толық алмай, стационардан кетіп қалған науқас өте қауіпті. Бірінші кезекте жақын туыстары мен таныстары зардап шегіп, онымен байланыста болған адамдардың науқастануы әдеттегіге қарағанда 3-4 есе жоғары болады, - деді бөлім басшысы Ә. Күмісбаева.

«Дер кезінде дәрігерге қаралсаңыз, туберкулез емделетін ауру»

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының аса қауіпті, трансмиссивті және зоонозды инфекцияларға мониторинг және талдау жасау бөлімінің басшысы  Әсем Батырханқызы туберкулез ауруының алдын-алу әдістері мен кеңестерін ұсынады:

- Егер сіздің ортаңызда, яғни туыстарыңыз, достарыңыз немесе әріптестеріңіздің арасында туберкулез ауруының белгілері болса, оған дәрігерге қаралуға кеңес беріңіз;

- Өкпе туберкулезін дер кезінде анықтау мақсатында барлық ересек тұрғындар мен жасөспірімдер жыл сайын флюорографиялық әдіспен тексерілуі тиіс;

- Балаларда Манту сынамасы жүргізіледі. Туберкулез - қауіпті, бірақ емделетін ауру. Дер кезінде дәрігерге қаралып, емделген адам сырқаттың ауыр зардаптардан құтыла алады.

- Ағзаңыздың қорғаныс күшін әлсірететін жағдайлардан аулақ болыңыз.  Жақсы және толыққанды тамақтанып, спортпен шұғылданып, темекі шекпей және алкогольді шамадан тыс пайдаланбаңыз;

- Бөлмені жиі желдетіп, таза ұстаңыз.

Жаңа туған нәрестелерге туберкулезге қарсы вакцинация туғаннан кейін 3-күні жүргізіледі

Әсем Күмісбаеваның айтуынша, инфекция қоздырғышының берілу тетігінің ерекшелігіне және инфекциядан кейінгі иммунитеттің тұрақты сипатына байланысты иммундау – аурудың алдын алудың маңызды шарасы.  Жоспарлы иммундауды жүзеге асырудың көпжылдық тәжірибесі туберкулезге қарсы күрестің осы әдісінің сөзсіз тиімділігін көрсетті. Осы жұқпалы ауруға қарсы вакцинация жаңа туған нәрестелерге туғаннан кейін 3 күні, ал ревакцинация-7 жасқа дейінгі туберкулин теріс балаларға туберкулездің жұқпалы емес микобактериялары жүргізіледі.

Халықты профилактикалық медициналық тексеру кезінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медициналық тексеру жүргізудің әдістері, әдістемелері мен технологиялары пайдаланылады. Ерте диагностикалаудың негізгі әдістері - бұл 15 және одан жоғары жастағы халықтың кеуде қуысының флюорографиясы, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерде тері ішілік Манту сынамасын (туберкулинодиагностика) қою болып саналады.

Жүйелік жыл сайынғы тері ішілік Манту сынамасы балаларда туберкулез инфекциясын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл инфекция дамымаған кезеңде алдын алуды жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан дәрігер-фтизиатрға баруға кеңес алған жағдайда, оны кейінге қалдырмаңыз. Бұл балаңыздың денсаулығы үшін өте маңызды.

Бұл індетті тек медицина қызметкерлерінің жеңуі мүмкін емес. Бұл жалпы мемлекеттік проблема, ол үлкен ұйымдастырушылық іс-шаралар мен экономикалық шығындарды талап етеді. Сондықтан, әр адамның өзінің саулығына деген қамқорлығы міндетті түрде болуы қажет. Сол себепті салауатты өмір салтын ұстанып, профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өтіп, қажет болған жағдайда дер кезінде толыққанды емделіп шығуын және денсаулық – зор байлық екенін мамандар алға тартады.

Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)


Руслан БЕГЕН
Бөлісу: