Туған күніңмен, елорда!

6 Шілде 2021, 14:17 9465

Бас қаланың арқа төсіне көшкеніне 23 жыл

 

Бүгін – бас шаһардың туған күні. Ел астанасын Ақмола жеріне ауыстыру туралы бастама тұңғыш рет 1994 жылы көтерілді. Арада төрт жыл өтіп, Ақмола шаһары бас қала ретінде күллі елге таныстырылды. Осыдан тура жиырма үш жыл бұрын тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен республика астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшкен еді. Сол кезде Астана деген атау алған. Ал 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді. Әлем елдері үшін бас қала Азия мен Еуропаны байланыстыратын тарихи орталық болып есептеледі. Жас та болса, бас шаһардың бой көтеруіне көптеген қазақстандықтың зор еңбегі бар. Сол себепті қала күні ел деңгейінде аталып келеді. Алайда күллі әлемге таралған жұқпалы індетке байланысты жақында Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қала күнін тойлауға тыйым салатын қаулысы шілденің екісінен бастап күшіне енген болатын.

 

Жыл сайын жаз мезгілі келісімен саябақтарда серуендеп жүретін елордалықтардың саны артады. Әсіресе демалыс күндері адам қарасы жиілейді. Биыл елорда балғындар түрлі-түсті ойыншық көліктерімен ызғып жүретін, үлкендер таза ауада сейіл құратын тағы бір жаяу жүргіншілерге арналған жаңа демалыс орнымен толыққан еді.

 

Бас шаһар тұрғындарын күнделікті күйкі тірліктен демалып, жан рақатын сезіндіретін саябақ Әзірбайжан Мәмбетов көшесінен бастау алады. «Demalys Promenade» деп аталатын жаңа демалыс мекенінің бойы түрлі қызыққа толы, Бұл орыннан іздегеніңіздің барлығын таба аласыз. Бірыңғай жаяу жүргіншілер аймағында қаз-қатар біраз шатыр тігілген. Сырты ақ күмбезді шатырлардан қолөнер бұйымдарын, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, кәдесыйлар, кітаптар және т.б. сатып ала аласыз. Осылайша қала әкімдігі адам қарасы көп орындарда шағын кәсіп иелерін де назардан тыс қалдырмай, керісінше оларға қолдау білдіріп жатқанын байқауға болады. Сондай кәсіпкерлердің бірі Роза Жарқынбаева жаңа саябаққа алғашқылардың бірі болып келіп, өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын орналастырыпты.

 

– Мен зейнеткермін. Қолөнермен айналысқаныма 2-3 жылдай болып қалды. Алғашында туыстарым мен көршілерімен сыйлық ретінде жасап жүрдім. Қазір қол қусырып отыратын заман емес қой. Жасыратыны жоқ, бұдан көп ақша түспейді. Сауда бірде болса, бірде мүлдем болмайтын кездер де болады. Менің көзім ауырады. Ал дәрі-дәрмек болса, өте қымбат. Сондықтан осыдан түскен табысты соған жұмсаймын, - дейді Роза Жарқынбаева.


 

Шағын кәсіпті нәсіп еткен әжей таңғы оннан кешкі тоғыз жарымға дейін өзінің жасаған қолөнер бұйымдарын сатады.

 

– Көпшілігі қолөнер бұйымдарын аса қатты түсіне бермейді. Мәселен, қолға тағатын әшекейлерді жасауға екі-үш күн кетсе, қолсөмкелерін тігуге бірнеше күнімді жұмсаймын. Негізінен бұйымдарды жасауға уақыттың аз болмаса көп кетуі жұмыстың ауырлығына тікелей байланысты болып келеді. Бұйымдар мен заттарды көбінесе шетелден келген туристтер сатып алады. Бастысы барлық санитарлық талаптарды сақтап жүрміз. Адамдармен сөйлескенде бетпердемізді киіп алып, қолымызға антисептигімізді сеуіп отырамыз, - дейді елордалық шағын кәсіпкер.

 

Бір ерекше атап өтерлігі, мұнда Роза Жарқынбаева секілді елордалық шағын кәсіп иелерімен қоса, өзге де облыстардан келіп, өз саудасын жүргізетіндер де баршылық. Солардың бірі – Қарағанды облысынан келген Мәтен Кәсира. Ол кісі қолөнермен және ұлттық нақыштағы киімдер тігумен бала кезден айналысқан.

 

– Елордаға адамдар республиканың түкпір-түкпірінен бөлек, шетелден де ағылып келеді емес пе? Әсіресе қазақи үлгідегі қолдан жасалған заттарға өзге елдерден келген адамдар тарапынан қызығушылық жоғары әрі сұраныс та бар. Сондықтан қолдан жасаған дүниелерімді жаңадан ашылған демалыс саябағында сатуды жөн көріп, Нұр-Сұлтанға келдім.

 

Шағын кәсіп иесінің айтуынша, шаһар тұрғындары қыз жасауына қажетті заттарды көбірек алса, шетелдіктер түрлі картиналар мен кәдесыйларды сатып алады екен.

 

– Қазағымның төр көрпелері мен төр жастықтарын оюлап тігуге шамамен бір-екі күн жұмсаймын. Алдымен оның ою-өрнегін жобалап сызу керек. Кейін сол бойынша бірізділікпен тігіп шығу қажет. Мұндай іспен айналысу үшін адамның бойында шыдамдылық болуы абзал. Бұдан көп табыс табамын деп айта алмаймын. Жалпы қолөнер бұйымдарын сату арқылы табыс табу үшін жүрген жоқпын. Ең бастысы осы ісім арқылы ұлтымыздың қолөнерін ұлықтау әрі ата-бабадан жеткен дәстүрімізді ары қарай жалғастыру. Бұл сол бағытта істеп жүрген жұмыстарым.


 

Ұлттық құндылықтарымызды көпшілік арасында насихаттауға үлесін қосып жүрген Мәтен Кәсира елордаға апта сайын қатынап тұрады.

 

– Мұнда шағын кәсіпті қолдаумен қоса, адамдардың сейіл құруына барлық жағдай жасалған. Шамамен бір шақырым аумақты алып жатқан мекенде құралмалы сахналар, спорт түрлерінен дайындалу және көңіл көтеру орындары қарастырылған. Сондай-ақ шығармашылық қойылымдар, би жарыстары, және т.б. өткізіліп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бұл демалыс орнына келген жаяу адам жалықпайды, - деп сөзін түйіндеді Мәтен Кәсира.


 

Ілгеріде айтқанымыздай, бұл бірыңғай жаяу жүргіншілер аумағы Мәмбетов көшесінен бастау алып, Абай мен Кенесары көшелерін қиып өтіп, ескі Арбатқа дейін жалғасады. Мұнда келушілер шахмат және ұлттық ойындарға арналған орындарды таба алады. Сондай-ақ ерекше инсталляциялар мен арт-нысандардан фото аймақтарын тамашалайды. Осы аумақта орналасқан кейбір көпқабатты үйлердің сыртқы беттері граффитимен безендірілген. Әр демалыс сайын кітапсүйер елордалықтар мен қала қонақтарына арналған кітап жәрмеңкелері мен көрмелері де өткізіліп тұрады.

 

Елордалықтардың жаңа демалыс орнында жаз бойы таңғы сағат он жарымнан кешкі тоғыз жарымға дейін шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып тұрады. Мұнда бос уақытын пайдалы өткізетіндердің бірі – нұр-сұлтандық Елена Баган. Елордалық тұрғын ашық аспан аясында таза ауада тоқыма тігумен айналысады.

 

–Мен мұнда отыз жылдан бері тұрып жатырмын. Әсем қаламызда осындай әдемі жаңа демалыс орны ашылғанына қуаныштымын. Мұнда әр демалыс сайын жанды дауыста түрлі концерттер өтіп тұрады. Өткен демалыста жаңбыр жауған еді. Бірақ жаңбырдың жауғанына қарамастан сахнада жанды дауыста өнерпаздар әндерін айтты. Ал көрермендер кетуге құлық танытпады. Керісінше жаңбырдың астында соңына дейін тыңдап, көңіл көтерді. Адамдардың үсті-басы су болғанымен, көңіл-күйлері көтеріңкі болды. Тіпті концерт соңында жиналған қауым көпке дейін тарқағысы келмеді. Бұл демалыс орны маған ұнайды. Тек субұрқақтары ғана жетіспейді. Әсіресе оның жоқтығы аптап ыстық кезінде қатты сезілді, - деп сөзін түйіндеді шаһар тұрғыны Елена Баган.

 

Бұл орын да аз уақыт ішінде елордалықтардың демалыс пен мереке қарсаңында уақыт өткізетін мекендерінің біріне айналып үлгерді.

 

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: