Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бүгінде жекелеген процестерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Қазіргі кезеңде мемлекет, азаматтар және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың негізіне айналған орнықты цифрлық жүйе қалыптасуда.
2026 жылғы жағдай бойынша мемлекеттік қызметтердің шамамен 90 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Цифрлық формат іс жүзінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің базалық инфрақұрылымына айналды.
Цифрландырудың бүгінгі деңгейі – ұзақ әрі жүйелі дамудың нәтижесі. Электрондық үкімет порталы 2006 жылы бастапқыда ақпараттық алаң ретінде іске қосылған болатын. Кейін ол толыққанды қызмет көрсету жүйесіне айналып, бұл үдеріс көптеген жылдар бойы мемлекеттік цифрлық сервистердің операторы әрі интеграторы болып келе жатқан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қатысуымен жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда цифрлық қызметтер офлайн рәсімдерге қосымша құрал емес, мемлекеттік сервистерді алудың негізгі арнасына айналды. Ал мобильді платформалардың дамуы осы модельдің заңды жалғасы болды.
Мұны статистика да дәлелдейді. 2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар онлайн форматта 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алған, оның жартысы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетілген. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы eGov.kz порталы арқылы 32,6 миллион қызмет, ал мобильді қосымша арқылы 9,9 миллион қызмет көрсетілген.
Дамудың жаңа кезеңі зияткерлік шешімдерді енгізумен байланысты. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ командасы жүзеге асырған eGov Mobile жаңартуы аясында пайдаланушылармен диалог форматында жұмыс істейтін eGov AI виртуалды көмекшісі іске қосылды. Ол қызмет алу тәртібін қарапайым тілмен түсіндіріп, цифрлық платформалардың құрылымын оңай меңгеруге көмектеседі. Мұндай құралдарды қолдану мемлекеттік сервистерге қол жеткізудегі кедергілерді азайтады.
Осылайша, Қазақстанда цифрлық сервистердің кеңеюі тек олардың санының артуымен шектелмейді. Бұл – негізгі процестер онлайн форматта жүзеге асатын, ал мемлекетпен өзара іс-қимыл технологиялық, болжамды әрі күнделікті өмірге табиғи түрде кіріктірілген кемел цифрлық мемлекет моделіне кезең-кезеңімен көшудің көрінісі.