10.02.2026
12:29
760
Цифрлық деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілуі қажет – Тоқаев

Цифрлық деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілуі қажет – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық трансформация мәселесіне айрықша тоқталып, бұл бағыттың ел болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызын атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, цифрлық мемлекет құру – кейінге қалдыруға болмайтын міндет.

Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз, – деді мемлекет басшысы.

Президент цифрлық тәсілдер арқылы артық шығындарды қысқартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және басқарудағы тиімсіз шешімдерден арылуға болатынын айтты. Оның пікірінше, цифрландыру тек технология енгізумен шектелмеуі керек.

Оқи отырыңыз:

Жасанды интеллект – цифрландыру саясатының өзегі

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні енгізу бүкіл цифрландыру саясатының басты өзегіне айналуы тиіс екенін қадап айтты.

Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуы тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек, – деді ол.

Президент Үкіметке мұндай жобаларды уақтылы әрі толық қаржыландыру үшін нақты басымдықтарды айқындауды тапсырды. Әйтпесе ауқымды жоспарлардың қағаз жүзінде қалу қаупі бар екенін ескертті.

Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды, – деді мемлекет басшысы.

Бар мәселені цифрландыруға жаба салу – қате

Президент Үкімет мүшелері мен әкімдердің жауапкершіліктен жалтару әрекеттерін де сынға алды. Оның айтуынша, кейбір шенеуніктер барлық кемшілікті цифрландырумен бүркемелеуге тырысады.

Жаппай цифрландыру енгізілсе, барлық олқылық өздігінен жойылады дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады, – деді Тоқаев.

Президент сапалы цифрлық даму жеке сектормен тығыз байланыста жүргізілуі тиіс екенін атап өтіп, Үкіметке бизнеске цифрлық тәсілдерді енгізуге арналған арнайы қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

Мәліметтер – мемлекеттің стратегиялық ресурсы

Мемлекет басшысы мемлекеттік деректерді басқару ісіне де ерекше тоқталды. Қазіргі цифрландыру мен дерекқорларды біріктіру жұмыстары нәтиже бермей отырғанын айтты.

Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды, – деді президент.

Осыған байланысты Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құру тапсырылды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы мемлекеттік цифрлық жүйелердің жиі істен шығуын ІТ-шешімдердің ескіргені мен басқару сапасының төмендігімен байланыстырды.

Бірыңғай платформа және бюджет үнемі

Президент цифрлық трансформацияның бәрі QazTech платформасының негізінде жүзеге асуы тиіс екенін айтты. Бұған дейін ведомстволардың бақылаусыз әрекеті қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкелгенін де жасырмады.

Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс, – деді Тоқаев.

Киберқауіпсіздік және дербес деректер

Цифрлық трансформация жағдайында азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі ерекше өзекті екенін айтқан президент киберқылмыс пен алаяқтықтың күшейгеніне назар аударды.

Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану қалыпты жағдайға айналды, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалған. Сонымен қатар цифрлық деректерді қорғау мәселесін конституциялық деңгейде бекіту қажет екенін де атап өтті.

Әлеуметтік сала және «Әлеуметтік әмиян»

Президент әлеуметтік саланы цифрландыруға да тоқталып, бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінгенімен, оның тиімділігіне күмән бар екенін айтты.

Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды? – деді ол.

Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін үй шаруашылықтарының цифрлық профилін қалыптастыруды және барлық төлемдерді «Әлеуметтік әмиян» арқылы беруді тапсырды.

EGov AI және Aitu мессенджері

Президент отандық Aitu мессенджеріне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын сынға алып, мемлекеттік қызметкерлердің өзі оны пайдаланбайтынын айтты. Сондай-ақ EGov AI атты әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін әзірлеу қажеттігін жеткізді.

Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады, – деді Тоқаев.

Тоқаев бұған дейін Үкімет мүшелеріне терең талдау жүргізуді тапсырған. Ал Үкімет өз кезегінде халық табысын арттыруға уәде берді.