Цифрлық даму министрі ауылдарға қосымша базалық станциялар орнатуды тапсырды

28 Қараша 2023, 07:36 602

2023 жылдың 25 қарашасында Ақмола облысы, Аршалы ауданының, Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің төрағалығымен ауылдағы байланыс пен интернет сапасын арттыру мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға байланыс операторлары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары және жергілікті белсенділер қатысты.

Жиынға қатысушылар ұялы байланыс операторларына антенналық діңгек құрылымдарын салу үшін жер телімдерін бөлу және ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту мәселелерін талқылады. Ресми мәлімет бойынша, ауылда 2000-нан астам жеке шаруашылық бар, бұл Жібек жолы ауылындағы байланыс пен интернеттің сапасын айтарлықтай жақсартады.

Байланыс операторларына байланыс сапасы мен интернет жылдамдығын арттыру үшін қосымша базалық станциялар мен жабдықтар орнату тапсырылды. Сондай-ақ, Бағдат Мусин Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасына Аршалы ауданы әкімдігімен бірлесіп, 2023 жылдың соңына дейін 6 жер телімін беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Мен жиынға келген барлық қатысушыны, әсіресе, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін естігім келді, өйткені байланыс сапасының нашарлауын немесе жақсаруын сезінетін де солар. Әдетте, әкімдіктер мен байланыс операторларының есептерінде жиі кездесетін проблемалар артық бюрократияға келіп тірелетіні белгілі. Бұл жолы да солай екеніне көз жеткіздім. Барлық мәселе антенна-діңгек құрылыстарын салу үшін ұялы байланыс операторларына жер учаскелерін бөлуге және ауылдың әрбір үйіне талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізумен байланысты болды. Мен байланыс операторларына байланыс сапасы мен Интернет жылдамдығын жақсарту үшін қосымша базалық станциялар мен жабдықтар орнатуды тапсырдым»,- деді ЦДИАӨМ министрі Бағдат Мусин.

Сондай-ақ кездесуде министр шағын байланыс операторларының жұмысының маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігімен тұрғын аудандарды дамыту мақсатында шағын операторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты интернет 14 тұрғын ауданда және 2024 жылы 3 тұрғын ауданда (Өндіріс, Казгородок, Кирпичный) болады, барлық жұмыстар толық инвесторларды қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады («Your New Telecom» ЖШС, Kazakh Home Networks ЖШС, «Synergy Telecom» ЖШС) инвестиция көлемі 2,68 млрд. Жалпы 5500 абонент қосылды, 440 шақырымнан астам оптикалық кабель тартылды, барлық жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жібек жолы ауылындағы кездесуде «Synergy Telecom» ЖШС компаниясының мамандары Жібек жолы ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстарын ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.        

Бұған дейін ҚР ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 2024-2027 жылдарға арналған Ақмола облысының елді мекендерін интернетке және байланысқа сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойған болатын. Осы құжатты жүзеге асыру аясында Ақмола облысының 230 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, елді мекендерде 100-ден астам антенналық діңгек құрылымдары салынады.

Перизат Саденова
Бөлісу: