«Цифрлы дәуірдегі журналистика: әдістер мен инновациялар» семинары аяқталды

18 Қазан 2023, 18:46 588

Астанада медиа саласы мамандарына арналған «Цифрлы дәуірдегі журналистика: әдістер мен инновациялар» семинары аяқталды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Екі күнге жалғасқан семинар 5 түрлі бағытты қамтыды. Шараның бірінші күні телебағдарламалар авторы және жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан «Телебағдарлама жасау технологиясы: идеядан өнімге дейін» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол нарықты талдау, аудиторияға өтімді форматтарды анықтау, жобаның тұжырымдамасын әзірлеу және оны телеарналарға ұсыну мәселесіне тоқталды. Ал шешендік өнер саласының сарапшысы Меруерт Жүнісбек «Шешендік өнер. Сөйлеу техникасы» уоркшобында қатысушылармен бірге практикалық тапсырмалар орындады. Спикер көпшілік алдында сенімді сөйлеп, аудиторияның назарын қалай аудару керегін айтты.

Семинардың алғашқы күнін медиаменеджер, журналист Әлия Текенова «Фактчекинг технологиялары: құралдар мен әдістер» атты уоркшобымен қорытындылады. Сарапшы шетелдік БАҚ-тардың жалған ақпаратпен күрес тәжірибесіне тоқталып, фактчектің негізгі 4 міндетін атады.

«Олар: ақпаратты тексеру, мифтерді сейілту (debunking), уәделерді қадағалау (promise tracking) және үгіт-насихатқа қарсы күрес (propaganda)».

Ал семинардың екінші күні PR менеджер Айбар Олжаев «Дағдарыс жағдайларында ақпарат алудың заманауи әдістері» уоркшобында дағдарысқа дейін және кейін шешу керек мәселелер туралы айтып, мамандардың әрекеттерін мысалмен жіктеп көрсетті. Оның айтуынша, бізде дағдарыс жағдайын басынан өткерген немесе дағдарыстың ішінде жүрген мамандар жоғары бағаланады.

Семинардың соңғы уоркшобын подкастер Елдар Құдайберген өткізді. Ол жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану жолдары туралы айтып, журналист жұмысын жеңілдетуге ЖИ-дің қандай көмегі бар екеніне тоқталды. Спикердің айтуынша, жасанды интеллектінің көмегімен спорт және қаржы саласына қатысты сандық деректер мен статистикаларды талдауға болады. Сондай-ақ ол:

«Қазақ тілі бұрынғыдай технологиядан алшақ тіл емес. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданбасақ та, міндетті түрде меңгеруіміз керек. Бұрын журналистерден уақыт пен күш талап еткен жұмыстарды қазір заманауи құралдар оңай орындап бере салады»,-деген пікір білдірді.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара сұрақ-жауап форматында тәжірибе алмасты. Оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, семинардың мақсаты - ақпаратпен жұмыс істеуде заманауи технологиялар мен инновацияларды тиімді пайдалану ерекшеліктерін үйрету арқылы журналистердің білігін арттыру.

Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-тімен бірлесе өткізді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: