Цифрланған ұрпақ өсіп келеді

27 Сәуір 2023, 09:09 2147

Адамзатқа жаңа заманның ұсынып отырған мүмкіндігі шексіз. Жаңалықтарды жаңалықтар сәт сайын ескіртетін жылдамдық дәуірінде жетістіктерді санап үлгеру де мүмкін болмай барады. Жаһандық жетістіктердің ең үлкені – цифрландыру! Ол қазір экономиканы дамытудың негізгі трендтерінің біріне айналды. Сол себептен де цифрландыру «сиқырламаған» сала жоққа тән. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қауіпсіздік, экология... Бәрі-бәрінің бүгіні мен болашағы осы бір кереметке байлаулы. Ендігі мәселе мен міндет – ІТ аталатын құдіреттің тілін жазбай түсініп, жаңылмай ұғатын мамандар «әскерін» көбейту.

Жаңашылдықты жатырқамау керек

Қоғам тіршілігіне қатысы бар салаларды цифрландыру үдерісін дамыту үшін ІТ-мамандарды даярлап, аса қажетті ІТ-жобалар санын ұлғайту керек. Бүгінгі таңда басқа өңірлер секілді Қостанай облысы да осы мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Жалпы, облыста Цифрлық трансформация 2018 жылдан басталды. Қазір көріп отырғанымыздай, цифрландыру процесі бүкіл салаға өзгеріс әкеліп жатыр. Осы арқылы халық тұрмысын жақсарту өткен жылы атқарылған жұмыстардың басты бағыты болды. Басқа өңірлер секілді Тобыл-Торғай аймағы да «Қарапайым заттар экономикасы» қағидасы бойынша цифрлық технологияларды қоғам өміріне белсенді енгізу үстінде, - дейді облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев.

Экономикалық тиімділікке қол жеткізу және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың сыртында, цифрландыру әлеуметтік салаларға да оң ықпалын тигізіп жатыр. Былтыр барлық салада тиісті іс-шаралар мен ілкімді жобалар қанатқақты режимде жүзеге асырылған.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, цифрландырудың дамуына серпін беретін тірек құжат – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар негізіндегі технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы мына маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған:

- ІТ саласында тұрақты жұмыс орындарын құру және білікті ІТ-кадрлар даярлау;

- кешенді мемлекеттік қызметтер көрсету арқылы азаматтар мен бизнес-қауымдастық сұранысын қанағаттандыру;

- «Ақылды қала» стандарттарын дамыту;

- стартап-жобаларды дамытуға арналған экожүйе құру арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларының сарапшылық әлеуетін көтеру.

Ақпараттандыру басқармасы Ұлттық жобалардың барлық индикаторының орындалу барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрады. Басқарма басшылығы алға қойылған міндеттердің орындалмай қалу ықтималдығына жол берілмейтініне сендіріп отыр.

Цифрланған ұрпақ өсіп келеді

Цифрлық технологияны білім саласында қолдану – ғаламдық феномен. Оның үстіне, білім беру үрдісіндегі мұндай элементтер цифрланған ұрпақтың өсіп-жетілуіне зор көмегін тигізеді. Сондықтан қазіргі мектептерді зияткерлік «фабрикасы» десек те жаңылмас едік.

Бүгінде облыс мектептерінде робот құрастыруға арналған 40 кабинет ашылған. Олардың 29-ы жеке қаражат есебінен, 11-і жергілікті бюджет көмегімен пайда болды. 2023 жылы осындай тағы 30 кабинет ашу жоспарланып отыр. Оның 10-ын жергілікті бюджет, жиырмасын «Болашақ инженерлер» компаниясы мойнына алмақ. Мұның сыртында, қазір STEM деп аталатын термин жиі айтыла бастады. Бұл бағытқа оқушылар білімін жетілдірудің 4 негізгі саласы шоғырланған. Олар – инженерлік іс, бағдарламалау, робот құрастыру және 3D-модельдеу. Сондай-ақ, бұлардың қатарына физика, биология, география, астрономия пәндерін бағдарламалық қамсыздандыру саласы да енеді.

Біз бүгінде оқушылар арасында ІТ саласына деген үлкен қызығушылық және зор сұраныс бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Олардың көбі осы саланың қыр-сырын меңгеріп, мектеп жасынан-ақ заманауи трендті игеруге ұмтылады. Бұл, шынымен де, оқушылардың болашақ мамандықтарын заман бейіміне қарай таңдауға әсерін тигізеді. Оларға институт немесе колледжге мектеп партасынан даяр болып баруға орасан мүмкіндік бар, - дейді Азамат Кашиев.

Таяуда ғана облыста алғашқы ІТ көрмесі өткен еді. Бұл тырнақалды іс-шара отандық жетекші ІТ-компаниялардың басын тоғыстырып, заманауи ІТ-өнімдер мен осы саладағы жаңа технологиялардың алаңына айналды. Оған оқушылар да қатысып, өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Оқушылардың жобалары әр алуан саланы автоматтандыруға бағытталған. Айталық, Қостанайдағы физика-математика лицейінің 11-сынып оқушылары – Александр Цюпай мен Сергей Трефилов қатысушылар назарына екі бірдей жобасын ұсынды. Олар «Ауыл шаруашылығы дақылдарын химиялық өңдеуге арналған автоматтандырылған құрылғы» және «Электр тарату желісін қар мен мұздақтан тазартуға арналған автоматтандырылған құрылғы» деп аталады. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл жобалар аграрлы аймақ – Қостанай облысы үшін аса қажетті болып отыр. Ал Қостанайдағы зияткерлік мектептің оқушылары – София Синицина мен Әмина Искакова EWA аталатын дыбыстық көмекшіні таныстырды. Бұл – қазақ тілін түсініп, еркін сөйлейтін бірегей зияткерлік-ақпараттық ассистент. Осы мектептің тағы бір оқушысы – Ерболат Сембаев «Интерактивті оқытудың квест жүйесі» аталатын еңбегін жұрт назарына ұсынды. Бұның маңызы – оқу процесіндегі белгілі бір тақырып бойынша квест ұсынылып, оқушылардың білім деңгейін тексеру режимдері рет-ретімен автоматты түрде ауысып отырады. Бұл да, егер сәтті жүзеге асса, мұғалімдердің қолын ұзарта түсетін ілкімді жобаға айналары сөзсіз.

Ақпараттық технологиялар үдерісі экономика саласында анағұрлым белсенді дамып келе жатыр. Біздің мақсат – осы бағытта білікті кадрлар даярлау. Дарынды оқушыларымыз ұсынып отырған жобалардың әрқайсысы өзінше ерекше. Сондықтан жас өрендерді ұдайы ынталандырып отыру керек. Балалар бойындағы зерттеушілік қабілетті дамыту және зияткер-шығармашылық әлеуетін ынталандыру, үздік ІТ-идеяларға қолдау көрсету – бүгінде маңызы аса зор міндет. Балалар мен жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын ояту, бұл саланың ғаламдық перспективасына көздерін жеткізу, сондай-ақ табысты бастамаларға жол ашатындай базалық машықтарын дамыта түсу –уақыттың өзі талап етіп отырған қажеттілік, - дейді басқарма басшысы.

ІТ-хабтар – жүйелі жұмыс кепілі

ІТ саласын дамыту аясында А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің «Smart-орталық» базасында коворкинг, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған алаң, бизнес-кездесулер өткізуге және жас бағдарламашылар ивентіне арналған зона құрылды. Бұл алаң өндірісті цифрландыру, технология трансферті, идеяларды коммерциялау саласында бизнес, ғылым және қоғам мүддесі мен күш-қуатын біріктіру үшін ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ, облыстағы ІТ-қауымдастықтың жас өкілдері жекеменшік даму хабтарын құрды. Мұндағы мақсат – өңірдің интеллектуалды және инновациялық дамуына қажетті идеяларды бір жерге шоғырландыру. Бұл үшін маркетологтар мен таркетологтардан, СММ мамандары мен ІТ-шілерден, бизнес-сарапшылардан және басқа да кадрлардан команда жасақталған.

Осы жылы жергілікті ІТ Ассоциациясын құру жоспарланып отыр. Ол ІТ-қауымдастықтардың көзқарас-пікірлерін біріктіру, олардың мүдделерін қорғау, заманауи ақпараттық технологияларды дамыту және енгізу міндеттерін мойнына алмақ. Бұл бастаманы «Атамекен» аймақтық ұлттық палатасы қолдап отыр.

Келешектің кемел кадрлары

Жалпы есеппен, облыста 370 ІТ-компания бар екен. Пайызға шақсақ, олардың 47%-ы бағдарламалық қамсыздандыру қызметімен айналысады, 18% – жүйені техникалық сүйемелдеу қызметін көрсетушілер, 10%-ы веб-порталдар мен мобильдік қосымшалар жасаумен шұғылданады.

2022 жылы ІТ-кәсіпорындарынан 1,2 млрд теңге салық түскен. Сәл әріге барсақ, облыстық ІТ-компаниялар 1,2 млрд теңгенің тауарын экспорттап, Ақпараттық-коммуникациялық технология (АКТ) саласында қызмет көрсеткен. Мұның өзі ІТ саласын дамыту өңір экономикасына елеулі пайда әкелетінін дәлелдейді. Сондай-ақ, облыстағы АКТ секторын ұйымдастыруға қажетті негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асып түскен.

«ІТ саласында  үш мыңдай адам еңбек етеді. 2022 жылы 257 тұрақты жұмыс орны құрылды. Биыл 456 адам жұмыспен қамтылады деп болжанып отыр, - дейді А.Кашиев. - Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – ІТ-мамандарды даярлау десек, былтыр Қостанайда, М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ базасында өңірдегі алғашқы халықаралық бағдарламалау мектебі ашылды».

Мұның сыртында, 4 ЖОО ІТ факультеттерін ІТ-компаниялар басқаруына берген. Бұл амал облыстың еңбек нарығында ІТ саласы қажет етіп отырған білікті мамандарды даярлауға көбірек мүмкіндік ұсынады. Былтыр 330 адам осы мамандықты алып шығып, олардың 93% жұмысқа орналасқан. Бұл, әлбетте, олқы нәтиже емес.

Біз ІТ-кадрларды ірі технологиялық компаниялармен бірлесе отырып оқыту арқылы адами капиталды дамытамыз. Бізге өскелең буыннан дер кезінде жоғары санатты кадрлар даярлап шығару өте маңызды, - дейді басқарма басшысы А.Кашиев.

Барлық сала толықтай цифрланған болашақты елестетіп көріңізші: елдің әр тұрғыны бүкіл маңызды манипуляцияны қалтасындағы смартфонмен-ақ оп-оңай орындай алатын деңгейге жетеді; кез келген азамат ең бағалы ресурстары – уақыты мен энергиясын шығындаудан мүлдем арылады. Ол болашақ бүгіннен басталып та кетті...

Жандос Жусупбеков
Бөлісу: