Трамвай – кішкене пойыз немесе бізге трамвай керек пе?

2 Тамыз 2018, 10:50 8068

Пойыз – сағыныш, пойыз – қауышу, пойыз – қимастық, пойыз – қоштасу, пойыз – саяхат... Ал трамвай – кішкене пойыз.

«Кішкене пойызды» тағатсыздана күтесіз... «Кішкене пойызбен» шаһар ішінде кішігірім саяхатқа шығасыз. Демек, онда, дәл пойыздағыдай, мөп-мөлдір сезімнің күйлерін кешесіз. Әйтпесе, «Трамвай да келмей қойды қырсығып» деп, жүректің қылын қозғардай жыр жаза ма ақындар? Романтикалық трамвайды ойлап таба ма жастар?

Иә, 2012 жылы трамвай-кафе пайда болған еді Алматыда. Тіпті, шаһарға келушілердің бірсыпырасы Көк төбеден бұрын трамвай-кафені сұрайтын деседі. Ал көргендер оны «романтикалық трамвай» деп атайтын деседі.  Романтикалық трамвай! Шағын пойыз тербейді бесігінде... Бақтияр, Нұркен, Павел бастаған оңтүстік астананың студенттері даярлаған бұл жоба, шынымен де, елдің ықыласына бөленді.

Шет елдер трамвайды қаланың көрікті нысандарына қосып, бұдан әлдеқайда ертеректе пайдалана бастаған. Бір-екеуін ғана айтайық.

АҚШ-та әуе трамвайы бар. Нью-Йорк қаласындағы Ист-Ривер бұғазының бір бетінен екінші бетіне 100-ден астам адамды алып өте алады ол.

Ал Британияның Блэкпул қаласында, Мысырдың Александрия қаласында және Қытайдың Гонконг қаласында екі қабатты трамвайлар қатынайды.

Трамвайдың халыққа ұнамды жағы көп-ақ... Біріншісі, әлгінде біз сөз қылған романтикалық тұсы болса, келесісі – жол жүру құнының арзандығы. Мәселен, Өскеменде автобус билеті – 90 теңге, трамвай билеті 65 теңге тұрады.

/upload/storage_el"0" height="320" scrolling="no" src="https://cdn.knightlab.com/libs/juxtapose/latest/embed/index.html?uid=146e00fc-960f-11e8-b263-0edaf8f81e27" width="600">

Трамвайдың үшінші бір «ұнамды» жағы – экологияға зиянсыздығы. Мұның түтіннен тұман туғызып, көліктер қаптап кеткен мына заманда аса маңызды екендігі айтпаса да белгілі.

Пойыз – сағыныш, пойыз – қауышу, пойыз – қимастық, пойыз – қоштасу, пойыз – саяхат... Пойыз – тіпті, қауіп-қатер... Иә, кейде ол адам өміріне қауіп төндіреді. Ал трамвайдың – кішкене пойыз екендігін тағы да еске саламыз. Оған да қауіп-қатер жуық...

Мәселені бір жақты қарамаған жөн. Алматыдағы трамвайлардың біржола тоқталуына осы қауіптілігі себеп болғаны белгілі. Екі мәрте жүгенсіз, яғни жүргізушісіз қозғалып кеткен вагон жиырмадан астам көлікті күреп өтіп, алты адамның өміріне қауіп төндірген-ді. Түсінікті болсын, бұл оқиғаға кеңінен тоқталайық.

Фото: static.zakon.kz сайтынан алынды

Бірінші оқиға 2015 жылдың 21 қыркүйегінде тіркелген. Не жүргінші, не жүргізушісі жоқ, бос тұрған трамвай қаланың орталығы саналатын Байтұрсынов көшесімен төмен қарай сырғанап кеткен еді. Жолындағы 14 көлікті «Никольск» базарына дейін итеріп апарып тастаған. Төрт адамның өміріне үлкен қауіп төндірген.

Екінші оқиға сол жылдың 13 қазанында болған. Бұл жолы да күтпеген жерден жылжып кеткен трамвай оншақты көлікке соқтығысып, екі адамды жарақаттаған.

Аталмыш жәйттерден кейін сол кезде ғана қала әкімі болып тағайындалған Бауыржан Байбек трамвай депосын тексеру үшін арнайы комиссия құрған болатын. Ал комиссия депоның жұмысын тоқтатуға шешім қабылдаған. Себебі, жол апаты оқиғалары көптеп тіркелген екен.

Иә, апаттық оқиғаларға, трамвай жүретін қаланың барлығынан талай-талай мысал келтіре беруге болады. Бірақ трамвайға қатысты оқиғалардың, көлік оқиғаларынан әлдеқайда аз екені анық. Stat.gov сайтының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы Алматыда трамвайдан өзге көліктерге қатысты 5103 апаттық жағдай болыпты.

Осы орайда елімізде ірілі-ұсақты 85 қала болса, дәл қазіргі уақытта соның үшеуінде ғана трамвай жүріп тұрғандығын айта кетейік. Өскемен, Павлодар, Теміртау.

Айтпақшы, жақында интернет бетіне Астанада трамвай жолдары салынады деген жаңалық шықты.

Астанадағы LRT макеті informburo.kz сайтынан алынды

Трамвай енді біржола тоқтады деген Алматы да бұл іске кірісіп кеткенге ұқсайды. Бұл туралы жобаның атқарушы директоры Ғани Тәжиев айтты.

Алматы қаласында бұрынғы трамвайлардың орнына 2022 жылы осындай LRT жүреді екен. Фото: tengrinews.kz

– Жол Бауыржан Момышұлы көшесінен басталады да, Төле би көшесінде екіге жарылады. Бірі – Ахмет Яссауи көшесіне, екіншісі Қалқаман ықшамауданына бағытталады, – деді Ғани Тәжиев. Атқарушы директордың сөзінше, жол 2022 жылы пайдалануға беріледі екен.

Еліміздің басты шаһарлары жұмыс жүргізіп жатыр осылайша. Бұл трамвайдың пайдалы көлік екендігінен хабар бергендей ме, қалай...

Трамвай – саяхат, тармвай – туризм, трамвай – романтика, трамвай – таза ауа, трамвай – ... иә, қауіп-қатер.

Сонымен, трамвай бізге керек пе осы?

Тасқын Болатұлы
Бөлісу: