27.03.2026
16:45
690

Трамп қолтаңбасы бар 100 долларлар маусымда жарық көреді

АҚШ-та 100 долларлық банкноттардың дизайнына маңызды өзгеріс енгізілмек. Енді бұл купюраларда Дональд Трамптың қолтаңбасы пайда болады.

Бұл жаңашылдық АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы аясында қолға алынып отыр. АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай, яғни алғаш рет елдің қазіргі президенті ұлттық валютаға өз қолтаңбасын қалдырмақ.

АҚШ Қаржы министрлігі мәліметінше, жаңа үлгідегі 100 долларлық купюраларды басып шығару маусым айында басталады. Кейін бұл өзгерістер басқа банкноттарға да кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сонымен қатар 165 жыл ішінде алғаш рет АҚШ қазынашысының қолтаңбасы купюрадан алынып тасталмақ. Дегенмен банкноттардың жалпы дизайны өзгеріссіз қалады. Жаңа ақшада Дональд Трамппен қатар қаржы министрі Скотт Бессенттің де қолтаңбасы болады.

АҚШ қазынашысы Брэндон Бич бұл бастамаға оң баға беріп, Трамптың қолтаңбасы долларда пайда болуы «орынды әрі лайықты шешім» екенін атап өтті.

Сондай-ақ бұл туралы Қаржы министрлігі бекіткен алғашқы эскиздік нұсқаларда да көрсетілген. Әлеуметтік желі X (бұрынғы Twitter) қолданушылары монетаның қарапайым үлгісін жариялаған.

X/SteveGuest

Брэндон Бич жарияланған суреттердің шынайы екенін растады. Оның айтуынша, бұл – АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған алғашқы нобайлар.

Алдын ала жасалған бейнелерде монетаның алдыңғы бетінде Трамптың бейнесі бейнеленген. Жоғары бөлігінде Liberty «Бостандық», төменгі жағында In God We Trust «Құдайға сенеміз» деген жазулар және 1776 мен 2026 жылдары көрсетілген.