Трактордағы екі адамның жоғалуы су тасқынына байланысты емес – ТЖ вице-министрі

2 Сәуір, 13:13 837

Баспасөз мәслихатында тілшілер ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықовтан су тасқынының астында қалған трактордағы екі адамға құтқарушылар 10 сағат бойы неге жете алмағанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Трактордағы екі адамның жоғалуы негізінен су тасқынына байланысты емес. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп отыр. Демек судың ортасында бірден қалып кеткен жоқ. Трактормен жолды қысқартамын деп суға тап болды. Неге бара алмағанымызға келетін болсақ, 10 сағат деген көп айтылған шығар. Бұл жерде 10 сағат өткен жоқ. Өрт кезінде азаматтарымыз «өрт сөндіру көлігі кешігіп келді» деп айтып жатады. Бірақ сол жерде санаулы минуттар мен секундтар өтіп жатады. Бұл жерде де тура солай. Ол жерге ұзақ кетуіміздің себебі – бүкіл өзеннің бойы мен сулардың көздерінде құтқарушыларымыз дайын тұрған жоқ. Оған баруға уақыт керек. Сондықтан ең жақын жерде тұрған құтқарушыларымызды жібердік. Жеткенге дейін осылай болды, – деді вице-министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы тікұшақтар да тура осындай екенін айтты.

Егер біз тағы шетелдің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, Еуропада, Америкада өрт болып жатқан үйдің ішіне өрт сөндіруші, құтқарушылар кірмейді. Бірінші олар өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Бұл жерде тікұшақпен түнде ұшқан кезде ондағы біздің құтқарушылардың қауіпсіздігін ойлауымыз қажет. Түнде ештеңе көрінбейді. Осындай қиындықтар болып жатыр. Мұны дұрыс түсініңіздер. Екі адамның суға кеткені су тасқынына байланысты емес, – деді Бауыржан Сыздықов.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының Аягөз ауданында трактормен бірге суға кеткен екі адам әлі табылмағаны айтылды. Куәгердің сөзінше, трактор өзен ортасында таңнан кешке дейін тұрған. Бірақ құтқарушылар келмеген.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: