15.10.2025
15:46
383
Toyota мен Honda көлік бөлшектерін жұмыртқа қабығы мен бамбуктан жасамақ

Toyota мен Honda көлік бөлшектерін жұмыртқа қабығы мен бамбуктан жасамақ

Жапонияның Toyota мен Honda автокомпаниялары енді көлік салонының бөлшектерін жасау үшін жұмыртқа қабығы, бамбук және теңіз қабыршағының қоспасын пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы Nikkei Asia-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, Toyota компаниясына материалдар мен бөлшектер жеткізетін Tokai Rika фирмасы құрамының 55%-ы бамбук талшықтарынан тұратын композиттік материал жасап шығарған. Бұл үшін санитарлық кесу кезінде қалған бамбук пайдаланылады. Жаңа материалды алдағы уақытта аспаптар панелі мен орталық консоль жасауға қолдану жоспарланып отыр.

Ал Honda компаниясының серіктесі Moriroku мұнай өнімдерінің орнына жұмыртқа қабығы, теңіз қабыршағы және бамбуктан жасалған биошайыр әзірлеумен айналысуда. Бұл экологиялық таза материалды да бардачок пен орталық консольдерге қолдану көзделген.

Мұндай табиғи материалдарға деген қызығушылықтың артуы автокөлік өндірушілердің өндіріс кезінде парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ұмтылуымен байланысты.

Honda компаниясы 2050 жылға қарай толықтай экологиялық таза материалдарға көшуді жоспарлап отыр. Ал Toyota 2030 жылға дейін жапон және еуропалық нарыққа арналған көліктердің кемінде 30%-ын қайта өңделген материалдардан жасауды мақсат етіп отыр.

БҰҰ жанындағы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының дерегінше, адам әрекеті – жаһандық жылынудың басты себептерінің бірі. Егер парниктік газдар көлемі азаймаса, 2100 жылға қарай Жердің орташа температурасы өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2 градусқа жоғарылауы мүмкін. Бұл өз кезегінде ғаламдық ауқымдағы экологиялық апаттарға әкелуі ықтимал.