Төрт күндік жұмыстың пайдасы бар ма? Сарапшы пікірі

27 Сәуір 2023, 14:30 1704

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілдеден бастап елімізде төрт күндік жұмыс аптасы енгізілетінін мәлімдеді.

Төрт күндік жұмыс аптасы ел экономикасына және жеке тұлғалар өміріне қалай әсер етеді? Басқа мемлекетте мұндай тәжірибе бар ма? Осы және өзге де сауал бойынша El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі халықаралық сарапшының пікірін білді.

Халықаралық сарапшы Рысбек Масығұт 4 күндік жұмыс аптасы енгізіледі деген жаңалықты естігеннен бастап өзге елдердің тәжірибесі туралы оқып, оның ішінде бұл жүйе жеке тұлғалар мен ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін деген сауалға жауап іздеп көргенін айтады. 

Кейбір ғылыми зерттеулерде жұмыс аптасын қысқартуда қызметкерлердің өнімділігін арттыру мүмкіндіктері бар екені туралы жазылған. Себебі жұмыс сағатын қысқарту жұмыскерлердің ынтасын арттырады. Бұл туралы ғылыми зерттеулерде де баяндалған. Егер біздің елде де осыған ұқсас нәтиже шықса, онда біз қызметкерлердің өнімділігін арттыра аламыз деген сөз, – дейді.

Қызметкерлердің жұмысқа деген талпынысы артады

Сарапшының пікірінше, жұмыс аптасының қысқаруы жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігінің жақсаруына ықпал етеді. Екіншіден қызметкерлердің қанағаттылығы мен тұрақтылығын арттырады. Онымен қоса талантты жұмысшыларды компаниялар тұрақты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, білімді қызметкерлерді тартуға оң нәтиже туғызады.

Денсаулық және әл-ауқатқа әсері

4 күндік жұмыс аптасы жұмысшылардың психологиялық және физикалық денсаулығын жақсартуға көмектесе отырып, қызметкерлердің медицинаға жұмсайтын шығындары азаяды. Сонымен қатар олар жұмысқа себепсіз келмеуді тоқтатады. Бұл жалпы мемлекет экономикасына оң әсер береді.

Тұтынушылықты ұлғайтуға көмектеседі

Қызметкерлердің бос уақытының болуы тұтынуды арттыруға және туризм, ойын-сауық, бөлшек сауда секторлардың дамуына көбірек үлес қосады. Мұның қоршаған ортаға да өз ықпалы бар. Мәселен машиналардан шығатын түтін азайып, өмір сапасын жақсартуға көп үлес қосады. Яғни, ластануына көлік түтіні көп жағдайда кері ықпал етеді. Мысалы Алматының ауасы да бұған дәлел болады, – дейді сарапшы.

Шет елдердің тәжірибесінде

Басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, 2021 жылы Исландия қызметкерлердің жалақысын қысқартпай, 4 күндік жұмыс аптасын сәтті сынақтан өткізді. Сынақтың нәтижесінде жұмысшылардың жұмыс пен өмірдегі тепе-теңдігінің сақталуымен қоса, қызметкерлердің әл-ауқатының да жақсарғаны анықталған. Дегенмен, осы сынаққа қатысушы қызметкерлердің саны шектеулі болған. Қатысушылардың саны мен мемлекетке ұзақ мерзімдік экономикалық әсерлері әлі белгісіз екен.

Сондай-ақ Жапонияда кейбір компаниялар жұмысбастылықты азайту және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту мақсатында 4 күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізген.

Сынақ нәтижесінде кейбір фирмалар қызметкерлердің өнімділігі артты деп хабарласа, ал басқалары қиындықтарға тап болғаны туралы айтқан. 2021 жылы Испания да 4 күндік жұмыс жоспарын жариялады. Осы сынаққа қатысушы компанияларға үкімет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілген. Бұл бастаманың ұзақ мерзімді экономикалық әсері әлі анықталмаған, – дейді сарапшы.

Ал керісінше Жаңа Зеландияда 4 күндік жұмыс аптасы кейбір компания қызметкерлерін қанағаттандырып және өнімділіктің артыуына себеп болған көрінеді. Қорыта айтқанда, басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, 4 күндік жұмыс аптасы оң немесе теріс әсер етеді деп кесіп айту қиын екенін байқауға болады. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: