10.04.2026
13:00
144

Төрт алтын: Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында Өзбекстанның алдын орап кетті

Ұланбатырда бокстан өткен Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Құрлық додасында отандық былғары қолғап шеберлері жалпыкомандалық есепте 6 алтын медаль жеңіп алса, ерлер құрамасы көш бастады.

Бұл жетістіктің негізгі салмағын дәл ерлер құрамасы көтерді. Қазақстандық боксшылар финалдық жекпе-жектерде жоғары деңгей көрсетіп, төрт салмақта чемпион атанды.

Алғашқылардың бірі болып финалға шыққан Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін) жанкүйерлерге нағыз триллер сыйлады. Үндістандық Сачинмен болған шешуші айқаста алғашқы екі раундта қарсыласына жол бергендей көрінген қазақстандық боксшы соңғы бөлікте барын салып, жекпе-жек тағдырын өз пайдасына шешті. Төрешілер шешімімен жеңіске жеткен Асылқұлов Азия чемпионы атанды. Бұл оның жаңа салмақтағы алғашқы ірі жеңісі болды.

Оразбек Асылқұлов, Қазақстан бокс федерациясы

Естеріңізде болса, Асылқұлов былтыр ІВА ұйымдастырған әлем чемпионатында топ жарған.

75 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов қарсылас шақ келтірмеді. Өзбекстандық Жавохир Абдурахимовпен өткен финалда ол үш раунд бойы толық басымдық танытып, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Аққалықов бұл жолы өзінің шеберлігін айқын дәлелдеді.

Сабыржан Аққалықов, Қазақстан бокс федерациясы

85 келіде шаршы алаңға шыққан Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Өзбекстандық Жасурбек Юлдошевке қарсы жекпе-жекте Нұрбек барлық раундта басым болып, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті. Осылайша ол Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салды.

Нұрбек Оралбай, Қазақстан бокс федерациясы

Чемпионаттың нүктесін аса салмақ өкілі Айбек Оралбай қойды. Қытайлық қандасымыз Данабек Байқоныспен өткен финалда ол әр раунд сайын басымдық танытып, үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Бұл Айбектің Азия чемпионаттарындағы үшінші алтыны ретінде тарихқа енді.

Нұрбек Оралбай, Қазақстан бокс федерациясы

Айта кетерлігі, 70 келіге дейінгі салмақта басты фавориттердің бірі саналған Төрехан Сабырхан финалда иорданиялық Зияд Ешаашқа есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы жеңілісі болды.

Жалпы, ерлер құрамасы 8 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 1 күміс және 3 қола. Қола жүлдегерлер қатарында Махмұд Сабырхан (55 кг), Ертуған Зейнуллинов (65 кг) және Сағындық Тоғамбай (90 кг) бар.

Әйелдер құрамасы да жоғары нәтиже көрсетті. Надежда Рябец (80 кг) пен Дина Исламбекова (+80 кг) чемпион атанып, Қазақстан қоржынына тағы екі алтын салды. Сонымен қатар Бақыт Сейдіш күміс жүлдеге ие болса, Әйгерім Сәттібаева мен Валентина Хальзова қола медаль еншіледі.

Орын

Ел

Алтын

Күміс

Қола

1

Қазақстан

6

2

5

2

Үндістан

5

3

8

3

Өзбекстан

3

4

4

4

Қытай

2

1

5

5

Жапония

1

1

2

5

Қытай Тайбэйі

1

1

2

5

Таиланд

1

1

2

6

Иордания

1

1

1

7

КХДР

0

3

0

8

Моңғолия

0

2

3

9

Тәжікстан

0

1

2

10

Оңтүстік Корея

0

0

1

10

Түрікменстан

0

0

1

10

Филиппин

0

0

1

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатында елімізден 20 боксшы бақ сынады (ерлер мен әйелдер сапынан 10 боксшыдан).