Танымал адамдардың жарнамасына сеніп, баспаналы болуды көздеген бір топ тұрғын алданып қалды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.
Олар DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен үй алмақшы болған. Құрылыс компаниясын әзілкеш Нұрболхан Шарап, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, әнші Төреғали Төреәлі жарнамалаған. Алайда тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтаған. Тұрғындардың айтуынша, жауапты компанияның үй салуға рұқсат қағазы болмаған.
Төреғали Төреәлі жеке парақшасында аталған құрылыс компаниясының кеңсесіне барып, пәтер алмақшы болған сәтін оқырмандарына көрсеткен. Әншінің менеджері «біз де алданып қалдық» деп отыр.
Ал Maх Bet компаниясының директоры Берік Нұрмағанбетовтың адвокаты Төреғали Төреәлінің жарнамасының құны 2-бөлмелі пәтермен пара-пар екенін айтты.
Төреғали Төрәліге DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешеніне жарнама жасағаны үшін 2 бөлмелі пәтер келісілген дейді. Ал Дәулет Мұқаев 20 миллион ақшаға келіскен, – дейді адвокат Шынқуат Байжанов.
Заңгер Мейірман Шекеев танымал тұлғалар ақы алса, олардың бұл әрекеті жарнама болып есептелінеді дейді. Ол аталған азаматтардың үстінен арыз жаза беруге болатынын айтты.