11-12 қараша күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін айқындады. Владимир Путинмен келіссөздер, сондай-ақ Оралда өткен XXI өңіраралық форумға қатысу Қазақстан мен Ресей байланыстарының қазіргі бағытын айқын көрсетіп отыр.
El.kz интернет порталының тілшісі сарапшылардың пікірін негізге ала отырып, екіжақты ынтымақтастықтың бастыларына тоқталды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың тарихи тамыры ғасырлар қойнауында жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері екі мемлекет берік құқықтық базаға сүйенген серіктестікті қалыптастырып, стратегиялық әріптес деңгейіне жетті. Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасында Ресей «негізгі одақтас» ретінде аталады. Екі ел 7 мың шақырымнан асатын әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекараны бөліседі.
Биыл 2005 жылы қабылданған мемлекеттік шекара туралы шартқа 20 жыл толып отыр. Бұл құжат екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың берік негізіне айналды.
Ресей – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы өзара тауар айналымының шамамен 70%-ы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты медиажобалар бөлімінің жетекшісі Жанар Төлендинова Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыты өңіраралық сауда екенін атап өтті.
Екі ел арасындағы өзара тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі. Бұл – өсімді қамтамасыз ететін басты нүктелер. Ресей – Қазақстанның ең ірі үш сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Ал Қазақстан – Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің қатарында. Өзара сауда көлемі 28,1 миллиард долларға жетті. Ресейдің Қазақстан экономикасына құйған инвестициялары 26 миллиард долларға жуықтады, – дейді сарапшы.
Энергетика саласы да маңызды орынға ие. Ресей газын Қытай мен Орталық Азияға транзиттеу – ортақ тиімді бағыт. Бүгінде Қазақстанда ресейлік капиталмен жұмыс істейтін 20 мыңнан астам компания табысты қызмет атқаруда.
Энергетика саласы да маңызды орынға ие. Екі ел бірлесіп Ресей энергетикалық ресурстарының Қытай мен Орталық Азияға транзитін қамтамасыз етіп отыр.
Белгілі болғандай, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан газ одағын құрды. Бүгінде Қазақстан мен Ресей газ инфрақұрылымын бірлесіп дамытып жатыр. Солтүстік және солтүстік-шығыс бағытта Тюмень облысынан газ жеткізілетін жаңа газ құбыры салынып жатыр.
Сонымен қатар біз көлік-логистика мүмкіндіктерін барған сайын қарқынды пайдаланып келеміз. Бұған дейін бірнеше рет айтылғандай, қазақстандық мұнайдың 90 пайызы Еуропадағы негізгі нарықтарға Ресей Федерациясының аумағы арқылы жеткізіледі. Ал Ресей үшін, керісінше, Қазақстан – Орталық Азияға ашылған терезе. Соңғы үш жылда Ресейден Орталық Азияға жеткізілетін тауарлардың көлемі 26 пайызға өсіп, 30 миллион тоннаға жетті, – дейді Жанар Төлендинова.
Сарапшының айтуынша, сондай-ақ Қазақстан Ресейдің Қытайға жасайтын жеткізілімдері үшін маңызды логистикалық буын қызметін атқарып отыр.
Екі ел арасындағы ең ірі флагмандық бастама – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы. Бұл жоба технология трансферін, мамандарды даярлауды және оған қатысты салалардың дамуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізі Азия мен Еуропа арасындағы тасымалдардың 85%-ын қамтамасыз етеді.
Екі ел «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін бірлесіп дамытып жатыр, оның аясында шекарадағы 30 автокөлік өткізу пункті жаңғыртылуда. Сонымен қатар «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің шығыс тармағы да қарқын алып келеді. Ресей-Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы кеңейіп жатыр. Жол картасына сәйкес, бес жыл ішінде оның өткізу қабілеті жылына 20 миллион тоннаға дейін артпақ, – дейді сарапшы.
Тоқаевтың Ресейге сапары Оралда өткен XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумымен тұспа-тұс келді. Форумның басты тақырыбы – жұмысшы мамандықтары және олардың экономикалық өсімнің драйвері ретіндегі рөлі.
Бұл біздің ішкі саяси күн тәртібімізбен де үндес. Белгілі болғандай, Қазақстанда 2025 жыл –«Жұмысшы мамандықтар» жылы. Бұл екі елдің даму мүдделері мен міндеттері өте ұқсас екенін көрсетеді. Адам капиталының дамуы, жаңа типтегі экономика үшін жұмысшы және техникалық кадрларды даярлау – ортақ басымдықтар. Форум аясындағы секциялар өнеркәсіпке, энергетикаға, цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізуге арналды. Мұның бәрі біздің ортақ мақсаттарымыз бен ортақ сын-қатерлеріміз бар екенін айғақтайды, – дейді.
Сонымен қатар форум шеңберінде жастардың волонтерлік форумы, Қазақcтан-Ресей және Ресей-Қазақстан іскерлік кеңестерінің дәстүрлі отырыстары, келісімшарттар биржасы өтті. Форумға шекара маңындағы барлық қазақстандық өңірлер мен Ресейдің 80 субъектісінен бірнеше жүз делегат қатысты.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5-10 жылда Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастары конструктивті түрде дамуын жалғастырады. Қазақстан-Ресей арасындағы саяси диалог тұрақты әрі көпжақты ұйымдар деңгейінде бекем.
Саяси диалог тұрғысынан қарағанда, Қазақстан мен Ресей бірқатар халықаралық ұйымдар мен форматтардың құрамында бірге жұмыс істейді. Олардың ішінде сауда-экономикалық және әскери-саяси бағыттағы құрылымдар бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ – кең әрі бекем шарттық-құқықтық базаға негізделген ұйым. Сонымен қатар біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының да мүшесіміз. Бұл – екі ел арасындағы әскери-саяси және әскери-техникалық ынтымақтастықты да қамтамасыз етеді. Сондықтан алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ықпалдастыққа күмән тудыратындай факторлар болуы екіталай, – дейді ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің жетекшісі Жанар Төлендинова.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапары екі елдің Еуразия кеңістігінің өркендеуін бірге құрып келе жатқан сенімді одақтастар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.