Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың адамзат дамуына ықпалы туралы ой бөлісті. Ол цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін дұрыс әрі жауапты пайдалану – мемлекеттер үшін стратегиялық міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз, – деді президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары жасанды интеллектінің дамуына дүние жүзі бойынша бір триллион доллардан астам инвестиция құйылғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы онжылдықта бұл сала әлемдік экономикаға жеті триллион долларға дейін пайда әкелуі мүмкін.
Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Тоқаев.
Президент сөзінде Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке адалдығын еске салды.
Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды, – деді мемлекет басшысы.
Ол Қазақстанның БҰҰ аясындағы бастамаларды қолдайтынын және ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастыққа белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Қазақстанның цифрландыру саласындағы стратегиялық мақсатына тоқталды.
Мен биыл халыққа жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз, – деді президент.