Тоқаев жаңадан тағайындалған экология және табиғи ресурстар министрін қабылдады

6 Қыркүйек 2023, 11:51 727

Мемлекет басшысы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Президент Ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, сондай-ақ осы нысандардағы шығарындыларға мониторинг жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сондай-ақ  орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.

EL.KZ
Бөлісу: