Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізіп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент бес жыл бұрын, елде ауқымды реформалар басталған тарихи кезеңде құрылған агенттік өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сонымен қатар құқық қорғау органдары үшін технологиялық дамудың маңызына ерекше тоқталды.
Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, агенттік қызметіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект жүйесін жаппай енгізу – кезек күттірмейтін міндет.
Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін агенттік қызметіне жаппай енгізу – аса маңызды. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, заман талабына сай озық болу үшін құқық қорғау органдары дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуі қажет. Озық цифрлық технологиялар елдегі экономикалық жаңғыру үдерісін жеделдетуге де мүмкіндік береді.
Жиында мемлекет басшысы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды. Ол жуырда «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойғанын еске салды.
Бұл заңға сәйкес агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Сондықтан қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресу маңыздырақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келтірген деректерге сәйкес, 2023 жылы экономикалық қылмыстан келген шығын 325 млрд теңгені құраса, оның 16,5 пайызы ғана қайтарылған. 2024 жылы шығын көлемі 4,4 трлн теңгеге жетіп, қайтарым 5,5 пайызды ғана құраған. Ал 2025 жылы шығын көлемі 135 млрд теңгеге дейін азайып, оның шамамен 15 пайызы өтелген.
Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады, – деді президент.
Мемлекет басшысы қаржылық барлау қызметкерлеріне қойылатын моральдық талаптарға да тоқталды.
Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, нағыз патриотизм жауапкершілікке және адал еңбекке негізделуі тиіс. Қай салада қызмет атқарса да, әр азамат өз жұмысын сапалы атқарса, оны патриот деуге болады.
Мемлекет басшысы тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, бюджет қаражатын уақтылы игеруге кедергі келтірмеуі тиіс екенін ескертті. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау мәселесі де тұрақты назарда болуы қажет.