01.09.2025
11:21
466
Тоқаев ШЫҰ саммитінде: Көлік-транзит серіктестігі – басты басымдық

Тоқаев ШЫҰ саммитінде: Көлік-транзит серіктестігі – басты басымдық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекет басшысы Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.

Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын. Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды. Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек, – деді Президент.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.

Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін, – деді Президент.