Тоқаев: Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері

29 Қазан, 10:31 902

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух екі ел делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision-2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар қалыптасқанын еске салып, ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтарды екі ел үкіметтері уақтылы және сапалы жүзеге асыруы қажет деп санайды.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін моңғол спортшыларына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды.

Президент экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Қазақстандық туроператорлар моңғол туристеріне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан ежелгі Түркістан қаласын таныстыра алады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары тұрған Ұлытау облысын және басқа да туристік орындарды көрсетуге болады. Сондай-ақ біз Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделіміз, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның Қазақстанмен екіжақты байланыстардың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін растады.

Ол бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ұлан-Батыр Қазақстанның экономикалық даму тәжірибесіне ден қойып отыр. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға айрықша мән береді. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: