Тоқаев «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты

22 Ақпан, 00:48 1146

Президент ресми мінберден «Болашақтың ойындары» турнирінің салтанатты ашылу рәсімін тамашалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Владимир Путин жарысты ашық деп жариялады.

Қазақстан Президенті турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.

Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері киберспортшыларға ізгі тілектерін жолдады. Содан соң жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті.

«Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады.

Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрлері таныстырылды. Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламалары бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген.

Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша турнирге 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түседі. Жалпы бұл турнирге еліміздің 48 өкілі қатысады.

Перизат Саденова
Бөлісу: