Тоқаев: Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыру қажет

7 Ақпан, 11:38 768

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн, - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру қажет деп отыр.

Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, - деп атап өтті президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің, тым болмағанда, жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: