Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады

22 Қазан, 15:32 366

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берді:

– қаланың барлық экономикалық көрсеткіші бойынша оң динамика байқалады;

– биылғы 9 айда тартылған инвестиция көлемі 1 триллион 140 миллиард теңгені құраған. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға жоғары;

Сонымен қатар әкім жылыту маусымы жөнінде баяндады:

– былтыр «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын, «Тұран» газ жылу станциясы мен үшінші жылу электр орталығының бірінші кезеңдерін пайдалануға беру нәтижесінде қалада жылу қуаты алғаш рет артығымен өндіріле бастаған. Аталған нысандар Астананы 1100 Гкал/cағаттан астам жылу қуатымен қамтамасыз еткен;

– жыл соңына дейін «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Сол кезде шаһарға қосымша 250 Гкал/сағат жылу беріледі;

– қазір жалпы қуаты 970 Гкал/сағат болатын «Тельман» газ жылу станциясын салу және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясын жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр;

әлеуметтік нысандар (мектеп, қолжетімді баспана, медициналық мекемелер) салу, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерді аяқтау, тозығы жеткен апатты үйлерді бұзу жөнінде айтты:

– Астанада жаңа оқу жылына жоспарланған 24 мектептің 15-і пайдалануға берілген. Оның ішінде 9 білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген;

– жаңа жылға дейін 4,5 мыңға жуық орынды қамтамасыз ететін 6 студенттік жатақхана салу жоспарланған болатын. Бүгінде оның төртеуіне студенттер орналасқан;

– елордада 170-ке тарта аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 70-тен астам көше жөндеуден өткен. Сондай-ақ миллион түп ағаш пен жасыл желек егу жоспарланып отыр.

Президент елорданы одан әрі дамыту, көлік инфрақұрылымын нығайту және көріктендіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: