Тоқаев «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты

14 Ақпан 2023, 20:26 1381

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті. Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік, санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасы мен талабын ескере отырып салынған. Былтыр кәсіпорын сомасы 41 миллиард теңге болатын 7 мың тонна өсімдіктерді қорғайтын химиялық зат шығарған.

Сонымен қатар Степногорск қаласындағы компанияның аккредитациядан өткен халықаралық өндірістік-ғылыми зертханасы бар.

Кәсіпорынды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде баяндады. Президентке химия және өңдеу өнеркәсібі саласының, металлургияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің  жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында өндірілетін өнімдер көрмесін аралап көріп, ірі кәсіпорындардың басшыларымен өңір экономикасын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін және перспективаларын талқылады.

EL.KZ
Бөлісу: