«Мұзбалақ» – мақтанышымыз

13 Желтоқсан 2019, 16:24 7867

Қазақ киноөнімінің тағы бір жетістігі

Қазақ анимациясының абыройын асқақтатып жүрген шоқтығы биік туындылардың бірі – «Мұзбалақ». Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы режиссерлік еткен мультфильм жақында Израильде өткен Near Nazareth Festival кинофестивалінде «Үздік анимациялық фильм»» жүлдесін жеңіп алды. Қазақ аниматорлары үшін бұл жоғары жетістік.

Туындыға адам баласының бүркітті қолына үйретуі арқау болған. Фильм сценарийі адам мен құстың бір-біріне деген шын достығына негізделген. Ертеде адамдардың теріс әрекетінен жер астында айдаһарға айналып келе жатқан жылан оянып кетіп, жер бетіне шығады да, жан-жақтағы ауыл-аймақты жалмап, үлкен қауіп төндіреді. Аждаһаның кесірінен ұядағы балапанына келе жатқан залалды ауыздықтау үшін бүркіт абжыланмен алысып, жер астына қайта кіріп кетуіне сеп болады. Адам баласын жұтуға құштарланған абжылан айдаһарға айналу үшін күннің тұтылар сәтін асыға тосады. Шиеленіскен оқиға желісіне құрылған мультипикациялық өнім көрермендерді әр сәтті мүлт жібермеуге итермелейді.  

Қазаққа құсбегілік өнер етене жақын. Оның тарихы да тым тереңде жатыр. Қыран құсты қастерлеген халқымыз оның әр жасында белгілі есіммен атап отырған. Мәселен,  1  жас – балапан, 2 жас –  қан бүркіт, 3 жас – тірнек, 4 жас – тастүлек, 5 жас – мұзбалақ, 6 жас – көк түбіт  деп кете береді. Осы жастардың ішінде бүркіт үшін күші толысатын кез – 5 жас екен. Біздің туындыға ол атаудың берілуі де жай емес, – дейді Тілек Төлеуғазы.

Сонымен қатар, туындыда қазақ салт-дәстүрі ерекше көрініс береді. Шешендік сөздер мен тауып айтылған тіркестер жас ұрпақтың санасында жатталары даусыз.

Ұлтымыздың дәстүрінен хабар берер туынды түсіру туралы бұрыннан ойлап жүргенмін. Иә, саятшылық қазақтың делебесін қоздырып, қақаған қыста қар кештіретін керемет спорт түрі. Өзім құс баптап, қансонарда бүркіт салмасам да, бала кезімнен құсбегілікті біліп, көріп өстім. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде ата-бабасы осы ата кәсіппен айналысып келген Ұларбек Нұрғалым деген досым құсбегілік туралы керемет әңгімелер айтып беретін. Қазақтың қанында бар осындай өнерге деген қызығушылығым баяғыдан бетер өршелене түсті. Содан Алтайдың Шіңгіл деген мекеніне барып, бүркіт жайында жаз мезгілінде деректі фильм түсіргенмін. Кейінірек, 2014 жылы «Тастүлек» атты анимациялық фильм жасадық. Қазақы тірлікті, көшпенділер өмірін өрнектейтін 23 минуттық қысқа метражды анимациялық фильмге ойдағының барлығын сыйдыру мүмкін болмады. Іште «әттеген-айларымыз» қалғаны рас, – дейді режиссер Тұрдыбек Майдан.

Осы аралықта «Қазақфильмге» Бақыт Ғафуұлы басшы боп келген екен. Ол анимациялық бөлімге келіп, «Тастүлекті» көрген соң, оны толықметражды нұсқа етіп жалғастырғысы келетін режиссерлардың бастамасын бірден қолдайды. Жаңа кейіпкерлер мен экшн жанры қосылған «Мұзбалақ» барлығы екі жарым жыл ішінде дайын болады.

– Фильм жасау жұмыстары өте қарқынды жүрді. Біздің мүмкіндіктерімізбен 30 ай көлемінде осындай туынды жасау үлкен ерлік боп саналады. Күн сайын 12 сағаттан жұмыс жасағанымыз өзімізге аян. Менің бір өзім алты адамның жұмысын жасадым. Тілек те сонша адамның қызметін атқарып кетті, – деп еске алады Т.Майдан.

Бұл туындыға кинематографияның осы жанрында жұмыс жасап келе жатқан қырыққа жақын жергілікті мамандар күш салған. Ұзақтығы алпыс жеті минутқа жалғасатын мультфильм 2D, 3D форматында жасалып, әрбір секундынды 25-ке жуық кадр салыныпты. Ал кейіпкерлерді театр және кино актерлері (Е.Жарылқасынұлы, Ж.Тыныбаев, С.Қордабай, Е.Төлебаев, А.Әділқызы) дыбыстаған.

– Өткен жылы фильм 18-қазаннан бастап, Қазақстанның барлық кинотеaтрында қойылды. Жалпы алғанда 8-9 қалада жүрді. Оның прокатқа шығуына және жарнамасына тікелей «Қазақфильмнің» өзі араласты. Жиырма күндей көрермендерге қуаныш сыйлаған туынды өз қаржысын өтеп-өтемегенінен хабарым жоқ. Әйтеуір, прокатқа шыққан алғашқы жетіде-ақ, «Қазақфильмнің» бұған дейін шығарған барлық туындысынан асып түсті дегенді естідік, – дейді Т.Төлеуғазы.

Десе де, фильмнің прокаты үш аптаға ғана созылуына кінәлі – жарнаманың керекті деңгейде жүргізілмеуі болуы мүмкін дегенді алға тартады режиссерлер.

Бір білетініміз, мультификациялық өнім барлық қазақтың көңілінен шығып жатыр. Youtube.com желісіне екі ай бұрын салған «Мұзбалақты» көргендердің саны екі миллионға жақындап қалды. Бұл – қазақ тілді көрермендер арасындағы жақсы көрсеткіш деп білеміз, – дейді режиссер Т.Төлеуғазы.

Анимациялық фильмдерді жасау негізінде құрылған «Anyzfilm» киностудиясы «Мұзбалақтан» бөлек Ш.Айманов атындағы қазақфильм киностудиясының тапсырысымен «Тастүлек», «Бақыт жолында», «Иесі оралған мысық» сияқты бірқатар қысқаметражды анимациялық фильмдерді жасаған. «Мұзбалақ» болса, Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталып үлгеріпті.

Алыс-жақын шетелдердегі фестивальдерге қатысып келеміз. Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатыстық. Оның ішінде Францияда өткен «ANNECY» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінің кино нарығына қатысуы қазақ анимациясына бұрын-соңды болмаған жаңалық алып келді. Сонымен қатар Рессейдің Ярославль қаласында өткен 14 - кезекті «В кругу семьи» атты фестивальде «Әділқазылардың арнайы жүлдесі» марапатын жеңіп алдық, – дейді Тұрдыбек Майдан.

Сонымен қатар, «Мұзбалақ» осы жылдың 7-13 қазан аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған. Фестивальдің баспасөз баянында: «2D анимациясының таң қалдырарлық үлгісі. Disney және Pixar анимациялық кеңістігінен тыс жерде жасалған нағыз жаңалық» делінеді.

Қазір қазақ анимациясының деңгейі көтеріліп келеді. Оған барлық көрермендер куә шығар. Осы күнге дейін көптеген халықаралық деңгейдегі фильмдер жасалды. 2017 жылдың аяғы мен 2018 жылда екі толықметражды фильмнің өмірге келуі бұрын-соңды қазақ анимациясында болмаған жаңалық әкелді. Бізде талантты жастар бар. Осы саланы жоғары деңгейде әлемдік үрдіске ілесіп, техникалық мүмкіндіктерді қолдана отырып, жақсы жетістіктерге жеткізе алатын жас мамандар өсіп келеді. Десе де, бізге анимацияның өскелең ұрпаққа соншалықты қажет екенін түсіну жетіспей жатқандай көрінеді. Егер бұл саланы терең түсініп, айтарлықтай көңіл бөлер болсақ, жұлдызы жарқырайтын сәт алыс болмас еді. Сонымен қатар, осы саладағы білім мен біліктілігі толысқан педагогтардың жетіспеушілігі байқалатынын мойындауымыз керек, – деп аяқтады сөзін Т.Төлеуғазы.

(Суреттер Т.Төлеуғазының жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: