ТОП-5. Қазақстанның ең көрікті жеңіл атлетші қыздары

30 Қыркүйек 2017, 18:27 16248

Спорт және сұлулық

Ольга Сафронова – 100, 200 метр қашықтықта жүгіретін желаяқ қыз

25 жастағы жеңіл атлетші Павлодар қаласында дүниеге келген. Ол 100 және 200 метр қашықтықта бақ сынасатын жеңіл атлетші, сондай-ақ, төрт адамнан тұратын эстафеталық жүгіруге де қатыса береді. Ольга Қазақстанның бірнеше рет чемпионы атанған, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатында күміс еншілеген. 2016 жылы Рио-Де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

«Менің анам – жеңіл атлетші. Оның жаттықтырушысы көріп қалып, жүгіре алатынымды, осы спорттан жақсы нәтижеге қол жеткізетінімді бірден айтқан еді. Бірақ, жеңіл атлетикаға құрбымның шақыртуымен келдім. Тағы бір қызығы, спортшы жігітке тұрмысқа шықтым. Ол ұзындыққа секіретін спортшы. Біз өмірде де, спортта да біргеміз» деп сұхбат берген еді.

Юлия Рахманова – орта қышықтықта жүгіретін спортшы

Юлия 1991 жылдың 25 қазанында дүниеге келген. Ол құраманың үздік спортшыларының бірі болып табылады. 100, 200, 400 метр қашықтықта бақ сынайтын жеңіл атлетші Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Азия құрлығында да алдына жан салмай, алтыннан алқа таққан. Универсиада ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынын алтынмен толықтырған. Қазақстан Республикасының бірнеше рет рекордын жаңартқан Юлия халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиаданың қатысушысы. Ол Алматы қаласында Никитенко бапкердің қарамағында жаттығады.

Александра Романова – 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруші

Александра 1990 жылы Қарағанды облысында туған. Юрия Маштакова мен Александра Денсиколардың қарамағаныда жаттығу жасайды. Жеңіл атлетикамен 2003 жылдан бері айналысады. 2009 жылы Таиландтағы ашық чемпионатта жеңіске жетіп, сол жылы ІІ жастар спорттық ойындарында қоланы қанжығаға байлады. 2010 жылы Қазақстан біріншілігінде алтыннан алқа тақса, 2011 жылы елімізде өткен көктемгі турнирда алдына жан салмай, бірінші орыннан көрінді. Халықаралық Қосанов мемориалының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Азия ойындарының қола, Азия біріншілігінің күміс медаль иегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қарағанды мемлекеттік университетін тәмәмдаған.

Элина Михина – орта қашықтықта жүгіретін жеңіл атлетші

Ол 1994 жылы Риддер қаласында туған. 2009 жылы жалауы желбіреген жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 400 метр қашықтықта жүгіруден екінші орынды иеленсе,Ташкент қаласында өткен Орта Азия мемлекеттері арасындағы турнирде 400 метрде жеңімпаз атанды, ал эстафеталық сайыста күміске қол созды. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет биік тұғырдан көрінген. Элина сондай-ақ, евро-азиялық, Евразиялық ойындарда жүлдегер атанған. Өзінің сүйікті 400 метр қашықтықта Азия Гран-Приінде екі рет алтын иеленсе, бір рет күміс жүлдегері болды.

Соңғы уақыттары Элина Михина көптеген ірі турнирлерде Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүр. Ол төрткүл дүниенің студенттері бас қосатын Универсиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, өткен жылғы олимпиадада болашағынан мол үміт күттіретін спортшы екенін танытты. Елімізде әзірге 400 метр қашықтықта жүгіретіндер арасында оған шақ келетін қарсылас жоқ.

\

Әйгерім Шыназбекова – кедергілер арқылы 100 метрге жүгіретін спортшы

Қазақстан жеңіл атлетикасының болашақ жұлдыздарының бірі Әйгерім Алматы қаласының атынан сынға түседі. Ол кедергілер арқылы жүгіруді жөн көретін жеңіл атлетші. Осы қашықтықтағы Қазақстан құрамасының үздігі Анастасия Пилипенконың басты қарсыласы болып саналады. Осы жылы Азия Гран-Прриіне алғаш рет қатысып, өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ол құрама қоржынына бір-бір алтын мен қола медаль салды. 2016 жылғы Риода өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы.  

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: