ТОП-5: Қазақстанның қай қаласына туристер көп барды?

4 Қазан, 17:21 459

Қазақстан – Еуразиялық континенттің орталық бөлігінде орналасқан дамушы мемлекет. Оның негізгі бөлігі Азияда орналасса, кішігірім бөлігі еуропалық аумақты қамтиды. Қазақстанды «ашық аспан астындағы музей» деп жатады. Себебі елімізде көрікті жерлер мен тарихы бай қалалар жетіп артылады.

Қазақстан – небір кереметтерді кездестіруге болатын әлемдегі көлемі бойынша ең үлкен 9-мемлекеттің бірі. Біздің ел биік-биік таулар мен жазық дала, өзен-көлдер мен тарихи ескерткіштерге толы. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Қазақстанның ТОП-5 туристік қалаларын тізбектеп, ішкі туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сенсек, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында 3,5 миллион қазақстандық азамат шетел аспай, ел ішінде саяхаттаған көрінеді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп.

Айта кету керек, ішкі туризмді дамыту мақсатында министрлік тарапынан бірнеше бағдарлама іске қосылды. Мәселен, Kids Go Free бағдарламасы  қазақстандықтарға ел ішіндегі отбасылық демалыстарын тиімді өткізу мақсатында 2-мен 18 жас аралығындағы балаларға тегін ұшу мүмкіндігін сыйлайды. 

Бүгінде ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан ішінде саяхаттағандардың саны 3,4 млн адамға жетті деп отыр.

Осы орайда назарларыңызға ТОП-5 туристік қалаларды ұсынғымыз келеді.

Бесінші орын - Алматы облысының еншісінде. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысына 215 826 адам саяхаттады. Бұл аймақ  табиғатымен танымал. Мәселен, Шарын шатқалы, Қапшағай суқоймасы мен Алтын-Емел ұлттық саябағы және тағысын тағы. Жалпы Алматы облысы -  экотуризмді ұнататындар үшін қолайлы мекен.

Алматы облысы – Қазақстанның ең әдемі және бай табиғаты бар өңірлерінің бірі. Бұл аймақтың ландшафты әртүрлі: мұнда таулар, жазықтар, көлдер мен ормандар кездеседі. Оның көрікті жерлері табиғаттың әртүрлілігімен, тарихи және мәдени маңыздылығымен ерекшеленеді. Алматы облысы экотуризм мен демалыс үшін таптырмайтын орындардың бірі екені даусыз.

Алтын-Емел ұлттық табиғи паркі - Қазақстанның ең үлкен қорықтарының бірі. Ол көптеген бірегей табиғи ландшафттарымен бай. Оның ішінде ең танымал көрікті жерлердің бірі – Әнші құм. Бұл шамамен 3 шақырымға созылған құмды төбе. Ерекшелігі – желдің әсерінен құмдар сыбызғының дыбысын шығарады. Сол себепті бұл жер «әнші» аталған.

Сонымен қатар парктің аумағында ежелгі Бесшатыр қорғандары мен тасқа қашалған суреттер сақталған. Бұл аймақтар көне түркі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарих пен мәдениет туралы сыр шертеді.

Көлсай көлдері – Қазақстанның табиғи інжу-маржандарының бірі. Бұл - үш биік таулы көлден тұратын табиғи кешен. Көлдердің айналасын қалың орман жамылып, көз тартарлық көрініс ашылады. Көлсай көлдері Алатаудың бөктерінде, теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Олар демалушылар мен жаяу серуендеушілер үшін ең тартымды орындардың бірі болып саналады.

Көлсайға жол тартқан туристер Қайыңды көлін де тамашалай алады. Бұл көл ерекше табиғи құбылыстың нәтижесінде пайда болған деседі. Жер сілкінісі кезінде таудың бір бөлігі құлап, өзенді бөгеп, көл қалыптасқан көрінеді. Көлдің су астындағы ағаштардың қалдықтары су бетіне шығып, таңғажайып көрініс тудырады.

Сұлулығы көз сүйсіндірер жерлердің бірі - Шарын шатқалы. Ол – Қазақстанның ең танымал және таңғажайып табиғи ескерткіштерінің бірі. Оны жиі «Қазақтың Гранд Каньоны» деп жатады. Шатқалдың ұзындығы шамамен - 154 шақырым, ал ең терең жерлері 300 метрге жетеді. Шарын шатқалының ерекше ландшафты мен қызыл-қоңыр түсті жартастары оған әсерлі көрініс береді.

Шарын шатқалының ішіндегі ең танымал жер – «Қамалдар алқабы». Бұл алқап табиғи күштердің әсерінен пішіні қамалға ұқсайтын жартастардың тізбегімен ерекшеленеді. Бұл орын саяхатшылар үшін жаяу турлар мен табиғаттан ләззат алу үшін керемет мүмкіндік береді.

Тамғалы тас та – Алматы облысындағы археологиялық маңызға ие жерлердің бірі. Бұл аймақ тасқа қашалған суреттермен (петроглифтермен) танымал. Мұнда ежелгі адамдардың салған бейнелері, соның ішінде буддисттік суреттер сақталған. Тамғалы тастағы суреттер б.з.д. II мыңжылдыққа тиесілі және олар ежелгі мәдениеттің айқын дәлелдері болып табылады.

Тамғалы тас – қасиетті орын. Бұл жерде ертеде діни рәсімдер өткізілген деген мәліметтер бар. Қазіргі уақытта бұл жер ғылыми зерттеулер мен туристерді қызықтыратын орындардың бірі.

Алматы қаласынан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан Үлкен Алматы көлі – Алматы облысының ең танымал және көрікті жерлерінің бірі. Көл теңіз деңгейінен 2510 метр биіктікте орналасқан. Оны қоршаған таулар көлге ерекше әсемдік береді. Үлкен Алматы көлі таза, суы – мұздай таза. Сондықтан оның суы тіпті жаз айларының өзінде суық болады.

Бұл - көл көптеген турист пен фотографтар үшін нағыз магнит. Ол айналасындағы таулар мен аспанның айнадай шағылысып тұратын көкпеңбек суымен таң қалдырады. Сонымен қатар, көлден жоғары тауға көтерілгенде, көрініс одан да ғажайып бола түседі.

Алматы облысы - тау шаңғысы курорттарына бай аймақтардың бірі. Әсіресе Шымбұлақ Қазақстандағы ең танымал тау шаңғысы курорты болып табылады. Ол биік таулы Тянь-Шань жоталарында орналасқан және туристерге әртүрлі деңгейдегі шаңғы жолдарын ұсынады. Бұл жер жыл бойы жұмыс істейді. Сол себепті қысқы спорт түрлерін жақсы көретіндер үшін таптырмас орын. Қарсыз кезеңдерде Шымбұлақ серуендеу, альпинизм және велосипед турлары үшін қолайлы орынға айналады.

Алматы облысындағы тағы бір танымал курорт – Ақбұлақ. Мұнда шаңғы тебушілер мен сноубордшылар үшін арнайы жолдар, сондай-ақ қонақүйлер мен демалыс орындары бар.

Алматы облысы табиғаттың, тарих пен мәдениеттің байлығы арқасында туристер үшін тартымды аймақтардың бірі болып есептеледі. Әртүрлі ландшафттар, ғажайып көлдер мен таулар, археологиялық орындар мен ұлттық саябақтар бұл аймақты ерекше ажарландырады. Мұнда әр адам өзінің талғамына сай табиғаттың сұлулығынан ләззат ала алады.

4-орынға Ақмола облысы жайғасты. Ақмола облысына биыл 227 935 турист келіп, демалған. Саяхатшылардың көбі Бурабай курортты аймағын демалыс орны ретінде таңдаған болатын. Бұл бағдар өзен-көлдер, таулар мен ну ормандарымен тартымды. Бурабай белсенді демалыс үшін ғана емес, таза ауасы мен көркем пейзаждары сауығу процестерін тез жүргізеді.  

Ақмола облысы — Қазақстанның солтүстік бөлігінде орналасқан, табиғаты көркем, тарихы бай аймақ. Бұл өлке туристерге түрлі табиғи көрікті жерлерімен, тарихи ескерткіштерімен және ерекше мәдени мұрасымен танымал.

Бурабай ұлттық табиғи паркі — Қазақстанның ең танымал табиғи жерлерінің бірі. Оны жиі «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды. Мұнда биік таулар, көгілдір көлдер, жасыл ормандар мен таза ауа – барлығы бар. Әсіресе Бурабай көлінің айналасындағы «Жұмбақтас», «Оқжетпес» және «Абылай хан алаңы» сынды жерлер ерекше танымал.

Көкшетау — Ақмола облысының тағы бір табиғи інжу-маржаны. Мұнда табиғат сүйер қауымға арнап көптеген жаяу жүргінші жолдары бар. Көкшетау паркінің ең әдемі жерлері — Шортанды мен Зеренді көлдері. Бұл көлдердің жағасында демалыс базалары орналасқан. Онда жаз мезгілінде демалушылар табиғат аясында уақыт өткізеді.

Зеренді — Бурабайдың қасында орналасқан, бірақ туристерге аз танымал табиғи аймақ. Мұнда да әдемі көлдер, ормандар мен таулар жеткілікті. Зеренді көлінің жағалауында демалыс орындары мен туристік базалар бар. Бұл жер тыныштық пен жайлылық іздейтіндер үшін тамаша орын.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы — Ақмола облысындағы ең ірі қорықтардың бірі. Бұл қорықты мыңдаған құс әсіресе қызғылт фламинго мекендейді. Қорық табиғи өсімдіктер әлеміне де бай. Оны әсіресе табиғатты зерттеушілер мен фотографтар жоғары бағалайды.

Бурабайдағы тарихи-мәдени орын - Абылай хан алаңы. Мұнда Абылай ханның есіміне байланысты түрлі аңыздар мен тарихи оқиғалар сақталған. Алаңның дәл ортасында үлкен тас тұр, ол халық арасында қасиетті саналады. Бұл орын тарихи туризмді сүйетіндер үшін де ерекше мән-мағынаға ие.

Атансор көлі — туристер арасында аса танымал емес, бірақ өте әдемі табиғи жер. Көлдің айналасы орманды алқаптармен және түрлі жануарлармен бай. Атансор көлінің маңында серуендеуге немесе демалуға өте қолайлы жерлер бар.

Ақмола облысындағы тағы бір көркем аймақ — Макинск таулары. Бұл таулардың биіктігі аса жоғары емес. Бірақ табиғаттың ерекше әсемдігін көрсетеді. Тау етегінде көп мөлшерде өсімдіктер мен жануарлар әлемі бар. Сондықтан бұл жерге саяхатшылар мен табиғат зерттеушілері жиі келеді.

Ерейментау — Ақмола облысының шығыс бөлігінде орналасқан табиғи аймақ. Мұнда Ерейментау таулары және түрлі табиғи ескерткіштер бар. Бұл жер ежелгі тарихи және археологиялық олжаларға толы. Сондықтан бұл аймақтың туристік потенциалы жоғары деуге болады.

Ақмола облысының көрікті жерлерінің бірі ретінде Шағалалыны айтуға болады. Ол - балық аулау мен су спортын жақсы көретіндерге арналған тамаша орын. Мұнда су құстары мен сирек кездесетін өсімдіктерді көруге болады. Көлдер маңайында шағын ауылдар орналасқан. Бұл жерде жергілікті тұрғындардың мәдениетімен танысуға болады.

Ақмол мемориалдық кешені — саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған орын. Ол «Алжир» лагерінің орнында бой көтерген. Сондай-ақ Қазақстан тарихындағы қиын кезеңдерді еске алу үшін маңызды кешен болып саналады.

Ақмола облысы өзінің табиғи сұлулығымен әрі тарихи маңыздылығымен көптеген туристі баурап алатыны сөзсіз.

3-орында - Шымкент қаласы. Шымкент қаласы қонақжайлылығымен ерекшеленеді. Қаңтар-маусым айлары аралығында қалада 252 919 адам қонақ болған көрінеді.

Шымкент демалысқа арналған әртүрлі мүмкіндіктерді қарастырады. Тарихи, қасиетті жерлерден бастап, сауықтыруға арналған шипажайларға дейін, мәдени және спорттық іс-шараларды тамашалауға болады.

Шымкент – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, еліміздегі ең ірі және көне қалалардың бірі. 2200 жылдық тарихы бар бұл қала тек мәдени және экономикалық орталық қана емес, сонымен қатар өзінің әсем табиғаты мен тарихи ескерткіштерімен де танымал. Шымкенттің көрікті жерлерін бірнеше санатқа бөліп қарастыруға болады: тарихи, мәдени, табиғи және заманауи нысандар. Сайрам ауылы Шымкенттен небары 12 шақырым жерде орналасқан. Бұл ауылда Орталық Азияның атақты тұлғалары дүниеге келген деседі. Сайрам ауданының Сайрам ауылында әйгілі ислам ғұламасы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелері бар.

Мәдени орындардың бірі ретінде Шымкент циркін айтсақ болады. Цирк – қаланың көрнекті мәдени нысандарының бірі. Цирк өнерін бағалайтындар үшін арнайы салынған кешен. Мұнда жергілікті және шетелдік цирк әртістері өнер көрсетеді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы да көрнекті орындардың қатарында. Шымкенттің бай тарихы туралы толығырақ білуге мүмкіндік беретін орын. Музейде өлкенің тарихи және мәдени дамуын бейнелейтін жәдігерлер, оның ішінде археологиялық олжалар мен этнографиялық экспонаттар ұсынылған. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион да танымал қазақ палуаны Қажымұқанның құрметіне аталған. Спортты бағалайтын қала тұрғындары мен қонақтары үшін басты орындардың бірі.

Шымкентте табиғи көрікті жерлер де жетерлік. Қошқар ата өзені қаланың жүрегі саналады. Бұл өзеннің бастауы қала ортасынан басталады. Өзен жағалауы - жайлы демалыс үшін таптырмас орын. Абай саябағы да қаланың ең үлкен саябағы саналады. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Саябақта спорт алаңдары, ойын алаңдары мен демалыс орындары бар. Табиғат әуесқойлары үшін ерекше орын ретінде дендросаябақты айтуға болады. Бұл бақта сирек кездесетін өсімдіктер мен ағаштар түрлерін кездестіруге болады.

Шымкент қаласы - тарихи-мәдени мұраларға бай, табиғи әсемдікке толы және заманауи нысандарымен ерекшеленетін қала. Туристер мен қала қонақтары үшін қалада демалыс, білім алу және мәдени шаралардан ләззат алу мүмкіндіктері мол.

2-орынды Астана қаласы иеленді. Астана еліміздің әкімшілік қана емес, туристік орталығы ретінде 2024 жылдың алғашқы алты айында 677 218 қонақты қабылдады. Астана туристерді заманауи архитектуралық нысандары, мәдени іс-шаралары мен динамикалық дамуымен қызықтыруда.

Астана - Қазақстанның астанасы ғана емес, заманауи архитектура мен тарихи құндылықтарды үйлестірген ерекше қала. Оның көрікті жерлері қаланың даму динамикасы мен мәдени байлығын көрсетеді. Мұнда саяхаттаушылар үшін қызықты көптеген орын бар.

Мәселен, Бәйтерек монументі Астананың символы болып табылады. Ол қаланың жаңа келбетін көрсетеді. Биіктігі 97 метр болатын бұл құрылыс нысаны, қаланың 1997 жылы Қазақстанның астанасы болып бекітілгенін білдіреді. Монументтің жоғарғы бөлігіндегі алтын түсті шардан қалаға керемет көрініс ашылады.

Хан Шатыр сауда орталығы әлемдегі ең үлкен шатыр тәріздес құрылымдардың бірі ретінде көздің жауын алады. Бұл кешенде сауда орталықтары, мейрамханалар, кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтары орналасқан. Ғимараттың ерекше пішіні мен архитектурасы, оны тек қала тұрғындарына емес, туристерге де тартымды етеді.

Бейбітшілік пен келісім сарайы (Пирамида) 2006 жылы салынған. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу үшін арнайы тұрғызылған ғимарат. Пирамида пішіні Астананың діндер мен мәдениеттердің тоғысқан орталығы ретінде маңыздылығын айқындайды. Ішінде опера залы, конференц-залдар мен өнер галереялары орналасқан.

Тәуелсіздік сарайы - маңызды мемлекеттік іс-шаралар мен халықаралық конференциялар өтетін орын. Ол ерекше заманауи архитектурасы және ішіндегі көрме залдары, тарихи экспозицияларымен қызықты. Бұл жер елдің егемендігі мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналады.

Қазақ Елі монументін Қазақстан тәуелсіздігіне арналған тағы бір маңызды символ ретінде қарастыруға болады. 91 метр биіктіктегі бұл ескерткіш 1991 жылы еліміздің егемендік алған жылын бейнелейді. Монументтің айналасындағы алаң мерекелік іс-шаралар мен мемлекеттік мерейтойлар өткізу үшін қолданылады.

Астана Опера театры - классикалық өнер сүйер қауым үшін ерекше орын. 2013 жылы ашылған театр әлемдік деңгейдегі қойылымдар мен концерттер өткізуге арналған. Ғимараттың сәулеті еуропалық классикалық стильде жасалған, ал ішіндегі акустика мен сахналық жабдықтар заманауи талаптарға сай келеді.

EXPO-2017 кешені 2017 жылы Астанада өткен халықаралық EXPO көрмесі аясында салынған бұл кешен қаланың жаңа архитектуралық символына айналды. Әсіресе «Нұр Әлем» ғимараты ерекше назар аударады. Ол - диаметрі 80 метрлік алып сфера. Ғимараттың ішінде болашақтың энергия көздеріне арналған инновациялық көрмелер мен интерактивті экспозициялар орналасқан.

Президенттік саябақ – табиғатпен тынығу мен серуендеуге арналған тамаша орын. Саябақтың аумағы өте үлкен. Оның ішінде әртүрлі ағаштар мен өсімдіктер өсірілген. Сондай-ақ, саябақтан қаланың көптеген көрікті жерлеріне әдемі көрініс ашылады.

Нұр Астана мешіті – Астананың ең үлкен мешіттерінің бірі және қаланың рухани орталығы. Мешіттің алтын күмбездері мен мрамордан жасалған сәндік элементтері ерекше әсемдікке ие. Мешітке келген әрбір адам оның тыныштығы мен сұлулығынан рухани тыныштық табады.

Астана қаласының көрікті жерлері қаланың заманауи өмір салты мен бай тарихын көрсетеді. Бұл орындарды аралап шықан әр адам Қазақстан астанасының рухын сезіне алады.

1-орын - Алматы қаласы. Тау шаңғы курорты, әсем табиғат, жұмсақ климат және қонақжайлылық – мұның барлығы Алматы туралы айтылған. Алматы – Қазақстандағы танымал туристік бағдар болып табылады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қаланы 1 070 358 адам қонақтап келген-тін.

Алматы – Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі және мәдени, қаржылық әрі туристік орталығы. Ол табиғатының сұлулығы, тарихи ескерткіштері мен заманауи көрікті жерлерімен танымал. Мұнда әрбір турист таба алатын қызықты орындар көп. Алматының көрікті жерлері табиғи және архитектуралық көрнекі орындарға бөлінеді.

Медеу - әлемдегі ең биік орналасқан спорттық мұз айдыны. Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте жатыр. Мұнда халықаралық жарыстар өткізіліп, әлемдік рекордтар орнатылады. Қыста шаңғы тебуге және сырғанауға келгендер көп, ал жазда табиғат аясында серуендеуге болады.

Медеуден жоғары орналасқан Шымбұлақ - тау-шаңғы курорты ретінде танымал аймақ. Бұл жер қыста шаңғы және сноуборд тебуге, ал жазда жаяу серуендер мен демалыс үшін керемет. Шымбұлақ Алматының табиғи сұлулығын тамашалауға мүмкіндік береді.

Көктөбе – Алматының биіктік нүктелерінің бірі.  Қала панорамасын тамашалауға арналған керемет орын. Мұнда көптеген ойын-сауық орындары бар. Мәселен, дөңгелекті шолу, кафелер және ескерткіштер. Сонымен қатар, Көктөбе шыңына арқан жол арқылы жетуге болады. Ол жол бойы қаланың әсем көрінісін ұсынады.

Үлкен Алматы көлі – теңіз деңгейінен 2511 метр биіктікте орналасқан табиғи су қоймасы. Мұнда туристер жаяу серуендеуді, табиғатты тамашалауды және таза ауада демалғанды ұнатады.

Архитектуралық және мәдени орындар да қонақтар үшін қызықты.

Қазақстанның орталық мемлекеттік музейі – Алматыдағы ең ірі музейлердің бірі. Мұнда Қазақстанның бай тарихы, мәдениеті мен этнографиясы туралы қызықты экспонаттар бар. Орталық музей келушілерге ұлттық киімдер, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар және археологиялық олжаларды көрсетеді.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры – қаладағы көрнекті мәдени орын. Театр ғимаратының архитектурасы кеңестік классицизм стилінде салынған және қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейлі мәдени бағдарламаларды ұсынады.

Республика алаңында орналасқан Тәуелсіздік монументі – Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған ескерткіш. Монументтің орталығында көк аспанға ұмтылған барыс бейнеленген, ол елдің күшін және болашаққа деген сенімділігін білдіреді. Монумент - Алматының маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі.

Зенков соборы – Алматыдағы ерекше ағаштан салынған православиелік шіркеу. Собор 1907 жылы салынған шіркеу құрылысында бірде-бір шеге қолданылмаған көрінеді. Бұл ғимарат қаладағы ең көне және маңызды архитектуралық ескерткіш болуымен ерекшеленеді.

Айта берсең көп. Алматы – саяхатшылар үшін ерекше әсер қалдыратын, табиғат пен мәдениеттің үйлескен шаһары.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: