Қазақстанда соңғы жылдары инвестиция нарығы қарқынды өзгерістерге ұшырады. Акция алғысы келетін қарапайым азаматтарға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашылды. Цифрлық платформалардың дамуы, шетелдік қор нарықтарына тікелей қол жеткізу, жаңа қаржы құралдарының пайда болуы – барлығы да азаматтардың капиталын көбейтуге жол ашып отыр. Алайда, инвестиция мен трейдингке қызығушылық артқан сайын алаяқтық қаупі артқаны белгілі.
Қаржы сарапшысы Асель Аульбекова El.kz тілшісіне нарықтағы жаңа трендтерді, жаңадан бастаған инвесторлар мен трейдерлер жиі жіберетін қателіктерді, акция таңдаудағы басты қағидаларды және алдағы жылдардағы қазақстандық инвестиция секторының даму перспективаларын жан-жақты талдап берді.
El.kz: Қазақстандағы инвестиция саласында соңғы уақытта қандай өзгерістер болды? Қандай мүмкіндіктер ашылды? Жаңадан бастаған инвесторларға қандай кеңестер берер едіңіз? Инвестицияны қалай бастау керек?
Асель Аульбекова: Бүгінде жеке тұлғаларға инвестиция салуға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер жасалып отыр. Соның бір дәлелі – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан мобильді брокерлік қосымшалар. Бұрын акция не басқа бағалы қағаз алу үшін арнайы брокерлік компанияға барып, қағаз жүзінде өтініш толтыру керек болса, қазір бар болғаны бірнеше минут ішінде, үйден шықпай-ақ, кез келген қаржылық операцияны онлайн орындауға болады.
Freedom Broker, Paidax, Tabys Pro, Halyk Bank, BCC Bank сияқты платформалар қазақстандық нарыққа ғана емес, АҚШ қор биржасындағы қаржы құралдарына да еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, ITS халықаралық өтімділік орталығының арқасында алғаш рет AIX биржасында тіркелген ITSW және ITSS биржалық инвестициялық қорлары (ETF) қолжетімді бағамен саудаға шықты. Бұл – нарыққа енді қадам басқан инвесторлар үшін әртараптандырылған әрі тиімді қаржы құралдарының бірі саналады.
Инвестиция жолын енді бастағандар үшін басты қадам – мақсатты айқындап, соған сай стратегия жасау. Жай ғана ұнаған компанияның акциясын немесе облигациясын сатып алу – қаржылық тұрғыдан дұрыс шешім бола бермейді. Инвестицияға кіріспес бұрын жасыңызға, тәуекелге бейімділік деңгейіңізге және табыс көлеміңізге сай жеке стратегияны алдын ала құрып алған жөн.
El.kz: Трейдингті енді бастаған адамдар үшін қандай құралдар мен стратегияларды ұсынасыз? Қазақстанда трейдингпен айналысатын жас кәсіпкерлердің саны өсіп келе жатқанын байқайсыз ба? Бұл трендтің артында қандай себептер жатыр? Қандай қателіктер трейдерлер арасында жиі кездеседі және оларды қалай болдырмауға болады?
Асель Аульбекова: Трейдингке қадам басқан адам ең алдымен бұл саланы қысқа мерзімде меңгеруге болмайтынын түсінуі керек. Бұл – бір-екі күндік онлайн курс арқылы толық игерілетін бағыт емес. Қаржы нарығының жұмыс принциптерін, компанияларды жан-жақты талдау тәсілдерін, тәуекелді басқару әдістерін жүйелі түрде үйрену қажет.
Саудаға алғаш кіріскенде жоғалтуға дайын шағын капиталдан бастаған жөн. Сол аз қаражатпен сауда жасап, алғашқы маржин-колды сезінгенде эмоция мен психологиялық фактордың қаншалықты маңызды рөл атқаратыны айқын байқалады. Кейде осы алғашқы шығындар трейдингтің өзіңізге сәйкес келмейтінін ұғындыруы мүмкін. Себебі бұл қызмет түрі – жоғары тәуекелді, әрі ұзақ мерзімді инвестицияға қарағанда компанияны зерттеуге, нарықты талдауға және шешім қабылдауға әлдеқайда көп уақыт пен күш талап етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда трейдингке қызығушылық танытатын жастардың саны күрт өсті. Бұған екі негізгі фактор ықпал етті: біріншісі – мобильді қосымшалар арқылы қаржы нарығына оңай қол жеткізу; екіншісі – әлеуметтік желілердегі контент. Көптеген блогерлер мен инфлюенсерлер өз тәжірибесін бөлісіп, трейдингті таныстырады. Дегенмен, кейбірі оны тез байытатын құрал ретінде көрсеткенімен, шын мәнінде бұл – үздіксіз назар аударуды қажет ететін, күрделі және жауапкершілігі жоғары жұмыс.
Жаңадан бастағандар жиі жіберетін қателіктердің қатарында артық левереджді (қарыз қаражатты) пайдалану бар. Левередж табысты арттыруы мүмкін, бірақ шығынды да еселеп көбейтеді. Сондықтан бастапқы кезеңде оны қолданбаған жөн. Тағы бір кең таралған қате – нақты стратегиясыз сауда жасау. Көпшілік алдын ала жоспар құрмай, эмоцияға еріп мәмілелер жасайды, бұл тұрақсыз нәтижеге алып келеді.
Сонымен бірге, трейдерлер арасында жиі кездесетін тағы бір қателік – трендке кеш қосылу. Яғни, көпшілік сатып алып жатқан активті дәл сол сәтте сатып алып, кейін баға түскенде шығынға ұшырау. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін сауда жоспарын алдын ала құрып, тәртіпті сақтау қажет. Ең бастысы – бір мәмілеге жалпы капиталыңыздың 1–2 пайызынан артық қаражат салмау қағидасын қатаң ұстану керек.
El.kz: Қазіргі кезде трейдинг курстарын сататын алаяқтар көбейіп барады. Шын мәнінде трейдинг курстарын қалай таңдау керек?
Асель Аульбекова: Соңғы уақытта трейдинг курстарын сатып, жалған уәделермен адамдарды алдап жүргендер көбейіп барады. Әсіресе әлеуметтік желілерде «бір айда миллион табасыз» деген сияқты шындыққа жанаспайтын жарнамалар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сапалы әрі шынайы трейдинг курсын таңдау үшін бірнеше маңызды жайтқа мән беру керек.
Біріншіден, курс авторының кім екенін және оның нақты тәжірибесін анықтаған жөн. Ол шынымен қаржы нарығында сауда жасай ма, әлде тек курстан пайда табумен айналыса ма — осыны нақтылап алу маңызды.
Екіншіден, оқу бағдарламасының мазмұнын мұқият зерттеңіз. Сапалы курс тек сауда техникасын емес, тәуекелді басқару, капиталды сақтау және трейдер психологиясы секілді маңызды тақырыптарды да қамтуы қажет.
Үшіншіден, курстан өткен адамдардың пікірлерін тыңдап, олардың шынайы нәтижелерін сұраған дұрыс. Бұл оқу материалының тиімділігін бағалауға көмектеседі.
Төртіншіден, «күніне бір сағат сауда жасап, тез арада байып кетесіз» деп уәде ететіндерден бойды аулақ ұстаңыз. Өйткені трейдинг — ұзақ мерзімді білім мен үздіксіз тәжірибені, тұрақты назар мен шыдамдылықты қажет ететін күрделі процесс.
El.kz: Қазақстан қор нарығындағы ТОП-10 ірі және өтімді акцияны атап, әрқайсысына қысқаша сипаттама беріп, неге оларды таңдауға болатынын түсіндіріп өтсеңіз.
Асель Аульбекова: Қазақстанның қаржы нарығында, әсіресе KASE (Қазақстан қор биржасы) алаңында, Index KASE деп аталатын репрезентативті акциялар тізімі бар. Бұл индекс құрамына қазіргі таңда еліміздің нарықтық капитализациясы жоғары 10 компания кіреді. Олардың қатарында: Air Astana, Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Kcell, KEGOC, ҚазМұнайГаз, Kaspi.kz, Қазатомпром, Қазақтелеком және ҚазТрансОйл бар. Бұл компаниялар Қазақстан экономикасының түрлі салаларын қамтып, қаржы нарығында тұрақты сұранысқа ие.
El.kz: Сіз қандай жағдайда акция сатып алу немесе сатудан бас тартуға кеңес берер едіңіз?
Асель Аульбекова: Біріншіден, «хайп» пен алыпқашпа трендтердің жетегіне ермеңіз. Акцияны тек «бәрі сатып алып жатыр» деген себеппен алу – қауіпті шешім. Эмоцияға берілген мәмілелердің басым бөлігі қаржылық шығынға соқтырады.
Екіншіден, егер нарықтағы жағдай айқын болмай, компания акциясының бағасына елеулі ықпал етуі мүмкін маңызды оқиғалар күтілсе (мысалы, сот процесінің нәтижесі, жаңа заңның күшіне енуі немесе қаржылық есептің жариялануы), сол ақпараттың шыққанын күту – ең қауіпсіз қадам. Бұл асығыс әрекеттерден сақтап, тәуекелді төмендетеді.
Үшіншіден, егер сату немесе сатып алу сіздің жалпы инвестициялық жоспарыңызға және тәуекелге төзімділік деңгейіңізге сай келмесе, ондай мәміледен бас тартқан дұрыс. Ең табысты инвестор – өзінің стратегиясына берік, жоспарынан ауытқымайтын инвестор.
El.kz: Алдағы 5-10 жылда Қазақстанда инвестиция саласындағы қандай өзгерістерді көруге болады?
Асель Аульбекова: Біріншіден, алдағы жылдары капитал нарығының ашықтығы мен қолжетімділігі айтарлықтай артады. Қазірдің өзінде KASE және AIX алаңдары арқылы шетелдік инвесторлар келе бастады, ал заманауи цифрлық платформалар жеке адамдарға әлемдік қаржы нарықтарына тікелей шығуға жол ашуда.
Екіншіден, қаржы құралдарының түрі көбейеді. Бұрын біз акция мен облигацияны ғана білсек, алдағы уақытта исламдық қаржы өнімдері, жасыл облигациялар, сондай-ақ стартаптарға краудфандинг арқылы инвестициялау сияқты бағыттар кеңінен дамуы мүмкін.
Үшіншіден, инвестициялық мәдениет қалыптасу кезеңіне өтеді. Қазіргі таңда көпшілік қысқа мерзімді табысқа ұмтылады, алайда 5–10 жылдан соң халықтың айтарлықтай бөлігі зейнетақы қорын, баланың білім қорын немесе жеке қаржы резервін ұзақ мерзімге жоспарлап жинай бастайды.
Бұл — менің ең үлкен армандарымның бірі. Тойда бір үстелде отырған он екі адамның жартысы қаржылық пирамидаларға алданып жүргендер емес, керісінше ұзақ мерзімді капитал қалыптастырып жүрген шынайы инвесторлар болса деймін. Яғни инвестиция кәсіби трейдерлердің ғана жұмысы емес, қарапайым халықтың да күнделікті қаржы өмірінің маңызды бөлігіне айналса деп тілеймін.
El.kz: Акция сатып алу кезінде қандай негізгі факторларға назар аудару керек? Компанияның қаржылық жағдайы, дивидендтер, нарықтағы орны мен болашағы ма?
Асель Аульбекова: Біріншіден, компанияның қаржылық жағдайына назар аудару керек: табысы, қарыз мөлшері, тиімділігі және ақшалай ағымдары. Егер ұйым тұрақты түрде пайда көрсетіп, қарыз деңгейін бақылауда ұстап отырса – бұл инвестор үшін оң белгі.
Екіншіден, егер сізге пассивті кіріс маңызды болса, компанияның дивиденд төлеу тарихын зерттеңіз. Дегенмен, дивиденд беретін ұйым әрдайым ең тиімді инвестиция бола бермейді, сондықтан бұл факторды басқа көрсеткіштермен бірге бағалау қажет.
Үшіншіден, компанияның нарықтағы орны да маңызды: ол өз саласында көшбасшы ма, әлде нарыққа енді ғана қадам басқан ойыншы ма – осыны анықтап алу керек.
Төртіншіден, ұйымның болашағы мен даму стратегиясын зерттеңіз. Қандай жобалар іске асырылып жатыр, жаңа технологиялар мен нарықтарға инвестиция салынуда ма, компания салалық трендтерге бейімделе ала ма – мұның бәрі ұзақ мерзімді инвестиция үшін шешуші рөл атқарады.
Сондай-ақ, жалпы нарық жағдайы мен тәуекелдерді ескеру қажет: саланың даму перспективасы, макроэкономикалық ахуал, валюта бағамының ықпалы – мұның бәрі инвестицияның табыстылығына тікелей әсер етеді.
El.kz: Сізге қай акциялар түрі ұнайды: тұрақты дивиденд төлейтін, өсім әлеуеті жоғары немесе қысқа мерзімде көп пайда әкелетін акциялар ма?
Асель Аульбекова: Менде бірнеше инвестициялық портфель бар. Оның бірі – менің жеке зейнетақы портфелім, екіншісі – екі қызымның атынан құрылған портфельдер, ал бірнешеуі – кез келген адам көре алатын ашық портфельдер. Әр портфельдің стратегиясы әртүрлі болғандықтан, олардың құрамындағы қаржы құралдары да өзгеше.
Дегенмен, мен үшін ең тартымдысы – ұзақ мерзімді перспективасы жоғары компаниялардың акциялары. Мұндай компаниялар тұрақты дамуға, нарықтағы орнын нығайтуға және уақыт өте инвесторға сенімді табыс әкелуге қабілетті.
El.kz: Қазақстандағы қаржы нарығында инвесторлар үшін қандай қауіптер бар? Әсіресе жаңадан бастағандар қандай кедергілерге тап болады?
Асель Аульбекова: Біздің ең үлкен мәселелердің бірі – валюта бағамының тұрақсыздығы. Мысалы, сіз теңгемен акция сатып алып, жыл соңында 20% табыс тапсаңыз да, оны долларға айырбастағанда кірісіңіз айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Айталық, инвестор 470 000 теңгеге акция сатып алды (ол кезде 1 доллар = 470 теңге еді). Бір жылдан кейін акция құны 564 000 теңгеге жетті, бірақ доллар бағамы 540 теңгеге өсті. Нәтижесінде, бастапқы 1 000 доллардың үстіне небәрі 44 доллар ғана қосылды. Бұл, әрине, депозиттегі 1% табыстан (шамамен 10 доллар) жоғары, бірақ валюта бағамының өзгерісі табыстың басым бөлігін «жеп қояды». Ал экономикада доллар бағамы өскен сайын, өмір сүру құны да бірге көтеріледі. Сондықтан инвестицияны теңгемен ғана емес, АҚШ долларында да жүргізу маңызды.
Екінші мәселе – қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Көптеген жаңа инвесторлар нарықтың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбей, эмоцияға беріліп шешім қабылдайды. Мұндай қадамдар көбіне шығынға әкеледі.
Үшінші мәселе – қаржы нарығының жоғары тәуекел деңгейі. Акциялар, валюталық нарық, туынды қаржы құралдары – бұлардың барлығы дұрыс білім мен тәжірибе болмаған жағдайда, табыспен қатар елеулі шығын да әкелуі мүмкін.
Тағы бір маңызды қауіп – алаяқтық және қаржы пирамидалары. Соңғы жылдары «инвестиция» деген атаумен түрлі алдау схемалары көбейді. Жаңадан бастағандар көбіне оларды ажырата алмай, нәтижесінде миллиондаған теңгесінен айырылып қалып жатады.
El.kz: Әлеуметтік желілер мен басқа платформаларда өздерін инвестиция саласының сарапшысы ретінде көрсететін алаяқтар туралы не айтуға болады? Оларды қалай айырып, сенімді маманды қалай таңдаймыз?
Асель Аульбекова: Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде өзін инвестиция саласының маманы етіп таныстырып, жұртты алдап жүргендердің саны айтарлықтай өсті. Өкінішке орай, елімізде мұндай жағдайда азаматтарды қорғаудың нақты әрі тиімді жүйесі қалыптаспаған.
Осыған байланысты біз QAMS бастамасы аясында, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен, арнайы White List («Ақ тізім») жобасын іске қосуды қолға алдық. Бұл тізімге енгізілу үшін менторлар мен сарапшылар арнайы аккредитациядан өтіп, өз білімін ғана емес, практикалық тәжірибесін де дәлелдеуі тиіс болады.
Бұл қадам инвестиция саласында сенімді ақпарат пен тәжірибе алғысы келетін азаматтарды белгілі бір деңгейде қорғайды деп үміттенеміз. Ал әзірге, бұған дейін ескерткенімдей, кез келген сарапшыны таңдауда өзіңіз жан-жақты тексеру жүргізгеніңіз абзал.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!